Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үй өртке оранды

Үй өртке оранды

Апта ағымында респуб­ли­каға белгілі қолөнер шебері, ісмер Роза Әлбатырованың шаңырағында жайсыз оқиға орын алды. Айдарлы ауы­­лына қарасты Қаныш Сәтпаев көшесінің №23 тұрғын үйі отқа оранып, қызыл жалынның астында қалды.

Негізінен, оқиға 6 ақпан күні кешкі сағат 21.00 шамасында орын алған. Өрттің шығу салдары әзірге белгісіз. Заматында үйде болмаған отбасы мүшелері қызыл жалынды сөндіруге барын салған. Дегенмен, 7 бөлмелі үй жарамсыз күйге айналған. Бұл ретте, қытымыр қыста орасан шығынға ұшыраған отбасы мүшелеріне қайырымды жандар қол ұшын созуда. Айта кетейік, үй­дегі дүние-мүлік пен ересек адамдардың төлқұжаты жанып кеткен. Тек балалардың құжатын алып шығуға мүмкіндік болған.

– Бүтіндей бір отбасының аязды күні үйі өртке оранып, қиындыққа тап болғаны жанға батады. Берекесі тасыған, айрандай ұйыған шаңырақтың ауыртпалығын сез­ген­де ел болып ұйымшылдық танытқан абзал. Алла Тағала қиындық бергенімен, одан шы­ғар жолды көрсетеді.  Біз – қашанда ағайын мен бауырға, жақынға қарайлас­қан, болысқан ата-баба ұрпағымыз. Бұл ретте, ел азаматтары мен жанашыр халық­ты, қау­малаған көпшілікті жалғыз үйінен айы­рылған отбасына көмектесуін сұрай­мын, – дейді Анар Қалдыбаева.

Халық даналығында«Қоғам бар жердің бәрінде ынтымақтасу болатындықтан, қа­­йы­­рым­дылықта та болады» деген сөз бар. Жал­пы, тілеулес, жанашыр ағайынның отбасы мүше­ле­ріне қолғабыс ететініне сене­міз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
11 ақпан 2023 ж. 337 0