Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданның «Құрметті азаматы» атанды

Ауданның «Құрметті азаматы» атанды

Ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне қос­­қан айрықша үлесі үшін жыл­дың қо­рытындысында бе­рі­ле­тін «Сыр­дария ауда­нының Құрметті азаматы» атағын табыстау сал­та­натына бірнеше жыл қа­тарынан қатысып келе­міз. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні ме­ре­кесі қарсаңында ұйым­­дастырылған би­ылғы ма­­­­­ра­­­паттау іс-шарасы ерекше өтті. Ерекше дейтініміз, Құрметті атақ нағыз лайықты азаматтарға берілді. Бұл ретте, Сырдария ауданын 2013-2019 жылдары зор абыроймен алты жылдан астам басқарған Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаевтың «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталуы Құрметті атақтың абыройын асқақтатып, бәсін биіктетіп тұрғандай әсер қалдырды.

Тектінің тұяғы, игі кісілердің ізбасары Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаевтың Сырдария ауданының дамуына сіңірген еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Ауданды түлету мақсатында қолға алынған байыпты бастамаларды іске асыру бағытында ардақты азаматтың ұйқысыз өткен күндері мен түндеріне куәгерміз деп толық айта аламыз. Аудан басшысының қажырлы еңбегінің негізінде барлық сала бойынша 2013-2019 жылдары дамудың оң динамикасына қол жеткізген сырдариялықтардың жарқын да жасампаз жетістіктері аудан тарихына алтын әріппен жазылды. Нәтижелі істердің астарында сол кездегі аудан әкімінің маңдай тері мен ізденісі жатыр десек артық айтқандық емес.

Ғанибек Қазантаев ауданды басқарған тұста серпінді Сырдарияның бірнеше рет «Үздік аудан», «Озат аудан» атанып, облыс аудандарының көшін бастағанын бүгінде сырдариялықтар зор тебіреніспен еске алады. «Ғасыр құрылысы» аталып кеткен үлкен көпірдің пайдалануға берілуі, республика бойынша бірінші рет аудандық бюджет есебінен әлеуметтік нысандардың салынуы, аудан бюджетінің бірнеше есеге артуы, ауданның құрылыс алаңына айналуы, Қоғамдық кеңестер институының құрылып, кейін оның Ұлт жоспары «100 нақты қадамда» көрініс табуы, асар әдісінің жаңғыруы, мемлекеттік бағдарламалардың мерзімінен бұрын орындалуы, ауданның 90 жылдық мерей­тойының тойлануы – аудан басшысының бастамасымен жүргізілген жұмыстардың бір бөлігі ғана. Сондықтан Ғанибек Қонысбекұлына «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының берілуін қажырлы еңбекке берілген лайықты баға ретінде қабылдадық.

«Жүрекпен істелген жұмыстар жүрекке жетеді» деген ұстаныммен ел мүддесін бәрінен биік қойып, ауданды төрге сүйреген азаматты мерейлі марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
16 желтоқсан 2020 ж. 1 115 0