Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есептен кейінгі есеп

Есептен кейінгі есеп

Аудан, кент және ауылдық округі әкімдерінің халыққа есеп беру жиналысы қорытындыланды. Есеп беруде ел-халық не айтты? Жылына бір рет өткізілетін жиында қандай өзекті мәселелер көтерілді? Жергілікті билік алдағы уақытта қандай жұмыстар атқармақ? Бүгін есептен кейінгі есеп туралы тарқата жазатын боламыз.

Тұрғындар не айтты?!

Өздеріңізге белгілі, аудандық газетте әкімдердің есепті баяндамасының мәтіні жария­­­ланды. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы атқарған жұмысын және алдағы жос­парларын басылым арқылы жария етті. Ал есепті жиын биыл аудан орталығынан шалғай орналасқан Айдарлы ауылынан басталды. Мұнда тұрғындар тарапынан сұрақ қойылып, мәселе көтерілген жоқ, тек ардагер Ә.Бахадуров ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Бұл ауылға жаңадан тағайындалған және бірінші рет халық алдында есеп берген ауыл әкімі А.Ержанов үшін сәтті күн болды десек те болады.
Мұнан кейін халық жиыны Жетікөл ауылдық округінде жалғасты. Жетікөлде негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін екі тұрғын сөз сөйледі. Еңбек ардагері Е.Бұрханов медицина қызметкерлері жүріп-тұруы қиын қариялардың үйіне барып қызмет көрсетсе деген ұсынысын айтса, ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов атқарылған жұмыстарды жоғары баға­­лайтынын жеткізді. Ал Аманкелді ауылында жылдағы үрдіс бойынша сөз сөйлеушілердің қарасы қалың болды. Есепті жиында ауылға табиғи газ тарту, ауыл аумағындағы жерлердің шекарасын нақтылау, пайдаланылмай жатқан жер­лерді мемлекет меншігіне қайтару, кірпіш зауытынан шығатын түтінге сүзгіш орнату бо­йынша тиісті ұсыныстар енгізу, мал басын асылдандыру, қолдан ұрықтандыру жұмыстарын ұйым­дастыру, ауылға кіреберіс маңға жаңа­дан арка салу, мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде сұрақтар қойылды. Бесарықта ауыл­дағы С.Мінәйдаров, Ғ.Мұратбаев көшеле­рін жөндеуге қаржы бөлінсе және ауылдағы медициналық қызмет көрсететін мекеменің ғимараты өзге орынға ауыстырылса деген ұсыныс айтылды. Салыстырмалы түр­де ал­ғанда Шіркейлі ауылында да сөз сөйлеу­шілердің саны көп болды. Тұрғындар жол жөндеу, күл-қоқыстарды тазарту, жер үлесі жөнінде сұрақ қойды және бірқатар еңбек ардагері жергілікті билік өкілдерінің жұмысына сәттілік тіледі. Ең қысқа әрі нұсқа есеп беру жиыны Қоғалыкөлде өтті. Елді мекен тұрғындарының есепті жиынға қатысу көрсеткішінен, баяндамашыларды зейін қойып тың­дауынан, арнайы әзірленген слайдқа мән беруінен ауыл халқының жиынның мәні мен маңызын ұғынғаны деп қабылдадық. Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін кей­бір ауылдардағыдай орынсыз сөз сөйлеп, көп­шілікке көрініп қалуды мақсат тұтып, мінбеге ұм­тылғандар да болған жоқ. Қазыналы қария А.Әбибуллаев орнықты ойларын кестелей келе, сүбелі сөз, пайымды пікір айтып, ақ батасын берді. Нағи Ілиясов ауылында өткен халық жиынында ауылға арка салу, ауыл пас­портын орнату, мал ұрлығын болдырмау үшін учаскелік полиция инспекторына көмекші бекі­ту, жер үлесі, мал шаруашылығын дамыту мақ­сатында орман шаруашылығына қарасты жер учаскесінен алынған жерге салынған үй бойынша құқықтық түсіндірме беру мәселелері талқыға түсті. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген аталы сөзді негізге алмай, ардагер ағалармен жағаласып, өмірлік тәжірибесі аз жастар да пікір айтты. Аудандағы ең үлкен ауылдық округ болып саналатын Шағанда әдет­тегідей ауылдық мәдениет үйіне халық көп жиналды. Тұрғындар тарапынан ауыз су ұңғымасын іске қосу, күл-қоқыс тас­тайтын полигон жұмысын ретке келтіру, жалақы, зейнетақы алатын терминал орнату, «Қазпошта» акционерлік қоғамына тие­сілі ғимаратты жөндеу, спорт мектебінің бюд­жетін арттыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға берілетін жөргекпұл мәселесі көтерілді. Іңкәр­дариялықтар кәсіпкерлік саласын дамыту, ауданаралық тасымал қызметін жандандыру, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­жолы бойынан бақша өнімдерін сатуға арналған орын белгілеу жөнінде ұсыныс­тар айтса, ақжармалықтар ауылішілік жолдардың жөнделуі, білім саласының жай-күйі, шаруа­шылық жұмыстарының басым бағыт­тарын қозғады. Жылдағы дәстүр бойынша дария­ның арғы бетіндегі елді мекендерде өткен есепті кездесуден кейін халық жиыны жақын орналасқан үш ауылда өтті. С.Сейфуллин ауылында тұрғындар ауылішілік жолдарды жөн­деу, мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, санитарлық тазалық сақтамағандарға қатаң шара көру мәселелерін көтерді. Қалжан ахун ауылында да жолдардың сапасы, ауыл мектебінің кеңейтуді қажет ететіні, денсаулық сақтау саласының жай-күйі күн тәртібіне шығарылды. А.Тоқмағамбетов ауылында мал жайылымдылық жерлердің мәселесін реттеу, көшелерді жарықтандыру жөнінде сұрақтар қойылды. Ал Тереңөзек кентінде өткен есепті жиында көшелерді жөндеу мен жарықтандыру, Айтбай арық каналына темір бетон орнату, қоқыс тастайтын полигон салу, аяқ су мәселесін шешу, құрама жем шығаратын зауыт салу, иесіз иттерді жою секілді ұсыныстар айтылды.

Әкімдік қандай шара қабылдады?

Есепті кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша сұрақтарға жан-жақты жауап берілді. Оны көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Түсіндірме жұмыс­­тары жүргізіліп, мәселелердің шешілуі бақылауға алынатыны да жеткізілді. Айтылған мәселе айтылған жерде қалмауы үшін аудан әкімдігінен қосымша қабылданған шаралар туралы мәлімет сұратқан болатынбыз. Аудан әкімі аппаратының басшысы Б.Қарсақбаев аудан әкімінің бекітуімен арнайы іс-шаралар жос­пары қабылданғанын атап өтті.
– Есепті жиындардан кейін арнайы жиналыс өткізіп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер сараланды. Әрбір ауылдық округте өткен халық жиыны хаттамаланып, қағазға түсірілді. Бүгінде аудан әкімінің қолымен іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжат 12 бөлімнен, 43 тармақтан тұрады. Әр бөлім, әр тармақ бо­йынша жауаптылар белгіленген. Іс-шаралар жос­парына енгізілген мәселелердің шешілуіне аудан әкімінің орынбасарларынан бастап, ауыл әкімдері, келісім бойынша мекеме, бөлім басшылары жауапты. Аудан әкімі аппаратының ұйым­дастыру және инспекторлық жұмыс бөлімі әр тоқсан сайын іс-шаралар жоспарының орындалу барысы жөнінде аудан әкіміне жазбаша баяндайтын болады, – деді аппарат басшысы.
Айта кету керек, іс-шаралар жоспарына енгізілген бірқатар мәселенің бүгінде түйіні тарқаған. Облыстық басқармаларға хат жолданып, тұрғындар көтерген мәселелер басқарма басшыларының да назарларына ұсынылған. Бұл жүйелі жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәй­кес жүргізіліп жатқаны анық. Аппарат басшысы бізбен әңгіме барысында қазіргі таңда тұрғындар жергілікті билікке қойғылары келетін сауалдарын үйлерінен шықпай-ақ қоюға болатынын жеткізді.
– Аудан әкімдігінің әлеуметтік желіде ресми ашық парақшасы бар. Аталған парақшаға кез келген тұрғын өз сауалын жолдап, жауап ала алады. Мұндай ашық парақшалар әр­бір ауылда, әрбір бөлімде ашылып, өкім, бұй­рықпен маман бекітіліп, жұмыс жасауда. Сондай-ақ әр апта сайын аудан әкімдігінде жеке қабылдаулар өтуде. Бұл жұмысқа Nur Otan партиясының аудандық филиалы да атсалысуда. Сондықтан белгілі бір мәселе бойынша облысқа немесе басқа да қалаларға барып, уақыт пен қаржы шығындаудың қажеті жоқ. Жер­гілікті билік өкілдері кез келген тұрғынмен ашық конструктивті байланыс орнатуға, мәсе­лелерді бірлесе қарауға толық дайын, – деді аппарат басшысы.
Қорытар болсақ, аудан әкімдігі есептен кейінгі есепке тыңғылықты дайындықпен кірі­сіпті. Қолымыздағы іс-шаралар жоспарында әрбір тұрғынның көтерген мәселесі анық жазыл­ған және оны шешуге жауапты басшылар белгіленген. Тек уақыт пен мүмкіндік беру керек. Оның үстіне жергілікті биліктің атқарып жатқан жұмысы көз алдымызда. Олай болса, есепті жиындарда айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақтар бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр деп айтуға болады. Ал біз қаламымызды қару етіп, есептен кейінгі есептің қорытындысына алдағы уақытта қайта айналып соғатын боламыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

11 ақпан 2020 ж. 890 0