Талғардағы трагедия: Марқұм Шерзаттың үйі өртеніп кетті
Талғарда қайғылы жағдайда қаза болған жасөспірім Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мұндай ақпарат таңертең әлеуметтік желілерде таралды. Оқиғаның куәгерлері өрт сөндіру қызметінің шұғыл әрекетіне қарамастан, үйдің түгі қалмай жанып кеткенін айтты.
Алматы облысы Полиция департаменті өрттің болғанын растады.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, бейнебақылау камералары тексеріліп жатыр.
Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынуда, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары мен оған әкелуі мүмкін себептері анықталуда, - деп атап өтті Полиция департаментінен.
Еске сала кетейік, 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан. Сатып алушы таныстарын шақырып, Шерзатты, оның әкесі мен ағасын пышақ пен қару қолдана отырып, соққының астына алған.
Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды.