Спортшылар биік белесті бағындыруда
Еліміздің әнұраны өзге мемлекетте ел Президенті іс-сапармен барғанда немесе спортшы жеңіс тұғырынан көрінген кезде шырқалады. Міне, осындай биік дәрежеге жету жолында шағандық спортшылар жан аямай жаттығып келеді. Шағандағы аудандық №12 балалар мен жасөспірімдер мектебінде 13 спорт түрі бойынша 30 жаттықтырушы қызмет етеді. Қазіргі таңда спорт мектебінің жанынан Ақжарма, Нағи Ілиясов, Шіркейлі, Қоғалыкөл, Бесарық елді мекендерінен 5 филиал тұрақты жұмыс жасайды. Спортпен шұғылданатын бала саны 950-ге жетсе, оның ішінде 327 шағандық өрен бар.
Ауылдың тыныс-тіршілігін көзімізбен көрген біздер №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арнайы бардық. Бокс залында 30-ға жуық бала жаттығып жатыр екен. Жаттықтырушының әрбір нұсқауын бұлжытпай орындаған балғын спортшылардың көзінде жеңіске жетуге деген жігер оты көрінеді. Бокспен қатар ауыл балалары волейбол, дзюдо, еркін күрес, үстел теннисі, таеквондо, футбол, белбеу күресі, панкратион, самбо, шахмат, қазақ күресі секілді спорт түрлерімен үздіксіз жаттығып келеді. Айта кету керек, Ақтау қаласында грэплинг спортынан өткізілген Қазақстан чемпионатында Мағжан Кеңес екінші, Айсұлтан Батырбек үшінші орынға қол жеткізді. Ал шахматтан 4, грэплингтен 1 спорт шеберлігіне үміткер бар.
– Ел намысын қорғайтын спортшыларды өз ісінің мамандары жаттықтырады. Халықаралық дәрежеде саңлақтарымыз бақ сынасып жүр. Біз қашанда дара шыққан дарабоздарымызбен мақтанамыз. Спорт мектебі тарапынан жүйелі жұмыс жасалуда. Мысалы, біраз уақыт бұрын бокс жарыстарын ұйымдастыруға арналған арнайы ринг сатып алдық. Сонымен бірге ауылдағы спорт кешенін жөндеуден өткіздік, – дейді №12 балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Досхан Асылбекұлы.
Өткен жылы ауылдағы балалар белбеу күресімен айналыса бастапты. Алдағы уақытта үлкен қалаларда бақ сынауға ниетті жастар баршылық. Әлем елдерінде атой салып, олимп шыңына жетуге ұмтылған даңқты саңлақтар ауылдан шығатыны мәлім. Ендеше, болашақта Шаған ауылының өрендері жеңіс жолында жарқырай бермек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ