Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел құлағы – елу

Ел құлағы – елу

Жақында аумақтың жасы үлкен игі жақсы кісілерінің арасында ауданның құрметті азаматы атағын беру жайлы қызу әңгіменің куәсі болдым. Расында, осы атаққа қызығушылық көбейіп, ауданда туғаны болмаса, иә бір кездері осы жерде аз-маз аялдап кеткен үлкенді-кішілі қызметте істеген жерлестеріміздің таласатын алаңына айналып бара жатқанын естідім. Ауданның өрлеп-өсуіне атсалысып, тер төккен азаматтар болса, ол бөлек әңгіме. Ауданға тіпті қатысы жоқ адамдар беделді, «мәселе шешетін» кісілерді алдына салып, осы атақты алуға ұрынып жатқан көрінеді. Кезінде жылына 20-30 адамға берілетін бұл атақ соңғы кезде тиісті қаулы шығып, «жылына 7 азаматқа» деген шектеу қойылғанына байланысты болуы керек. Бұл атақтың құндылығы сол, аудан орталығындағы Құрметті азаматтарға арналған тақтадағы мәрмәр тасқа аты-жөнінің қашалып жазылып қалуында ма деп те ойлаймын.

Осыдан біраз жыл бұрын куә болған мына бір қызық оқиға есіме түсіп, соны айтып беруді жөн көрдім. Біреуге са­бақ болар, намысын қамшылар, бірақ ойландыра­ры анық. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Астанадан келген, жаңа сайланған депутат жерлесімізбен кездесу жүріп жатқан. Ол кезде депутаттардың елге келуі үлкен жаңалық болатын. Аудан басшыларының алдын ала сценариі бойынша дайындаған аға-апала­рымыз таласа сөйлеп, депутатымыздың бұрынғы істеген лауа­­­зымды қызметтеріндегі таңқаларлық ерлікке толы жұмыстары жайында жарыса айтып жатты. Бәрін сол депу­татымыздың туған ауылынан келген ардагер ағамыз бүлдірді. Жиналыстың соңында қол көтеріп сөз сөйлеймін деп сұранып шыққан ол «Ай, қарағым, пәленше еке.. Сен мектеп бітіріп ауылдан кеткенде ауыл­да «Жеті көл» бар еді. Қазір сол көлдерден бірде-бір көл қалған жоқ. Жаңа сенің атыңа қарай айтылған жақсы сөздерді естіп үкіметте істеп жүргендегі жұмыстарыңа риза болып отырдым. Бірақ қанша жауапты қызметтерде істесең де, ауылға ат ізін салып, жер­лестеріңе көлеңкеңді түсіріп, туған ауылыңа су бүркі­мегенің жарамады» деп қойып қалды. Мынадай сөзді күтпеген залдағы адамдар бірер сәт тып-тыныш болып қалды.

«Аға, сіздің айтып отырған сөздеріңіз өте орынды» деп сөзін бастады мінбеге шыққан депутат. Менің Үкіметте жұмыс істеген кездерім тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен тура келді. Жаңа үкімет құрған уақыттары барлық ауыртпалықтың жүгі бізге, кәсіби мамандарға түсті. Халықтың әлеуметтік жағдайына қарайтын министрлік барлық жұмысын күні-түні қайта қарап, үлкен-үлкен реформа жүргізгенін егжей-тегжейлі айтып берді. Жаңа үкіметтің аяғынан тұрып кетуіне біздің жерлесіміздің қыруар атқарған жұмыстарын естіп залда отырған адамдардың көңіл-күйлері көтеріліп «үп...» деп қалды. Зейнетке шығудың 58, 60 жасы осы кісі министр болып тұрған кезде бекітілген екен. 1995-1996 жылдары адамдардың зейнетке шығу жасы осылай төмен болғаны да рас. Сөзінің арасында келесі аптада туған ауылына барып, марқұм болған ата-бабаларына ас беруді де жос­парлап отырғанын айтты. Партия аппаратының филиалында қызмет істеген соң, кейін депутат ағамен іссапарларда бірге жүріп, елді мекендердегі сайлаушылармен кездесулерінің талай куәсі болдым. Ол кісі қатарынан мәжілістің екі шақырылымының депутаты болды. Өңірге келген әр сапарында сайлаушыларға берген бұрынғы уәдесінің орындалғанын үнемі қадағалап отыратын. Туған ауылының, ауданының және аймағының өркендеп-өсуіне атсалысып, үлкен қаражатты талап ететін жұмыстардың орындалуына мұрындық бола білді. Бірде Асқар ауылындағы кездесуде бір ақсақал жаңадан салынып жатқан ауызсу құрылысының жарты ақшасы келесі жылға жоспарланғанын айтып, сол қаражатты осы жылға қарай жылжытуын сұраған еді. Ақсақалдың сөзін жерге тастамай «тез арада бұл мәселені шешіп берем, шешіп бермесем бұл ауылға қайтып оралмаймын» деп уәде бергенде таң қалғанбыз. Айтқан уәдесінде тұрып, құрылыс сол жылы бітіп ауыл адамдары күзде жаңа құбырдан таза су ішті. Бұл осы кісінің мен білетін көптеген орындалған аманаттарының біреуі ғана. Жоғарыда айтып өткендей аумақтың, аймақтың талай күрделі мәселелерінің шешілуіне атсалыса білді. Меніңше, сыртта жүрсе де, қандай қызметте болса да, сол аумаққа еңбегі сіңген, туған жерінің өсіп-өнуіне атсалысқан осындай адамдарға ауданның Құрметті азаматы атағы талқыланбай, артынан қуып бару керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. Елден артық сыншы жоқ. Олар бар нәрсені таразыға салып, баға беріп, көріп отыратынын ұмытпайық. Сондықтан осы жұмыстарды үйлестіріп отыратын ауданнан құрылған комис­сияның жұмысы ашық және әділетті болғанын жылда күтіп отыратынымыз анық.

Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден

20 қыркүйек 2025 ж. 106 0