Жұмыссыздық – өзекті мәселе
Халықтың әлеуметтік хал-ахуалының деңгейі тұрмысымен, тұрақты табысымен және жұмысымен өлшенеді. Дегенмен мұндай өлшемді бағамдайтын статистикалық мәліметтің нақты деректен алшақтығы жер мен көктей екені рас. Бұл жайында ел Президенті «цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді» деп атап өтті.
Халықтың жалпы тұрмыс-тіршілігін күнделікті күнкөрісін көріп, жеке дара анықтаса әлдеқайда шынайы ақпаратқа көз жеткізесіз. Қоғамды алаңдататын кедейшілік пен жұмыссыздық мәселесі қаншалықты ушығып тұрғанын көп отбасын алаңдатып отырған жетіспеушіліктің өзі дәлел бола алады.
Халықтың жалпы тұрмыс-тіршілігін күнделікті күнкөрісін көріп, жеке дара анықтаса әлдеқайда шынайы ақпаратқа көз жеткізесіз. Қоғамды алаңдататын кедейшілік пен жұмыссыздық мәселесі қаншалықты ушығып тұрғанын көп отбасын алаңдатып отырған жетіспеушіліктің өзі дәлел бола алады.
Жұмыссыздық тығырыққа тіремесін
Бұрынғының адамдары «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш боламын деп ойламайды» деп айтушы еді. Шын мәнінде елдегі әлеуметтік ахуал сын көтермейді. Күн сайын азық-түліктің қымбаттап бара жатқандығымен қатар, жұмыссыздық – мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселе. Тұрақты жұмыстың жоқтығы әлеуметтік ахуалдың төмен деңгейін көрсетеді. Табысы шәй пұлынан аспайтын отбасыларда күнкөрістің қамымен күй кешіп отырғандары қаншама?! Тығырыққа тіреліп, екі қолға бір жұмыс таппай сенделіп жүргендер де көп. Ал Президент айтқандай «Жаңа Қазақстанды» құрудың негізгі қадамы ең алдымен кедейшілік пен жұмыссыздықты жоюдан бастау алуы тиіс. Халықтың күйін түзейтін жаққа бағытталған бағдарламалар әзірленіп, жуық арада олқылықтардың орны толмаса, бүгінгі күнімізден де айрылып қалуымыз мүмкін.
«Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Бұл – əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет» деді Мемлекет басшысы.
«Соқырға таяқ ұстатқандай» бәрін егжей-тегжей баяндап, Үкіметке тапсырма берген Президент әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуды талап етті. Бұл – мәселе біздің де өңірге қатысты. Жалпы жұмыссыздық бүйірден соққанда одан шығар амал қандай? Бос сөз бен статистикалық мәлімет жұмыссыздықты жоюдың құралы емес екеніне көпшіліктің көзі жеткен.
Айталық, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары берген мәліметке сәйкес, жыл басынан бері ауданда жұмыссыздар саны 1090 адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі – 5,1 пайыз. Соның ішінде, ер азаматтар 358 болса, әйелдердің үлесі – 732. 29 жасқа дейінгі жастардың саны 271 адамды құрады.
Әрине бұл жоғарыда атап өткеніміздей статистикалық мәлімет. Нақты есептің мұнан да асып түсетіні мәлім. Дегенмен жұмыссыздық тығырыққа тірегенде кез келген азамат жұмыспен қамту орталығына барып, тіркелеуі қажет. Бұл мемлекет алдындағы маңызды мәселені шешу жолы мен әлеуметтік ахуалды сараптауға, тиісті бағдарламаны қабылдауға қажет мәлімет. Тиісті мекемеге тіркелмей жүргендер елдегі маргиналдардың санын арттырады. Қоғамның немқұрайлы, өмірде бағдарын жоғалтқан адамдардың санын көбейтумен қатар, жағымсыз әрекеттерге бой алдырады. Салдарынан бос жүруді әдетке айналдырып, қиыншылықтан шығудың жолын теріс әрекеттерден іздейді. Ал бұл өз кезегінде сананың улануына және тұрақсыздыққа әкелетіні анық.
Жұмыссыздықтан шығудың жолы қандай?
Жұмыссыздықпен көбіне бетпе-бет келетіндерді анықтасақ, олар ең алдымен жастар. Оқуын оқып, қолына диплом алғаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс таппай, сұранысы жоқ мамандық алғанына өкінетіндер. Мұндай жағдайдан шығудың жолы – екінші мамандық алып немесе қайта даярлау курстарынан өтіп, қолынан келетін іспен айналысу. Сонымен қатар ауылдағы жастардың жұмыссыз жүріп, салдарынан қалаға ағылып, сондағы өмірге бейімделіп, жұмыс табамын дегенше уақытша жұмыссыз атанатындар да баршылық. Олар аз уақыттан бастап жылдап жұмыссыз жүріп қалуы мүмкін. Табыс көзі болмағандықтан маргиналдыққа әкелетін әрекет.
Расында қайткен күнде бір жұмысқа басын тығып алуды мақсат ететіндер уақытша болса да табыс көзін табады. Ал ауылда қалалық жерге қарағанда жұмыс көзі шектеулі. Бюджеттік мекемелердегі санаулы орындар жеткіліксіз болғандықтан, шаруашылықпен айналысып, кәсіпкерлікке ден қоятындар көп жағдайда өзін-өзі қамтығандар болып жұмыссыздықты ығыстырады.
Жақында сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Серік Шәпкенов ведомство алға қойған міндеттерді іске асыруға кіріскенін мәлімдеді. Соның алғашқы қадамы Әлеуметтік кодексті уақытылы қабылдау екені айтты.
«Қазіргі уақытта Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу жүргізілуде. Оны 2022 жылғы желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Әлеуметтік кодексті қабылдау азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін бір жүйеге келтіруге; мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін нақтылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодексті қабылдау халықтың мемлекет жүргізіп отырған әділ әлеуметтік саясатты түсінуін жақсартады және біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің сапасын арттырады деп болжануда» деген еді министр.
Ең бастысы, министр жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. «Қазіргі уақытта министрлік жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда. Бұл – «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Аталған жобаларды күшейту үшін жастардың қатысу мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады» деген болатын министр.
Сонымен қатар тұрақты жұмыс орындарын құру шарттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту саналатынын атап өтті. Соған орай жеке ісін дамытуға арналған грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке яғни 612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Бағыты айқын бағдарлама
Мемлекет тарапынан Ұлттық жоба қабылданғаны белгілі. Бұл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба деп аталады. Жобаның бірінші бағыты бойынша кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсаты көзделген. Оның міндетіне өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасалады. Ол үшін биылғы жылы ауданда «Бизнес бастау» курсына 235 адамды оқыту жоспарланғанын айту керек. Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікті қолдау және кәсіпкерлердің қабілетіне қарай дағдыларды дамыту бағдарламаның екінші міндеті саналады.
– Ауданда жұмыспен қамту орталығы арқылы биылғы жылдың 1 сәуіріне «Жастар тәжірибесіне» 20 жас жастар практикасына жолданды. Сонымен қатар «Әлеуметтік жұмыс орындарына» ұйымдастырылған 7 мекемеге әлеуметтік жұмыс орындарымен 17 адам қамтылды. «Қоғамдық жұмыстарға» да барлығы 189 адам жіберілді. Қоғамдық жұмысқа негізінен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы аналар, жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тартылды. Биыл енгізілген «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 10 жас маманды жолдау жоспарланса, «Ұрпақтар сабақтастығы» бағытымен 3 жұмыссыз жұмыспен қамтылады. Ұлттық жобаның екінші бағыты – кәсіпкерлердің өсуін акселерациялау деп аталады. «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойынша 235 адамға грант тағайындау жоспарға енді, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Әбдіманап Батталов.
Түйін. Қазір адамдардың барлығына жақсы, табысы жоғары жұмыс керек. Бұл – жайлы өмір сүру үшін жасалатын тіршілік. Бір басын ғана емес, отбасын, бала-шағасының болашағы үшін жан бағу. Десек те айқын мақсатың болмаса, тапшылық етегіңнен алады. Оның ақыры жұмыссыздыққа әкеледі. Сондықтан мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларға аса мән беріп, оның тиімділігін бағамдап, нақты әрекетке тырмысу – жұмыссыз қалмаудың кепілі болмақ.
Бибісара ЖАНӘЛІ