Депутаттар ауыл аралап, тұрғындармен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов бастаған аудандық мәслихат депутаттары ауылдық округтерді аралады. Төрт топқа бөлінген депутаттар ауыл әкімдіктері мен мәдениет үйлерінде халықпен кездесіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдап, атқарылып жатқан және алдағы уақытта іске асатын жұмыстар жөнінде пікірлесті. Жиналыстарға ауыл әкімдері, ауылдағы мекеме басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар және тұрғындар қатысты.
Депутаттардың жұмыс сапары аудан орталығынан ең шалғай орналасқан ауылдардың бірі Айдарлыдан басталды. Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді және Бесарық ауылдарындағы кездесуді «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Еркебұлан Жақып ашып, жүргізіп отырды.
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары кеңінен қамтылды. Сондай-ақ, бұл жолғы Жолдау Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында жарияланғандықтан бәріміз үшін маңызды. Осы ретте, аудандық мәслихат депутаттары ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесіп, ауыл активімен пікірлесу және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды нақтылау мақсатында сіздермен кездесіп отыр» деп бастады жиналысты Еркебұлан Төлепбергенұлы.
Мұнан кейін аудандық мәслихат депутаты Зейнұр Жаманқұлов сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары, оның ішінде аудандық мәслихат сессияларында қаралған мәселелер мен қабылданған шешімдер жөнінде ақпарат берді. Депутат бүгінгі күнге дейін аудандық мәслихатта 9 сессия өткенін, оның үшеуі кезекті, қалған алтауы заңдылыққа және аудан әкімінің ұсынысына сәйкес шақырылған кезектен тыс сессиялар екенін атап өтті.
«Аудандық мәслихат сессиялары ашықтық пен жариялылық қағидаты бойынша тікелей эфир арқылы өткізілуде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Есепті мерзімде өткен 9 сессияда барлығы 82 шешім қабылданды. 41 шешім жалпыға бірдей маңызы бар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болғандықтан әділет органдарынан тіркеуден өтті. Мұнан бөлек, 7 рет тұрақты комиссия отырыстары ұйымдастырылды» деген Зейнұр Қайраддинұлы аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 10 наурызда өткен кезекті 4-сессиясында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының атқарған жұмыстары кеңінен талқыланғанын, депутаттар тарапынан карантиндік талаптарды күшейту мәселесіне қатысты өткір ұсыныстар айтылғанын, соған сәйкес тиісті шешімдер қабылданғанын жеткізді.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева биылғы мәслихат депутаттарының сайлауы жылдағыдан өзгеше өткенін тілге тиек етті.
«Бұрын депутаттар белгілі бір округ бойынша сайланса, биылдан бастап партиялық тізім негізінде депутаттық мандат иеленді. Бұрын депутаттарда жеке сайлауалды бағдарлама болса, қазір депутаттық мандат иелері өздері мүше болып табылатын партияның сайлауалды бағдарламасын басшылыққа алып жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда Сырдария аудандық мәслихатының 12 депутатының 10-ы «Nur Otan» партиясының, 2-і «Ауыл» партиясының мүшелері. Депутаттардың ортақ міндеті – сайлаушылардың сенімін ақтау және ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына үлес қосу болып табылады» деген Анар Сраждинқызы аудандық мәслихат сессияларында көтерілген мәселелер жөнінде мағлұмат берді. Депутат аудандық білім бөлімінің пандемия кезеңіндегі қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру технологияларын іске асыруы және атқарған жұмыстары жөніндегі мәселе кезекті сессияның күн тәртібіне шығарылып, кеңінен талқыланғанына тоқталды. Мұнан бөлек, ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өміріне қатысты пікірін білдіріп, Жолдауда Президент айқындап берген тапсырмаларды жүзеге асыруға әрбір азамат атсалысуы қажеттігін жеткізді.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде аудандық мәслихат депутаты Роза Урынбаева Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы ашықтық, жариялылық қағидатын ұстану қажеттігіне ерекше назар аударып, Үкімет мүшелеріне, Сенат, Мәжіліс депутаттарына, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер мен депутаттарға халыққа жақын болуды тапсырды. Осы орайда, аудандық мәслихат депутаттарының барлығында «Facebok» әлеуметтік желісінде жеке парақша бар екенін айтқым келеді. Яғни, кез келген тұрғын өзінің сауалын жолдап, қабылдауға жазылып, депутатқа ұсыныс айта алады. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асып жатқанының нақты көрінісі» деді Роза Бұрханқызы.
Депутаттардың хабарламалары тыңдалғаннан кейін ұсыныс-пікірге кезек берілді. Айдарлыда еңбек ардагері, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Күләш Есенбаева ауданның, ауылдық әлеуметтік-экономикалық дамуына көңілі толатынын айтып, ауыл тұрғындарының атынан депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі. Ал Жетікөлде ауыл тұрғыны Е.Балхожаев қала мен ауыл арасын жалғайтын автокөлік жолы жөндеуді қажет ететінін айтып, соған қаржы бөлуге ықпал етуді сұраса, К.Сейтпанова депутаттардың атқарған жұмыстарын жоғары бағалады. Аманкелдіде ауыл тұрғыны З.Аманжолова ауылды газдандыру, ауылішілік көшелерді жөндеу, ауылдық мәдениет үйіне от жағушы штатын бөлу мәселелерін көтерді. Ал Ғ.Бұрханов ауылдағы спорт мектебінің жабық тұратынына наразылық білдіріп, осы мәселе реттелсе деген ұсынысын білдірді. Аманкелділік еңбек ардагері Н.Құдайбергенов ауыл жастарының тәлім-тәрбиесі жөнінде сөз қозғап, жастарға рухани-патриоттық білім беретін видеороликтер көрсетуді ұсынды. Ауыл тұрғыны К.Күнтуарова ауылды газдандыру мәселесін көтеріп, сексеуілге салынатын айыппұлдарды жеңілдетуге қатысты пікір білдірді.
Бесарықта еңбек ардагері О.Сейтмұратов жөндеуді қажет ететін ауылішілік көшелерге қатысты жоба-сметалық құжаттар туралы сұрақ жолдап, жауап алды. Жиналысқа қатысушы депутаттар Е.Жақып, З.Жаманқұлов, А.Қалдыбаева, Р.Урынбаева және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Н.Омаров, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлхарнаев, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Е.Жорабек тұрғындар тарапынан айтылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, аудандық мәслихаттың алдағы сессияларында ескерілетінін, заң аясында шешімдер қабылданатын, заңдылыққа сәйкес мәселелердің шешілуіне ұсыныстар енгізілетінін айтты. Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Г.Божан жиналыстар арнайы хаттамаланып, атқарушы органға ұсынылатынын жеткізді.
Қалжан ахун, С.Сейфулин, А.Тоқмағамбетов ауылдарында ұйымдастырылған кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары С.Әбжәлиев, Б.Есназар, Ж.Ембергенов, А.Ибрагимұлы және аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Г.Еспенбетова, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров қатысты. Үш ауылда өткен жиналысты аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар ашып, жүргізіп отырды.
«Аудандық мәслихаттың VII шақырылымдағы депутаттық корпусының атқарып жатқан жұмысы жергілікті тұрғындардың көз алдында. Халықпен кездесу – депутаттардың міндеті болса, депутаттар тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, мәслихат сессияларында өздеріне жүктелген міндетке сай ұсыныстар айтып, мәселелердің шешілуіне өз үлестерін қосып келеді. Осы жолы ұйымдастырылып отырған кездесулердің де ауданымыз үшін тиімділігі мол болмақ. Төрт топқа бөлінген халық қалаулылары тағы да тұрғындармен бірге екенін көрсетіп, ауыл аралап, ұсыныс-пікір жинап, оны іске асыру мақсатын алға қойып отыр. Бұл жұмыс жүйесі Жолдауда Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтармен толықтай үндеседі» деді Бағдат Есназар.
Жиналыста аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов Президент тапсырмалары атқарылатын жұмыстардың басты негізі екенін атап өтті.
«Дәстүрге айналған Жолдауларда еліміздің алдағы стратегиялық бағыт-бағдары мен даму жоспарлары кеңінен қамтылып келеді. Ал Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 30 жылдық айтулы мерейтойы қарсаңында және әлем елдерін алаңдатқан қауіпті пандемия кезеңінде жариялаған биылғы Жол-дауының мәні мен маңызы тіптен ерекше. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының тақырыбының өзі Қазақстандағы қоғам дамуының жаңаша басым бағыттарын белгілеп, бүгінгі күнге дейінгі алған асуларымыз бен бағындырған белестеріміздің іргесін бекемдеуде береке-бірліктің, ырыс-ынтымақтың, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз қажеттігін аңғартады. Президент өз Жолдауында «Бюджет кірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бірінші кезекте шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек» деді. Бұл ретте, ауданда бюджет кірісін арттыру, яғни инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтуіміз қажет» деді Ержан Ертарғынұлы.
Аудандық мәслихат хатшысы аудандық мәслихат сессиялары және онда көтерілген мәселелер және депутаттардың ұсынысымен оң шешімі табылған жұмыстар жөнінде айтты. Жергілікті атқарушы органмен бірлесе атқарылған жұмыстар туралы мағлұмат беріп, елімізде қабылданған саяси реформалардың тиімділігін түсіндірді.
«Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Халық үніне құлақ асу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, проблемаларын шұғыл шешу Заңмен де белгіленді. Азаматтық қоғамды дамытуды, ашықтық пен жариялылықты қолдауды көздейтінін Мемлекет басшысы бұған дейін де бірнеше рет атап өтті. Соның айқын дәлелі Президенттің бастамасымен биыл елімізде, оның ішінде біздің ауданымыздағы үш ауылда ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Бұрын ауыл әкімдері депутаттардың дауыс беруімен қызметке кіріссе, енді жергілікті халықтың дауыс беруімен, яғни қолдауымен сайланады. Бұл олардың халық алдындағы жауапкершілігін көтеріп, қабылдайтын шешімдерін түзеуіне, жергілікті билік жұмысының халыққа етене жақын болуына әсер етері сөзсіз. Президент Жолдауында соңғы екі жылда елді саяси жаңғырту мақсатында нақты жұмыстар атқарылғанын айтты. Оны еліміздегі елеулі өзгерістерден де анық аңғаруға болады. Мысалы, митингт өткізу үшін алдын ала ескерту қағидаты жазылған жаңа Заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Осы ретте, саяси жаңғырту жұмыстары ауданымызда да жүргізіліп жатқанын атап өтуіміз қажет. Бұрын аудандық мәслихат депутаттарының бәрі «Nur Otan» партиясының мүшелері болса, биылдан бастап «Ауыл» партиясының мүшелері де аудандық мәслихаттан депутаттық мандат иеленді. Мәслихат сессияларында депутаттардың депутаттық сауал қоюына, ұсыныс-пікір айтуына, өз ойын ашық жеткізуге барлық мүмкіндік жасалуда» деді аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаттары С.Әбжәлиев Жолдаудың ауылшаруашылық саласына қатысты тұстарын талдаса, Ж.Ембергенов цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді саралады. Ал А.Ибрагимұлы аудандағы жастар саясаты туралы әңгімеледі. Депутаттар кездесу барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өз құзіреттері шегінде жауап берді. Қалжан ахун ауылының ардагері Қ.Сарыбаев Қайқы батыр көшесін жөндеуге ықпал етуді сұраса, ауыл тұрғыны Т.Пірман ауыл мектебінің әжетханасын сыртқа шығаруға қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ, ауылдық амбулаторияны күрделі жөндеу немесе қайта салуды, «Бостандық» каналының сағасын тазалауды ұйымдастыруды ұсынды. С.Сейфуллин ауылында еңбек ардагері С.Нұртаев елді мекендегі Сәрке батыр көшесінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған жол салынса деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, ардагер С.Созақбаев депутаттарға өз алғысын білдірді. Ал А.Тоқмағамбетов ауылында ауыл тұрғыны А.Дәрменова депутаттардың жұмысына сәттілік тілесе, Г.Тоқтыбаева газ орнатушы мердігер мекемелерге қатысты мәселе көтеріп, бұл мәселе бойынша кент әкімдігі мен мердігер мекеме тарапынан тиісті түсіндірме берілді.
Қоғалыкөл, Шіркейлі, Нағи Ілиясов ауылдарында өткен кездесуді аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев ашып, жүргізді. Депутат Жолдаудағы Президенттің негізгі бес бастамасы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы – Қазақстанның тұрақтылығын сақтай отырып, егемен елімізді одан әрі дамытуға арналған стратегиялық құжат. Себебі, Жолдауда саяси, әлеуметтік, экономикалық өсудің нақты қадамдары нақты көрсетілді. Оның ішінде, әсіресе, агроөнеркәсіп, денсаулық, білім, аймақтық дамуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Парламенттегі депутаттық корпустың мақсаты – осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету болса, жергілікті мәслихат депутаттарының міндеті Жолдаудан туындаған мақсаттарды атқарушы органмен бірлесіп жүзеге асыруға үлес қосу болып табылады» деді Дархан Жұмашұлы.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Е.Жақып сайлауалды бағдарламаға енгізілген жоспарлардың орындалу барысы, Ж.Ембергенов халыққа қызмет көрсету жұмыстарындағы өзгерістер туралы айтса, А.Ибрагимұлы Жолдаудағы жеті басымдық пен бес бастама туралы баяндама жасап, үшінші басымдық, яғни сапалы білім беру жөнінде ойларымен бөлісті.
Ұсыныс-пікірлер кезеңінде Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Т.Қожанов Жаңадарияға тоспа (шлюз) салу, И.Әшіров электр желілері мен торабының тозығы жетуіне байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, С.Қаюпов ауылішілік көшелерді жөндеу және ауылда салынған жаңа тұрғын үйді мұқтаж отбасыға беру туралы ұсыныстарын жеткізді. Шіркейлі ауылында ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Әбілқасымов, Н.Ілиясов ауылында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Жұмабекұлы сөз сөйлеп, халық қалаулыларының жұмысына жеміс тіледі. Депутаттар сұрақтарға жауап беріп, жиналыс барысында ауыл әкімдігіне тиісті ұсыныстар енгізді. Аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Г.Еспенбетова жиналыста айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша арнайы хаттама әзірленіп, атқарушы органға ұсынылатынын жеткізді.
Іңкәрдария, Ақжарма және Шаған ауылдарында өткен тұрғындармен кездесуді аудандық мәслихат депутаты М.Бисенов ашып, жүргізіп отырды. Депутат Президент өз Жолдауында еліміз үшін аса маңызды мәселелерге кеңінен тоқталғанын айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары жөнінде ақпарат берді.
Аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов аудандық мәслихат сессиялары және онда көтерілген мәселелер туралы айтты.
«Сессияларда 2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджетке 4 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, төртінші деңгейлі бюджет 2 рет өзгертілді. Бюджет әкімшілерінің есептері тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды» деген аудандық мәслихат хатшысы жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары тарапынан құзырлы органдарға 5 депутаттық сауал жолданып, оның төртеуі орындалғанын, біреуі орындалу үстінде екенін жеткізді.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаттары Е.Жақып, Ғ.Жаңабаева, А.Ибрагимұлы Жолдау мен партияның сайлауалды бағдарламасындағы жоспарлар өзара үндесетінін айтып, іске асыру тетіктері бойынша өз ойларымен бөлісті.
Ұсыныс-пікірлер кезеңінде Іңкәрдария ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Байманов ауыл мектебінің парталарын жаңарту, елді мекендегі интернет мәселесін шешу, «Мүлкілән» кесенесін реставрациялау, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауылдан тұрғын үйлер салу, «Ақтам» каналына шлюз орнату туралы мәселелерді көтерді. Ауыл тұрғыны Е.Исабаев скважин орнату және ауылдық амбулаторияны қайтадан салу туралы пікір білдірді. Ал Р.Бердалы ауылішілік Абай көшесін жөндеуге ықпал етуді сұрады. Ақжарма ауылында еңбек ардагері Қ.Шыманов су тарифінің көтерілу себебін сұрап, арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын айтты. Шаған ауылында ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы А.Атақаев халықаралық жолдың ауылға кіреберіс тұсына жолайрық салу, ауыл тұрғыны Т.Мыханов ауыл ішімен өтетін каналды тазалау, А.Қожабай ауылдағы Қ.Мыханова көшесін жөндеу туралы ұсыныстарын жеткізді. Қорытынды жиналыс бойынша аудандық мәслихат аппаратының бас маманы С.Тоқманов арнайы хаттама дайындалып, атқарушы органға ұсынылатынын жеткізді.
Депутаттардың ауылдарға жұмыс сапарын қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов айтылған ұсыныс-пікірлер тұрақты комиссия отырыстарында, сессияларда назарға алынатынын айтты. Кездесуге қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудандық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі
Nur Otan партиясының мүшесі
Ақ