Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СПОРТҚА ҚҰЛШЫНЫС ЖОҒАРЫ

СПОРТҚА ҚҰЛШЫНЫС ЖОҒАРЫ

Соңғы жылдары ауданның спорт саласында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық жарыстардан жүл­делі оралуда. Сонымен бірге, бірқатар елді мекеннен жаңадан спорттық нысандар ашылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.
Елбасы “Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі” деген болатын.
Қазіргі таңда аудан бойынша 530 дене шынықтыру және спорт үйірмесі жұмыс жасайды. Оның ішінде, қазақ күресі, самбо, шағын футбол, көкпар, дзюдо, тоғыз­құмалақ, волейбол, баскетбол, қол добы, шахмат, дойбы, футбол, үстел теннисі, бокс, еркін күрес, көгалдағы хоккей, таеквандо, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, гір спортына қатысушылардың саны жыл санап көбейіп келеді.
Жалпы, аудан бойынша оқушылар мен тұрғындарды қоса есептегенде 10 992 спортшы жүйелі түрде спортпен айналысуда және бұл аудан халқының 28,03%-ін құ­райды.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 55 дене шы­нықтыру және спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 6487 қатысушы тартылды. Кент және ауылдық деңгейде 35 жарыс өтсе, аудандық және аудандық ашық деңгейде 15 жарыс ұйымдастырылды. Сонымен бірге, облыстық және облыстық ашық деңгейде 4 жарыс, республикалық деңгейде 1 жарыс өтті.
Айта кету керек, былтырғы жылы Ақжарма ауылында жаңадан спорттық сауықтыру кешені салынып, пай­далануға берілді. Мұнан бұрын осындай нысан Тереңөзек кентінен, Н.Ілиясов және Шаған ауылынан ашылған болатын.

«ТТ»ақпарат
14 мамыр 2019 ж. 848 0