Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Трансфузиялық көмекті ұйымдастырудың маңыздылығы жоғары

Трансфузиялық көмекті ұйымдастырудың маңыздылығы жоғары

Өмір мен өлім таразыға тартылған сәтте адам жанына араша түсетін жанның бірі – трансфузиология кабинеті медбикесі екені даусыз. Қашанда қан қорын жасақтап, кез келген жағдайда ауыр хәлдегі науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге ұмтылатын бұл сала маманына асқан жауапкершілік жүктеледі.

Шұғыл әрекетті талап ететін медбикенің еңбегі қашан да ауыр. Науқастарға трансфузиялық көмек көрсетіп жүрген әріптесіміз Күнсұлу Жұбанова бұл салада мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Ол облыстық қан орталығымен үнемі тығыз байланыс орнатып, әр қан тобы бойынша қажетті қордың жеткізілуін қамтамасыз етіп келеді.

Күнсұлу Кеңесбайқызы – 1969 жылы Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. Ол қан өнімдерін тасымалдау, есепке алу және сақтау, сұранысқа сәйкес бөлімшелерге уақытылы жеткізу, сондай-ақ олардың ұтымды пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізу жұмысын жоғары жауапкершілікпен атқарады.

Білікті маман 1988–2007 жылдары аудандық аурухананың «Хирургия» бөлімшесінде қызмет еткен. Ал соңғы 18 жыл бойы трансфузиология кабинетінің жұмысын жүйелі жолға қойып, оның дамуына зор үлес қосып келеді. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана ауыр жарақат алған, көп қан жоғалтқан науқастардың өмірін сақтап қалу үшін әрдайым дәрігерлерге алғашқы көмегін береді.

Қазіргі таңда аудандық аурухана базасында қан қоры жеткілікті. Атап айтқанда, 7 доза қан және 8 литр плазма сақтаулы. Бұл – өз ісіне адал, тынымсыз еңбектің нәтижесі екені сөзсіз.


Сырдария аудандық ауруханасының баспасөз қызметі

30 желтоқсан 2025 ж. 45 0