Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮЙІТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮЙІТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ



Ауыл көшелері тозды. Оларды жөндеуді созбалаңға салуға болмайды. Бұл аудандық мәслихат депутаттарының тұрақты кеңес отырысында атқарушы билікке айтқан уәждері. Халық қалаулылары ауыл тұрғындарының аманатын арқалап жүргендіктен халықтың мұң-мұқтажын орындауға міндетті. Жыл сайын алдын-ала жоспарлау бойынша сметалық құжаттар негізінде жол жөндеу, жарықтандыру, т.б. жұмыстарды қаржыландыру жүргізіледі. Жауапты қызметті ауылдық округ әкімдіктері жүргізіп, құзырлы органға жобаларын әзірлеп, ұсынады.

Тендер өтіп, қаржыландыру жүргізіліп, жеңімпаз мердігер жұмысты атқарады. Оның сапалы жүргізілуін жұмысшы топ қадағалайды. Бұл бұлжымас қағида. Дегенмен, аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында талқыланатын мәселе барысында айтылған олқылықтар атқарылатын жұмыстың сапасына қатысты болып, тиісті бөлім басшылығына жетті. Енді оның орындалуын депутаттар қадағалайтын болады. Қазір түйінді мәселеге қаражат бөлудің жолы оңай емес. Мұны бәрі біледі. Құжат сөйлейтін кезеңде, оның сапалы дайындалғаны ғана өтімді болады. Сондықтан жыл барысында аудандық бюджетке енгізілетін өзгерістерге депутаттардың шұқшия қарауы заңдылық. Алдымен, тұрақты кеңестің отырысында талқыланатын мәселелер бойынша өз ой-пікірлерін білдірген депутаттардың арасында Б.Қадіров ауыл мектебіне баратын жолды «жоқ» деуге болатынын, себебі автокөлік жолы кезінде ауыл тұрғындарының күшімен тегістеліп қойылғанын, жалпы асфальттың, жаяу жүргінші жолының, жарықтың жоқ екенін айтып, уақыт оздырмай қаражат бөлуді сұрады.
– Жаңа мектептің берілгеніне 3 жыл болды. Содан бері Атақаев көшесінде жол жоқ. Жауын-шашын күндері оқушылар батпақ кешсе, көлік жолымен жүретін балаға қауіп төнеді. Тас қараңғы көшенің жағдайын айтып жүрміз. Нәтижесі қашан болады? – деді Б.Қадіров.
Осындай жағдай өзге ауылдарда да бар. Ақжарма ауылының депутаты М.Бисенов бүгінде ауылда электр желілерін түгелдей ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, кейбір келеңсіздіктерден хабардар етті. Яғни, тұтынушы ретінде электр желілері тұрғын үйлерге дейін жеткізіліп берілгенімен, шаруашылыққа тиесілі ғимараттар мұндай мүмкіндіктен тыс қалған. Бұл мәселе қосымша зерттеуді, мүмкіндігінше оң шешілуін сұраған депутат М.Бисенов ауылға кіре-беріс жолға (400-500 метр) күрделі жөндеу жұмыстары қажет екенін айтты.
Негізгі мәселеге көшкен кезектен тыс 21 сессияның төрағасы О.Сейітмұрат хабарлама жасау үшін сөзді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Жүсіпбековаға берді. Бөлім басшысы «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №153 шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлады. Өзгерістерге сәйкес облыстық бюджеттен бөлінген қаржының басым бөлігі білім саласын цифрландыруға тиесілі. Мұнан басқа оқу әдістемелік құралдарды сатып алуға, ауданның 90 жылдығына орай өтетін іс-шараларға бөлінген.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы М.Омаров үстіміздегі жылдың 25 наурызда №8 «Шіркейлі» сайлау округі бойынша босаған депутаттың орнына өткен сайлау қорытындысын таныстырды. Тіркелген 3 кандидаттың арасында сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берген С.Сұлтанов аталмыш округ бойынша депутат болып сайланғанын айтты. Жаңадан сайланған депутатқа куәлік пен төсбелгісін тапсырды. Өз кезегінде С.Сұлтанов халық қалаулысы ретінде халыққа адал қызмет етуге, сенім білдіргендерге алғысын айтты.
Кезектен тыс 21 сессияға депутаттардан басқа аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов, бөлім басшылары мен мәслихаттың жауапты қызметкерлері қатысты.

Б.ЖАНӘЛІ
07 сәуір 2018 ж. 1 186 0