Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент тапсырмалары – атқаратын жұмысымыздың басты негізі

Президент тапсырмалары – атқаратын жұмысымыздың басты негізі

Еліміз егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіздіктің тұғыры бекіген сәттен бастап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына барлығы 23 Жолдау арнаса, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тізгінін ұстаған сәттен бастап үш Жолдау жариялады.

Дәстүрге айналған Жолдауларда еліміздің ал­да­ғы стратегиялық бағыт-бағдары мен даму жос­парлары кеңінен қамтылып келеді. Ал Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 30 жылдық айтулы мерейтойы қарсаңында және әлем елдерін алаңдатқан қауіпті пандемия кезеңінде жариялаған биылғы Жол­дауының мәні мен маңызы тіптен ерекше.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының тақырыбының өзі Қазақстандағы қо­ғам дамуының жаңаша басым бағыттарын белгі­леп, бүгінгі күнге дейінгі алған асуларымыз бен бағын­дырған белестеріміздің іргесін бекемдеуде бере­ке-бірліктің, ырыс-ынтымақтың, бір жағадан бас, бір жең­­нен қол шығара білуіміз қажеттігін аңғартады.

Халқымызда «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген даналық сөз бар. Биылғы Жолдаудың тақыры­бындағы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар» деген түйінді сөз дана халқымыздың осынау та­ғылымды ұстанымымен ұштасады. Расында да біз біріккенде берекелі істерді көп атқардық, ұйысқанда ұлтты ұлы мұраттарға жетеледік. Сондықтан халық бірлігі жүйелі реформалардың жүзеге асуына тікелей әсер етпек. Президент мұны «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп ерекше атап өтті.

Әлем қазір ғарыштық жыл­дамдықпен дамуда, ішкі және сыртқы саясатта күтпеген жаңалықтар болуда. Бұл бізден аса қыра­ғылықты, жедел бейімделуді және қатесіз жоспарлай алуды талап етеді.

Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президенттік қызметке кіріскенде «өзгеріс дауылы тұрғанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек» деген болатын. Желкеніміз мықты болғанда ғана ағыны қатты ағысқа төтеп бере алатынымыз белгілі. Биылғы Жолдаудағы басымдықтардың барлығы алты Алаштың баласының бағыт-бағдарын бір арнаға тоғыстырып, озық отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алуымызға жол ашары анық. Себебі, әрбір бастамада атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстар нақты әрі айқын са­раланған. Енді сол бастамаларға тоқталсам.

Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық да­му. Біз бұл бастаманы нақты орындауды осыдан 12 жыл бұрын бастадық. «Дағдарыстан – дамуға» деп ұрандатқан тұста ауданның «Даму жоспарын» қабылдап, алдымызға нақты міндеттер қойдық. Әлі есімде сол кезде ауданда балабақша жетіспеушілігі, яғни мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің аз­дығы үлкен мәселе болатын. Ал қазір ауданымызда балабақша жеткілікті көлемде бар, керісінше ба­лабақшаға бала іздеп жүрміз. Жеке балабақшалар жұмысы да жолға қойылды. Осыдан-ақ жоспарлы жұмыстарды орындауға ауданның әлеуеті толық жетінін аңғаруға болады. Пандемиядан кейінгі кезең­дегі дамуымыз да осындай нақты істерді атқаруы­мызды талап етеді.

Президент өз Жолдауында «Бюджет кірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бірінші кезекте шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек» деді. Бұл ретте, ауданда бюджет кірісін арттыру, яғни инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтуіміз қажет.

Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезекті 7-сессиясында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ау­данның өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім өндіру көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 48,3 пайызға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі көлем 53,8 пайызға артқанын, сәйкесінше аудан эко­номикасына 13 млрд теңгеге жуық инвестиция тар­тыл­ғанын мәлімдеді.

Президент атап өткен бірінші бастама бойынша, оның ішінде аудан дамуының драйвері саналатын ауыл шаруашылығы саласында да өсу бар. 2021 жылдың 1 тамызына ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі ауданымызда 3,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға ұлғайғаны осы сөзімізге дәлел бола алады. Аграрлы ауданда ауылшаруашылық саласын дамыту, сол арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстардың жалғаса беретіні анық.

Жолдаудағы тағы бір қуанышты жаңалық ретінде облыс аумағынан бір су қоймасының салынатынын атап өтуге болады. Кейінгі жылдарда аймақта егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар дариядан келетін су мәселесінде көптеген қиындықтарға кезігіп отыр. Жаңа су қоймасының салынуы осы қиындықтарды сейілтеді деп білемін.

Жолдаудағы келесі басымдық – денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға арналған. Бәрімізге белгілі, пандемия бас­талғалы халықтың денсаулық сақтау саласына деген сенімі мен үміті өзгеше сипат алды. Мұны Мемлекет басшысының өзі «Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды» деп атап өтті. Дерт дендеген тұста сырдариялықтардың да әбігерге түскені жасырын емес.

Халыққа денсаулық сақтау саласы мамандары тарапынан дұрыс әрі сапалы ақпараттың берілмеуі, мамандардың өз қызметін уақытылы үйлестіре алмауы, тиісті алгоритмнің болмауы індеттің өршуіне тікелей әсер етті. Салдарынан ауданымызда коронавирустық инфекциядан көз жұмған азаматтар тіркелді, дерт жұқтырғандар санында да әлі күнге тұрақтылық жоқ. Бұл мәселе республиканың өзге өңірлерінде де маңызды. Жолдауда Президент осы мәселелерді сынға алып, әсіресе екпе егуге қатысты жұртшылық көкейіндегі қауіпті сейілтті. Дертті ертерек жеңуіміз үшін жеке жауапкершілік танытуымыз қажеттігін атап өтті. Бұл ретте, халық көп шоғырланатын жерге бармау, арақашықтықты сақтау, бетперде кию секілді талаптарды орындауға тиістіміз. Сонда ғана денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз тиімділігін береді. Осы орайда, аудан тұрғындарын карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. «Сақтансаң, сақтармын» деген сөздің астарына жіті мән берейік.

Жолдаудағы келесі басымдық – білім саласын дамытуға бағытталды. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары білім сала­сының қызметкерлері үшін қуанышты жаңалықтар көп болып тұр. Ең алдымен, педагогтардың жалақысының өсуі, арнайы Заңның қабылдануы мұғалімдер мәртебесінің артуына тікелей әсер етті.

Мен адами капиталға тоқталғым келеді. Себебі, Президент қуатты елдердің өндірістік басымдығы мен инновациялық игіліктерін адами капитал тұрғысынан қарастырады. Зерттеу­шілердің мәліметінше, дамыған елдердегі өнімнің 80 пайызы адам капиталына байланысты қалыптасады екен. Әдетте капитал дегенде көз алдымызға байлық, материалдық құндылықтар келеді. Ал қазіргі заманда адам капиталы дегеніміз – адамның білімімен, бәсекеге қабілеттілігімен бағаланады.

Тарихқа зер салсақ, адам капиталының экономикалық фактор екенін ең алғаш Нобель сыйлығының иегерлері Тео­дор Щульц пен Гэри Беккер дәлелдеді. Олар қарапайым жұмысшының, өнімі сұранысқа ие кәсіпкердің, өзіндік пікірі бар азаматтық қоғам белсендісінің негізгі ұстанымдары «білім» атты ұғыммен байланысты екенін айтты. Сондықтан озық ойлы, дамыған мемлекеттердің барлығы ел экономикасының болашағы үшін салынатын инвестицияның ең тиімді саласы – білім саласы деп таңдап алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз» деді. Бұл өте дұрыс ұстаным. Өйткені, ғалымдардың пікірінше, балаға берілген білім мен жұмсалған қаржы бес еселеп қайтады. Яғни, баланы оқытсаңыз, жемісін жейсіз.

Қазір қала мектебіндегі жағдай мен ауыл мектебіндегі жағдай теңесті. Қалалық оқушылар үшін берілген мүмкіндік, білім алу үшін қолайлы жағдай ауылдағы оқушыларда да бар. Маңдайы күнге, табаны құмға күйген ауыл балаларының идеясы негізінде ғылыми жобалар байқауларында ауданымыз жақсы белестерді бағындырып келеді. Азат елдің озат оқушылары Елбасы мен Мемлекет басшысының «ақылды экономика», «білім экономикасы», «парасатты экономика», «ақылды қала» секілді идеяларын толық жүзеге асыратынына күмәніміз жоқ.

Жоғарыда атап өткенімдей, адами капитал мен білімге бағытталған қолдау әр адамға өзіне жауапкершілікпен қа­рау­ды үйретеді. Егер, сұранысқа ие маман болғыңыз келсе, ізденіске иек артып, білім алыңыз! Сізді ел-жұрт сыйлауы үшін де ізденістен қол үзбей, білім алыңыз! Болмаса бәсекеге қабілеттіліктен айырылып қаласыз. «Ерте қартайып», заман ағымы­­нан тыс қалмау үшін оқуымыз бен тоқуымыз тең болуы керек. Әсіресе жаңа заманның осынау маңызды талабына мұғалімдер төтеп беруі қажет. Себебі, мұғалім – мектептің жаны, жүрегі, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын оқушы жанының бағбаны.

Жолдаудағы Өңірлік саясатты жетілдіру, Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру және саяси жаңғырту мен адам құқығын қорғау басымдықтарын бір-бірінен бөлек алып қарастыруға болмайды. Бұл үш бағыт «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының ажырамас бөлігі іспетті.

Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Халық үніне құлақ асу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, проблемаларын шұ­ғыл шешу Заңмен де белгіленді. Азаматтық қоғамды дамытуды, ашықтық пен жариялылықты қолдауды көздейтінін Мемлекет басшысы бұған дейін де бірнеше рет атап өтті. Соның айқын дәлелі Президенттің бастамасымен биыл елімізде, оның ішінде біздің ауданымыздағы үш ауылда ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Бұрын ауыл әкімдері депутаттардың дауыс беруімен қызметке кіріссе, енді жергілікті халықтың дауыс беруімен, яғни қолдауымен сайланады. Бұл олардың халық алдындағы жауап­­­кершілігін көтеріп, қабылдайтын шешімдерін түзеуіне, жер­гілікті билік жұмысының халыққа етене жақын болуына әсер етері сөзсіз.

Президент Жолдауында соңғы екі жылда елді саяси жаң­ғырту мақсатында нақты жұмыстар атқарылғанын айтты. Оны еліміздегі елеулі өзгерістерден де анық аңғаруға болады. Мысалы, митингт өткізу үшін алдын ала ескерту қағидаты жазылған жаңа Заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Осы ретте, саяси жаңғырту жұмыстары ауданымызда да жүргізіліп жатқанын атап өтуіміз қажет. Бұрын аудандық мәслихат депутаттарының бәрі «Nur Otan» партиясының мүшелері болса, биылдан бастап «Ауыл» партиясының мүшелері де аудандық мәслихаттан депутаттық мандат иеленді. Мәслихат сессияларында депутаттардың депу­тат­­­­тық сауал қоюына, ұсыныс-пікір айтуына, өз ойын ашық жеткізуге барлық мүмкіндік жасалуда.

Саяси маңызды құжатта Мемлекет басшысы біздің күшіміз бір­тұтастықта екенін айтты. «Біз пікір әралуандығын қолдай оты­­рып, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көз­дің қарашығындай сақтауымыз керек» деді. Иә, расында да Конституцияға қайшы келетін қадамдар елдік мүдделеріміз үшін аса қауіпті. Сондықтан ұлттың ұйысуы – дамуымыздың басты факторы екенін ұмытпауымыз қажет. Біз Президент атап өткендей, Отанымыз бен барлық азаматтарымыз үшін жауапкершілікті сезінуге тиістіміз.

Жолдау қорытындысындағы Президенттің негізгі бес бастамасы – елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ең төменгі жалақы мөлшерінің 42 мың 500 теңгеден 60 мыңға дейін жоғарылауы бір миллионнан астам отандасымыз үшін үлкен қолдау болмақ. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіп­­керлік саласы бойынша жалдамалы жұмысшыларға Үкімет тарапынан кешенді қолдау шаралары қабылданып, еңбекақы төлеу жүйесі іске қосылмақ. Келесі жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің, атап айтқанда кітапханашылардың, мұрағатшылардың, техникалық қызметкерлердің жалақысы ке­зең-кезеңімен өспек. Мұнан бөлек, «Отбасы банкі» арқылы тұрғындардың баспаналы болуына жағдай жасалады. Ендігі мақсат – Президент Жолдауының шарапатын аудан тұрғындары сезінуі үшін барынша бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асы­рудың нақты тапсырмаларын аудан басшысы айқындап берді. Алдағы жоспарларымыз нақты іске асқанда халықтың билікке, Жолдауға деген сенімі арта түседі. Сол үшін бәріміз жұмылып жұмыс істеуіміз қажет.

Ауданымызды дамыту бағытындағы істерімізге береке, бар­лық бастамаларымызға сәттілік тілеймін!


Е.ӘЖІКЕНОВ,
Сырдария аудандық
мәслихатының хатшысы
07 қыркүйек 2021 ж. 356 0