Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАМУЫ КЕЛІСТІ АУЫЛДЫ КӨРДІ

ДАМУЫ КЕЛІСТІ АУЫЛДЫ КӨРДІ


Жақында республикадағы үлгілі ауыл­дардың бірі Н.Ілиясов елді-мекеніне ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары В.Божко, мәжіліс депутаттары К.Абсаритов, Б.Кесебаева сапармен келіп, көрікті ауылды көрді. Құрметті меймандармен бірге облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық «Нұр Отан» партия­сы облыстық филиал төрағасының орынбасары, Қызылорда қалалық мәслихат депутаты Е.Байтілес бірге жүрді. Ауылға келген қонақтарды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып қарсы алып, әлеуметтік нысандарды аралатты.
Алдымен, құрметті меймандар ауыл орта­лығындағы мәдениет үйіне бас сұқты. Мұнда елді мекеннің мәдени дамуына атсалысып жүрген қызметкерлермен кездесіп, рухани ошақты аралап көрді. Мұнан кейін Тағзым алаңына барып, Отан үшін жан берген нағилық батырлар рухына тағзым жасады. Ал заманауи талаптарға сай салынған спорт кешенінде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары В.Божко дзюдо шеберлерімен тілдесіп, ауылда спортты қарқынды дамыту көк байрағымыздың көкте қалықтауына септігін тигізетінін айтты. Спорт кешені жанындағы аяқ допшыларға арналған жасыл алаңда да болып, ауылда спорттың дамуына жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. Мұнан кейін қонақтар ауыл мешітіне, өткен жылы қолданысқа берілген ауыл әкімдігіне, «Әсем» сауда үйіне де арнайы барды. Сапар барысында ауданның, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова таныстырды. В.Божко бастаған меймандар ауданда, ауылда атқарылған оң істерге ризашылығын білдірді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
03 сәуір 2018 ж. 1 088 0