Павлодарда 20 жастағы жігітті темекі үшін пышақтап тастаған
Қайғылы оқиға 22 маусым күні Павлодардағы Чкалов көшесінде сағат түнгі үш шамасында болған. Жанжал салдарынан белгісіз азамат 20 жастағы жігітті пышақтаған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі pavon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ұрыз кезінде белгісіз азамат 20 жастағы Павлодар тұрғынын пышақтаған. Ол пышақ жарақатынан жедел жәрдем машинасында көз жұмды», - дейді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.Әлеуметтік желіде бейнебақылау камерасына жазылған видео тарауда. Онда бір топ азаматтың оқиға орнынан асығыс кетіп бара жатқанын байқауға болады.
Желіде тараған жарияланым авторы әрі қаза тапқан жігіттің туысының айтуынша, оқиға орнынан 20 және 24 жастағы 3 жігіт пен 1 қыз қашқан.
Сонымен қатар, ол қайғылы жағдайдың кейбір деректерін айтқан. Оның баяндауынша, қаза тапқан туысының жанына белгісіз азаматтар келіп, одан темекі сұраған. Кейін олардың арасында жанжал туындаған.
Павлодар облысы ІІД-нің ақпаратына сәйкес, аталған оқиғаға қатысты бір күдікті ұсталған.ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлімі» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ іс бойынша сот сараптамасы тағайындалды.