Кеселмен күресте осалдық кешірілмейді

Негізінен, сыбайлас жемқорлықтың түрлері өте көп саналады. Оған пара алу мен беру, қызмет бабын асыра пайдалану, бюджет қаражатын жымқыру, тендерлік шарттарды бұзу секілді көптеген фактор жатқызылады. Мұндай әрекеттердің салдары – экономикалық құлдырау, әлеуметтік теңсіздік, халықтың билікке деген сенімінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Қазіргі уақытта ауданға қарасты мәдениет саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты кешенді іс-шара жүргізіп келеді.
Жалпы Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 34 мекеме бар. Өз кезегінде 16 мәдениет үйі мен клубта, 1 мәдени демалыс кешен, 17 кітапханада жемқорлық салдарынан орын алатын келеңсіздіктерді болдырмауға байланысты жан-жақты жұмыс жасалуда. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйі жанындағы комплаенс офицерінің жұмысын жандандыру үшін бірнеше маңызды қадам мен іс-шара қабылданды. Жыл басынан бері көпшілікке бейнероликтер көрсетіліп, мектеп оқушылары арасында байқау, түсіндірме және ішкі талдау жұмысы ұйымдастырылды. Халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, ашықтық пен есеп берушілікті нығайту – басты назарда. Бөлім басшы ретінде сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмауға байланысты жоспарлы жұмыспен танысып отырамын. Сырдария ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырыстарында аталған тақырыпқа қатысты бөлім тарапынан атқарылған жұмыс баяндалып отырады.
Жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Әрбір азамат адалдықты, әділдікті басты құндылық ретінде қабылдап, өз ортасында заң мен тәртіпті сақтау үшін әрекет етуі тиіс. Қоғамдағы жемқорлықты тоқтату баршамыздың ортақ парызымыз саналады.
Анар ҚАЛДЫБАЕВА,
аудандық мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ