Турнир тартысты өтті
Кент ардагері Абылай Әшірбеков ата-анасын еске алып, аудандық «Достық» үйінде бильярдтан кент ардагерлері арасында турнир ұйымдастырды. Турнирдің ашылуында кент ардагерлер кеңесінің төрғасы Муса Келдібаев құттықтау сөз сөйлеп, мұндай игі шараның бірінші рет ұйымдастырылып отырғандығын атап өтіп, бұл жастарға үрдісті үлгі екендігін айтты.
Әшірбек Бектенбайұлы 1888-1968 жылдар аралығында Тереңөзек топырағында өмір сүрген. Саналы ғұмырында «Қызылорақ» колхозында қарапайым колхозшы болған. Абылайдың анасы Зүбәйра Әйкелқызы қосағымен бірге «Қызылорақта» қолхозшы болып жұмыс жасаған. Ата-анасының бірінің пәниден бақиға озғанына биыл 50 жыл болса, екіншісіне – 30 жыл. Сүйегі асыл ата-аналарын еске алып, кентішілік турнир ұйымдастыруы Абекеңнің перзенттік парызы. Турнирге 16 ардагер спортшы қатысты.Одан 8 спортшы ширек финалға шықты. Бұл сайыстан оза шапқан 4 спортшы ақтық кезеңде кездесті. Тартысты бәсекеде аудан чемпионы Әнуар Қарсақбаев жүлделі І орынды жеңіп алды. ІІ орын майталман бильярдшы Бақтыбай Мәтібаевқа бұйырды. Жүлделі екі ІІІ орынды Рахымберді Райымов пен Зайдағали Жүсіпбайұлы өзара бөлісті. Турнирді ұйымдастыруға кент ардагерлер кеңесі мен А.Әшірбековтың отбасы атсалысты. Қарашаңырақта отырған Абылай аға мен Ұлбике апаның отбасы өсіп-өнген әулет. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан оншақты балдай тәтті немерелер және бір шөбере сүйіп отыр. Отанасы Ұлбике Сұлтанқызы ұлағатты ұстаз.
Түскі үзіліс кезінде ардагер спортшыларға Әшірбековтер отбасында дастархан жайылып, әруақтарға Құран бағышталды.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ