Мәжіліс депутаттары жұртшылықпен кездесті
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б.Смағұл мен Ғ.Әмреев Сырдария ауданында болып, аудан әкімдігінде облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жиналысты аудан әкімі М.Ергешбаев ашып, жүргізіп отырды.
Аудан басшысы Мәжіліс депутаттарының сапары қуаңшылық және қауіпті індет мәселелерімен тұспа-тұс келгенін айтып, депутаттардың қатысуымен ұйымдастырылған жиынды еркін форматта өткізуді ұсынды.
Алғашқы сөз кезегін алған халық қалаулысы Б.Смағұл өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікір жинақтап жүргендерін айтты. Парламент қабырғасында талқыланған және қабылданған заң жобалары жөнінде қысқаша ақпарат берді. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ғ.Әмреев кәсіпкерлік саласын дамыту, баға өсімінің алдын алу мен болдырмау бағытында пікір білдірді. Депутат азық-түлік өнімдерін сақтау қоймаларының жұмысын ретке келтіру, кәсіпкерлерге берілетін несиелерді жеңілдету, кәсібін жаңадан бастағандар үшін әкімшілік кедергілерді болдырмау жөнінде нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ жиналысқа қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиналысқа қатысушылар ауданның ерекшелігіне сәйкес депутаттар назарына бірқатар ұсыныстар енгізді. Мысалы аудандық мәслихат депутаты М.Бисенов халық көп тұтынатын заттардың бағасы соңғы екі айда күрт қымбаттағанына назар аударып, осы мәселені республикалық деңгейде реттеу қажеттігін жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты А.Қалдыбаев ауданның Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылдарында дәрігер жоқ екенін айтып, әр ауылға бір маман бөлінуіне ықпал етуді сұрады. Басқа да кәсіпкерлер несие ұйымдарының талаптары, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде пікір айтты. Айтылған пікірлер мен сұрақтарға депутаттар толыққанды жауап берді.
Кездесуден кейін Мәжіліс депутаттары әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралады. Ең алдымен «Углесбыт» ЖШС серіктестігінің күріш ақтау зауытының жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Бақ-Нұр-Бөбек» балабақшасын көрді. Халық қалаулылары сапар барысында Тереңөзек кентінде салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысымен танысып, құрылысшылармен пікірлесті. Депутаттар сонымен бірге «Аңсар» дәріханасын аралап, дәрілердің бағасын бағамдады. Әр нысанда тұрғындармен еркін форматта пікірлесіп, сұрақтарына жауап берді. Осылайша, аудан тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді жинақтап, Мәжіліс қабырғасында көтеретіндерін айтты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ