Ақтөбеде оқушыларға манту орнына БЦЖ салған медбике ісін прокуратура тексеріп жатыр
Ақтөбеде 42 оқушыға манту сынамасының орнына БЦЖ салынған. Қазіргі кезде прокуратура тексеріп жатыр. Бірнеше комиссия да құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласындағы №74 орта мектеп ата-аналары алаңдаулы. Барлығы 61 оқушының 11-і манту сынамасын алуға қарсы болса, 8-іне дәрігер медициналық тұрғыда вакцина салдыруды шегеруге шешім шығарған.
Өзге 42 оқушыға манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасы беріліп, екі аптада балалардың білегі іріңді жараға айналды.
«Оқиға 13 қыркүйек күні болған. Осы аумаққа қызмет көрсететін «Медикус» жеке медициналық орталығының қызметкерлері мектепке барып, ата-аналар келісімімен манту беруі тиіс еді. Бірақ манту ортына БЦЖ салды. Былай қарағанда бірі сұйықтық, екіншісі ұнтақ. Қателік мейірбикеден кетіп тұр. Осы оқиғадан соң екі комиссия құрылды. Біріншісі, денсаулық сақтау басқармасында. Онда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, инфекционист, иммунолог, аллерголог мамандар бар. Екіншіден, облыстық білім басқармасы шағым түсірді. Мұны медициналық сапаны бақылаушылар тексереді. Олардың қатарында тәуелсіз сарапшылар, ата-аналар бар. Сонымен бірге прокуратура іс қозғап, жұмыс жүргізіп жатыр»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Айта кетейік, БЦЖ берілмес бұрын балаға манту санамасы салынады. Бұл - ағзаның дайындығын тексеруге арналған шара.
Егер манту ісіп кетсе, медициналық тұрғыдан БЦЖ беру кейінге шегеріледі.
«Қателік кеткенін мойындаймыз. Ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бірақ қорқуға еш негізгі жоқ. БЦЖ денеге енген соң әсерін беріп, жара болды. Бұл жақсы. Демек антидене қалыптасып жатыр. Оны шұқып, таңып, мазь жағудың қажеті жоқ. Бәрі бір айдың ішінде жазылады. Қызуы көтерілді, іші ауырды деп ата-аналар хабарласты. Бәрі қалпына келеді», - деді Рүстем Исаев.
Ақпаратқа сүйенсек, «Медикус» медицина орталығы 1999 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Ақтөбе қаласындағы бірнеше аумаққа медициналық қызмет көрсетеді. Биыл бұл орталыққа 600 млн теңге ақша бөлінген. Тексеріс аяқталмай, келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданбайды.
«Қазіргі кезде «Медикус» орталығына тексеру басталды. Барлық материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Айта кетерлігі, мораторийге байланысты соңғы кездері бұл медициналық мекеме тексерілмеді», - деді Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.
Түсіндірме жұмысына арнайы мамандар да қатысып, БЦЖ-ның әсері туралы айтып берді.
«БЦЖ міндетті вакцинаға жатады. Бұл біздің балаларымызды қорғауға арналған. Туберкулез қазір ауыр өтеді. Техникалық қателік кеткенін мойындаймыз. БЦЖ мантудан кейін берілуі керек еді. Бірақ бәрібір бала БЦЖ алуы керек. Реакция болғаны жақсы. Антидене қалыптасып жатыр», - деді облыстың штаттан тыс аллергологі Зәмза Хайруллина.
Ал облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, жағдай еліміздің ғылыми зерттеу орталығына хабарланды.
Ғылыми зерттеу институтынан бас фтизиатор келіп, тәуелсіз тексеру жүргізеді.
«БЦЖ кейбір аллергия тудыруы мүмкін. Басқа кері зияны жоқ. Ауру қоздырмайды», - деді Ерлан Татимов.
Облыстың бас дәрігері Рүстем Исаев осы оқиғадан соң вакцинаға қарсылық күшеюі мүмкін деп қауіптеніп отыр. Сондықтан мектептерде түсіндіру жұмыстары жалғасады.
«Бәрінен кешірім сұраймыз. Грипп, ЖРВИ, коронавирусқа қарсы вакцина салдыру керек болған кезде бұл кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ вакцина бізді түрлі вирустан сақтайды», - деді Р.Исаев.