Жас зияткерлер өзара бақ сынады

Әлемге кеңінен таралған шахмат ойынымен тұрақты айналысушылар қатары көп. Бұл ретте, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде зияткерлік ойындар кеңінен насихатталып келеді. Жыл сайын 20 шілдеде «Халықаралық шахмат күні» тойланады. Айтулы күнге байланысты жасөспірімдер арасында шахматтан Тереңөзек кенті біріншілігі тұңғыш рет спорттық-зияткерлік орталығында өткізілген болатын.
Екі күнге созылған біріншілік барысында жас шахматшылар өзара бақ сынады. Ойы ұшқыр зияткерлер бір-бірінің жүрісін бағамдап, жүйрік болуға талпынды. Жаттықтырушының нұсқауы бойынша арнайы әдіс-тәсіл ұйымдастырған жас шахматшылар қатарластарынан оза шапты. Бәсекенің көркін қыздырған оларға шахмат ойынының үздіктері жайында мол мағлұмат берілді. Әлемдік аренада қазақ спортшыларының өзіндік орны бар екені, зор жетістікке жету жолында үздіксіз ізденіс керектігі айтылды. Сонымен бірге жарысқа белгілі бапкерлер Білімжан Елеусінов пен Мұхтар Әбжаппаров төрелік жасады.

Тереңөзек кенті біріншілігінің жабылу салтанатына Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, ардагер-шахматшы Бақтыбай Матыбаев қатысып, балғын спортшыларға ақжарма тілегін арнады. Жарыс қорытындысы бойынша 8 жасқа дейінгі шахматшылар арасында І орынды Санжар Рахметов, ІІ орынды Нұржігіт Нұрым, ІІІ орынды Нұрәділ Боранбай иеленді. Ал 8 жастан жоғары балалар арасында І орынды Төрехан Тоқшылық, ІІ орынды Нұрәлі Сайлаубайұлы, ІІІ орынды Айым Төлетаева иемденді. Өз кезегінде біріншілік жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы диплом табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ