Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесінші басымдық: Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру

Бесінші басымдық: Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл­ғы «Халық бірлігі және жүйе­лі ре­формалар – ел өркендеуінің бе­рік негізі» атты Жолдауында 7 негізгі басымдыққа тоқталды. Соның бе­сіншісі «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру» деп аталады.

Алдымен, «экожүйе» дегенге түсінік беріп көрейік. Ғалымдар бұл сөзді «тұрақты күйге ұмтылатын, өзін-өзі реттейтін жүйе» деп тұжырымдайды. Адамдардың іс-әрекеті экожүйені өзгеріске әкелетін күшті фактор. Әсіресе, қоғамның дамуы, яғни қалалардың өсуі, өндіріс орындардың көбеюімен адамдардың экожүйеге әсері күшейе түскен. Сондықтан ел Президенті назар аударған «тиімді экожүйе қалыптастыру» мәселесі экожүйенің өзгеріске ұшырауымен байланысты. Ал еңбек нарығындағы тиімді экожүйе – мәселелерді шешу­дің жолдарын іздеуді талап етеді.

Соңғы екі жыл көлемінде пандемия салдарынан қашықтан жұмыс істеу тәсілі қарқын алғаны бел­гілі. Әсіресе, білім беру саласы осы әдістің қиыншылықтары­на тап болды. Еліміздегі цифрландыру мен автоматтандыру үдерісі заман талабына ілесе алмады. Тың серпінге ие болған сала жаңа мамандықтарға деген сұранысын айқындады. Осыған орай, Президент жаңа кәсіптерді игеру арқылы ғана бәсекеге қабілетті болатынымызды баса айтты. Ал жаңадан қабылдауды қажет ететін «Кә­сіби біліктіліктер туралы» заң біліктілікті тану мәселесін түбегейлі реттейді.

«Жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платфор­малар негізінде жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар – осының жарқын мысалы. Бұл сала әлеуметтік және ме­дициналық сақтандыру, зейнетақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекеттің қолғабыс етуіне мұқтаж болып отыр» деді Мемлекет басшысы.

Шын мәнінде, интернет-платформалардың дамуы көптеген саланың жұмысына оң ықпал етті. Қазір кез келген адам сауда, тасымал, банк қызметінде цифр­ландырудың тиімділігін көруде. Ал әлеуметтік сала мен медицина, зейнетақымен қамту мәселесінде цифрландыруды әлі де болса жетілдіруде қажет етеді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға байланысты жасалған қа­дам­дардың бірі.
Сонымен қатар, Президент Үкіметке оңтүстіктен сол­түстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау керектігін тапсырды. Әкімдіктер көшіп барған адамдардың жағдайын жасап, жұмыспен қамтылуына, жәрдемақымен қамтамасыз етілуіне, үй-жайының болуына, жер телімін алуына, ауыл шаруашылығымен айналысуына көмектесуі керек. Яғни, мемлекеттік қолдау шаралары барынша қол­жетімді болған жағдайда бағдарлама тиімді болатыны анық.

Жолдауда Қазақстан – әлеуметтік мемлекет екендігі жә­не қиын жағдайға тап болғандарға кө­мек көр­сетілетіні, десе де халық арасында масылдық пи­ғылдың болуы көптеген кедергілерге әкелетіндігі айтылды.

«Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады» деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан халқына арналған жаңа Жолдауда «Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» деген жолдар бар. Алдағы уақытта әзірленіп, қабылданатын жаңа Әлеуметтік кодексте барлық әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалмау жағы қатаң тапсырылды.

Басымдықтар негізінде бірнеше бастамаға тоқталған Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын көтерумен қатар жалақы мәселесіне ерекше тоқталды. Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру миллионнан астам адамға, ең­беккерлерге жанама әсер ететіндігін атап өтті. Жалақы мәселесінде бюджеттен қаржыландыратын мұғалім, дәрігер, әлеуметтік қызметкерлерден басқа да сала ма­ман­дарының табысын көтеру қажеттігін айтты.

Маңызды құжатта баспана мәселесі де назардан тыс қалмады. Халыққа қолжетімді баспана қажеттігі, тиімді бағдарлама әзірлеу, зейнетақы жинағының бір бөлшегін тұрғын үй сатып алуға жұмсау – жұрттың қаражат жинау­ды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруға мүмкіндік беретіні анық. Сондықтан баспана алудың жолын жеңілдету, тиімді бағдарлама әзірлеу уақыт күттірмейтін мәселе болып қала бермек.

«Меніңше Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс» деді Президент маңызды құжатта.
Ел дамуының шешуші кезеңіне қадам басқан елі­мізде жүйелі өзгерістер мен реформалар жасауға қа­жетті заңнамалық негіз қалыптасты. Сондықтан ел-халық мықты мемлекет болу үшін күш-қуатты берекелі бірлікке, ынтымаққа бекемдеген жағдайда ырысымыз артатыны сөзсіз. Ел үшін еңбек етіп, ұйымшылдық таныту қасиетін бәрінен биік қойып, мақсатымызға бірге жетейік!

Б.ЖАНӘЛІ

28 қыркүйек 2021 ж. 490 0