«Барыстың» бағыты айқын
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барыс» клубы елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты тұрақты біріншілік алдындағы оқу-жаттығу жиынын кейінге шегеруге мәжбүр. Сонымен қатар тамыз айына жоспарланған дәстүрлі Президент кубогы өтпейтін болды,– деп хабарлайды egemen.kz.
Жуырда қазақстандық БАҚ елдегі жағдайға байланысты «Барыс» тұрақты біріншіліктің биылғы маусымына қатыса алмай қалуы әбден мүмкін екенін хабарлаған. Десе де ҚХЛ президенті Алексей Морозов елорда командасы турнирге қатысуға ниетті екенін жеткізді. Ал клуб баспасөз қызметі елдегі қатаңдатылған карантин шарасы 2 тамызға дейін созылған соң «Барыс» маусым алдындағы жаттығу жиынын 3 тамызға ауыстырғанын хабарлады. Демек команда жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырса, ҚХЛ-дың биылғы маусымына қатысады деген сөз. Қазір Юрий Михайлис басшылығындағы команда маусым алдындағы дайындығын қалай өткіземіз деп бас қатырып жатқанда, клубтың жазғы трансферіне шолу жасап көрейік.
Биылғы біріншілік пандемияға байланысты межелеген уақытынан бұрын аяқталғаннан кейін, «Барыс» сапынан команданы өрге сүйреген бірнеше ойыншы командадан кетті. Атап айтқанда, бас бапкер Андрей Скабелкадан бастап, қақпашы Эдди Паскуале, тасқамал қорғаушы Атте Охтамаа, өткен маусымда «Барыстың» ең үздік шабуылшысы атанған Корбэн Найт пен тағы бір тәжірибелі шабуылшы Ииро Пакаринен алдағы маусымда ҚХЛ-дың өзге командаларында өнер көрсететін болды.
Сондай-ақ қазақстандық команданың сапынан кеткендер арасында өз жерлестеріміз Мадияр Ыбырайбеков, Дамир Рысбаев, Максим Семенов, Талғат Жайлауов және канадалық Дастин Бойд сынды ойыншылар бар. Отандастарымыздың арасындағы ең тәжірибелісі Максим Семенов пен Талғат Жайлауов екені даусыз.
ҚХЛ-дың жаңа маусымы басталуына шамамен бір жарым айға жуық уақыт қалды. Ал «Барыс» әлі трансфер базарында белсенді емес. Дегенмен жоғарыда клубтан кеткен ойыншылардың орнын басады деген үмітпен шеттен үш хоккейші келісімшартқа отырды. Мәселен, өткен айда клуб құрамы финляндиялық қақпашы Йони Ортио және швециялық шабуылшы Якоб Лильямен толықты. Сонымен қатар канадалық шабуылшы Мэтт Фрэттин де карьерасын Нұр-Сұлтанның «Барысында» жалғастыратын болды.
Енді осы үш хоккейшінің өткен маусымдардағы статистикасына зер салып көрейік. 26 жастағы Якоб Лилья былтырғы маусымда Ұлттық хоккей лигасының «Коламбус» клубында 37 матч өткізіп, небәрі 5 ұпай жинаған. Қақпашы Йони Ортио Швейцарияның «Цюрих» клубының қақпасын 29 матчта қорғап, орта есеппен әр ойында 2 шайба өткізіп алған. Сондай-ақ 91,7% қақпаға бағытталған соққыны қайтара білген. Ал Мэтт Фрэттин былтырғы маусымды «Ақ Барстың» сапында өткізіп, 60 кездесуден кейін 33 (11 гол+22 пас) ұпай жинаған.
Міне, «Барыстың» былтыр команданы жоғары орынға сүйреген хоккейшілердің орнын басады деген ойыншыларының нәтижесі. Команда үшін қаншалықты тиімді трансфер болғанын алдағы маусымның еншісіне қалдырдық. Енді бір жарым айдың ішінде «Барыс» жаңа ойыншы алады дегенге сену қиын. Өйткені пандемияға байланысты клубтың қаржылық жағдайы өткен жылмен салыстырғанда аса мәз емес. Оның үстіне клуб тізгінін қолына алған бас жаттықтырушы Юрий Михайлис өзінің бір сұхбатында жастарға сенім артатынын айтқан еді. Бәлкім, алдағы уақытта «Барыстың» жастар командасы саналатын «Номад» және «Снежные Барсы» құрамында өнер көрсеткен жас хоккейшілер ҚХЛ-да бақ сынауы да ғажап емес.
Айтпақшы осыдан бірер күн бұрын «Барыстың» бас менеджері Вячеслав Белан AllHockey.ru басылымына сұхбат беріп, клубтың алға қойған мақсаты әрдайым жоғары орыннан көріну керек екенін айтыпты. «Клубтың басты мақсаты – Гагарин кубогының плей-офф кезеңіне дейін жету. Мүмкіндігінше былтырғы жетістігімізден жоғары нәтиже көрсету», депті ол.