Онлайн форматта өтті
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында қашықтан бейнеконференц арқылы кезектен тыс 52-ші сессия өтті. Сессияға аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихат депутаты Е.Жақып төрағалық етті.
Күн тәртібіне ұсынылған «Тереңөзек кентінің 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №371 шешіміне өзгерістер енгізу» мәселесі бойынша Тереңөзек кенті әкімінің орынбасары Ғ.Нұртазаев хабарлама жасады.
– Тереңөзек кенті бюджетінің кірістер бөлігі 745027,1 мың теңге көлемінде жоспарлануда. Өз кірістерін 5466,0 мың теңгеге, оның ішінде «Жеке табыс салығы» бойынша 5461,0 мың теңгеге, «Басқа да салықтық емес түсімдер» бойынша 5,0 мың теңгеге ұлғайту белгіленді. Түсімдер бойынша 956,7 мың теңге ағымдағы нысаналы трансферттер қаралуда. Шығындар бөлігі 751665,1 мың теңге көлемінде жоспарлануда. Атап айтқанда аудандық бюджет есебінен Тереңөзек кентіндегі мемлекеттік кәсіпорындардың бу қазандықтарын газ отынына ауыстыруға 956,7 мың теңге ағымдағы нысаналы трансферттер қаралуда, – деді Ғ.Тәңірбергенұлы.
Екінші мәселе бойынша бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормаларын, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылықты қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ пикеттерді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Мырзахметова хабарлама жасады.
1995 жылғы 17 наурыздағы N 2126 қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Заңының күші жойылып 2020 жылғы 25 мамырдағы № 333-VI «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыс ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді.
Осыған сәйкес, аудан аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге арналған арнайы орындар белгіленді.
– Аудан бойынша митингілер, бейбіт шерулер өткізетін орындар ретінде Тереңөзек кентінде, Бұхарбай батыр көшесінің бойында орналасқан орталық саябақ және Аманкелді көшесінің бойында орналасқан «Тағзым» алаңының оң жақ бөлігі белгіленді. Мұнан басқа ауданға қарасты барлық ауылдық округтер бойынша арнайы орындар белгіленді, – деді бөлім басшысы Ә.Залқызы. Сонымен қатар демонстрациялар мен шерулер ұйымдастыру үшін кенттегі Ж.Құттыбаев көшесі (А.Иманов және Ж.Құттыбаев көшесінің қиылысынан Майжарма каналына дейін) белгіленді.
Сессияда қаралған үшінші мәселе – «Сырдария ауданының учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы №273 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Құлмақов хабарлама жасады.
– №156 учаскелік сайлау комиссиясы құрамына С.Иманғалиеваны және №169 учаскелік сайлау комиссиясы құрамына Г.Ниятованы шығып қалған мүшелердің орнына бекітулеріңізді сұраймын, – деді өзгерістер туралы Б.Құлмақов.
Депутаттар қарауына ұсынылған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныс айтылып, тиісті шешім қабылданды.