«Қазақстан» шахтасы: 106 жұмысшы шұғыл эвакуацияланды
11 қазанда «Қазақстан» шахтасында болған өрт орнында жұмыстар жүргізіп жатқан жұмысшылар оқиға орнында температураның шамадан тыс көтерілуі себебінен шұғыл түрде жер бетіне шығарылды, деп жазады Egemen.kz.
«17 тамызда «Қазақстан» кенішінде болған апаттан кейін аталған аумаққа (D6 қабатының көмір еңісі) іргелес жатқан ескі қазбаларға және бөгетшелерге тексеру жүргізіліп жатқан. 2003 жылы салынған №С14 бөгетшені тексеру барысында жаңа оқшаулағыш бөгетшені орнату шешімі қабылданды. 11 қазанда жаңа оқшаулағыш бөгетшенің құрылысына дайындық бойынша техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің (КӘАҚҚ) сарбаздары массаның қызып жатқанын анықтады. Бұл туралы хабарланған мезеттен төтенше жағдайды жою жөнінде жоспар енгізіліп, шахтада болған 106 адамның барлығы сағат 13:50-де жер бетіне шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Тексеру жүргізу үшін шахтаға КӘАҚҚ-нің қосымша 2 бөлімшесі жетті», деп мәлімдеді АрселорМиттал Теміртау АҚ баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт 17 тамызда болды. Апат кезінде жер астында болған 227 кеншінің 222–сі жер бетіне жедел шығарылды, 8-і зардап шекті. Шахтаның астында қалған бес кеншінің денесі табылды. 18 тамыздағы жағдай бойынша өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатты. Мемлекет басшысы өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды. 18 қыркүйекте Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жария еткен үкіметтік комиссияның тергеу қорытындысы бойынша жұмыс беруші 100% кінәлі деп танылды.
Фото: freepik.com