Ауыл тұрғындары таңдау жасады
Тәуелсіз мемлекетімізде тағы бір саяси науқан аяқталды. Бұл жолы ел-жұрт тұңғыш рет ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлады. Бұл бастаманы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтқан болатын. Яғни 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырманың орындалуы 25 шілдеге сәйкес келді.
Еліміз бойынша өткен ауыл әкімдерінің сайлау қорытындысы аз уақытта белгілі болады. Ауыл әкімдігіне ұсынылған кандидаттар саяси партиялар және өзін-өзі ұсынушылар қатарынан болды.
Ауданда Нағи Ілиясов, Асқар Тоқмағамбетов, Іңкәрдария ауылдық округі бойынша ауыл әкімдерін сайлау өз дәрежесінде өткендігі туралы мәлімет келіп жетті. №165, №154, №161 сайлау учаскесінде жалпы саны 2808 сайлаушы болса, оның 92,02 пайызы дауыс берген.
Сайлаудың өту барысын ақпараттандырған аудандық газеттің журналистері де осы күні сайлау өткен 3 сайлау учаскесіндегі ахуалды бағамдады.
Барлық сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де бастап, алғашқы сайлаушыларын қарсы алды. Дәстүрмен Мемлекеттік Гимн орындалып, алғашқы дауыс бергендер сыйлыққа ие болды.
– Ауыл тұрғындары әкімді сайлауда белсенділік танытты. Осы уақытқа дейін ауыл әкімін депутаттар сайласа, енді тұрғындар өздері таңдау жасайды. Бұл – еліміздегі демократиялық үрдістің нақты көрінісі. Ауыл тұрғындары елге жанашыр, сенімнен шығатын, беделді, туған жерді өркендетуде аянып қалмайтын азаматты таңдайды деген сенімдемін, – деді А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Уәйда Бахтияров.
Ал Аружан Абдрахманова Нағи Ілиясов ауылындағы №165 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет саяси науқанға қатысушы ретінде сайлауға қатысты. Ол ауылдағы 1330 сайлаушының ішінде ауыл әкіміне үміткерге өз дауысын берді.
– Ауылдың өркендеуіне, дамуына жұмыс істейтін лайықты кандидат сайланатынына сенеміз. Халық үніне құлақ асатын әкімнің сайлануы біз үшін маңызды. Өзім жастардың өкілі ретінде дауыс бергеніме қуаныштымын, – дейді Аружан Абдрахманова.
Ауданнан шалғай жатқан елді мекен Іңкәрдария ауылында 512 сайлаушы бар. Таң атқаннан бастап сайлау учаскесіне келгендердің бірі – еңбек ардагері Құралбай Қалбабаев. Ардагер – көп жыл шаруашылықта еңбек еткен азамат.
– Таңдауымды жасадым. Ауыл әкімін тұрғындардың сайлауы өте құптарлық жағдай. Ел Президентінің бастамасымен қабылданған шешім нағыз ашықтықты көрсетіп отыр. Себебі, ауыл тұрғындары ел қамын ойлайтын, халықтың мүддесіне қызмет ететін елжанды азаматқа дауыс береді. Туған ауылымыз алдағы уақытта гүлденген ауыл қатарына қосылады деген ойдамыз, – дейді ауыл тұрғыны Қ.Қалбабаев.
Айта кету керек, облыс бойынша ауыл әкіміне түскен үміткерлердің орташа бәсекелестігі 3 адамнан келді.
Бибісара ЖАНӘЛІ