Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауруды ерте анықтау – дұрыс ем алудың жолы

Ауруды ерте анықтау – дұрыс ем алудың жолы

Дүниежүзі бойынша осыдан 140 жыл бұрын пайда болған туберкулез ауруы немес кох таяқшасын алғаш рет немістің әйгілі дәрігері тапқан. Адам денсаулығына өте зиян жұқпалы ауруды қазақта «құрт ауруы» дейді. Оның емі өткен ғасырда ғана пайда болған. Дерт салдары өлімге әкелетіндіктен онымен күрес үздіксіз жүреді. Аудан бойынша туберкулез дертін алдын алу және оны болдырмау үшін атқарылған іс-шаралар туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмір­баев­пен сұхбаттасқан едік.
– Самалбек Сүлетбекұлы, жыл са­йын 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында дү­ниежүзілік туберкулезге қарсы күрес ай­лығы жарияланады. Әр жылда жаңа ұранмен өтетін айлық кезінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргі­зіліп, жұқпалы дерт туралы кеңінен ақ­­па­рат беріледі. Осы бағыттағы атқарылған іс-шара­лар­ға тоқталсаңыз?
– Ежелден келе жатқан аса жұқпалы ау­ру­­мен күрес бір айда ғана емес, жыл бойы жүр­гізіледі. Дегенмен арнайы айлық жария­ла­натындықтан биылғы жылы іс-шара «Туберкулезге инвестиция салыңыз. Өмірлеріңізді сақтаңыз!» ұранымен өтті. Айлықты өткізудегі мақсат – барлық адамзат баласына осы індет туралы түсіндіріп, үндеу жасау. Туберкулез әлем­­дегі ең көп тараған инфекциялардың бірі екенін ұғындыру. Бұл ауру өкпені ғана емес сонымен қатар адамның барлық ағзаларын сүйек­терін, бүйрек, ми қабақтарын, теріні, көз­ді зақымдайтынын білген жөн.
Нақты цифрларға тоқталсақ, өткен жылы облыста туберкулез ауруының 379 жаңа жағ­дайы есепке алынып, сырқаттанушылық көр­сет­кіш жүз мың халыққа шаққанда 44,5 болды. Ал Сырдария ауданы бойынша 2021 жылы 8 жаңа жағдай тіркеліп, сырқат­танушылық көр­сеткіш 20,8 құрады.
Сырдария аудандық санитариялық-эпи­де­­­­мио­логиялық-бақылау басқар­масымен ту­бер­кулезге қар­сы күр­ес айлығы аясында ау­­­дан­­дық білім бөлімі, «Сырдария аудандық ор­та­лық ауруханасы» ШЖҚ КМК мекемесімен бірлескен бұйрық шығарылып, іс-шара жоспары бекітілді. Негізгі мақсатымыз – Қазақстан Рес­публикасында фтизиопульмонология қыз­ме­тін дамытудың 2021-2025 жылдарға арнал­ған кешенді жоспарды іске асыру.
Аудан бойынша өткен жылы жаңадан тір­келген 8 жағдайдың ішінде өкпе туберкулезі – 6. Оның 3-і туберкулездің ашық түрімен ауырғандар. Өкпеден тыс туберкулезі – 2. Қуанарлық жағдай, 14 жасқа дейінгі балалар арасында аурушаңдық тіркелген жоқ. Десе де, 2 жасөспірімнен аталған дерт анықталды. Туберкулездің асқынған түрімен және туберкулез ауруынан қайтыс болғандар тіркелген жоқ. Жалпы былтырғы көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 14 науқасқа азайды.
– Туберкулезді бұрыннан қазақ халқы «құрт ауруы» дейді. Аурудың қауіптілігі мен жұқтыру көзі, алдын алу туралы айтсаңыз? Туберкулез қандай жағдайда қауіпсіз болады? Жалпы бұл дерт тұқым қуалайды ма?
– Туберкулез – жұқпалы ауру. Көбіне өкпенің қабынуымен белгілі аурудың қазір бірнеше түрі бар. Жалпы адам ағзасының бар­лығында кездесетін туберкулез таяқшасын тарататын, онымен ашық түрде ауыратын адам. Науқас қоршаған ортаға ауа арқылы микробактерия бөледі. Сондықтан науқас өзін оқшаулап, міндетті түрде ем алуы керек. Себебі тұрақты ем ұзақ уақыт жүргізілетіндіктен, толыққанды айығып кетудің кепілі екенін білген жөн.
Тұрғындар жылына міндетті түрде бір рет флюротексеруден өту керек. Ауруды ерте кезде анықтау – дұрыс ем алудың бірден бір жолы.
Сонымен қатар өкпе туберкулезіне шал­дыққан науқас адам жөтелгенде немесе түш­кір­генде ауаға туберкулез бактериясын жая­­ды. Дені сау адамға дерттің жұғуы үшін бак­терияның аз ғана мөлшерімен дем алуы жет­кілікті. Ауруды қоздырғыш бактериялар сырт­қы ортада ұзақ уақыт сақталатындықтан, жыл­дар бойы өмір сүруге қабілетті. Сондықтан сақтық шараларын үнемі жүргізу, яғни гигиена­лық талаптарды сақтаған жағдайда туберкулез қауіпсіз болады.
Туберкулез басқа жұқпалы аурулармен салыстырғанда ол тұқым қуаламайды. Яғни науқас ата-анадан сау бала туылады. Дегенмен, сақтық шараларын сақтамау салдары, туберкулез микробактериясының ішкі ағзаға түсуімен адам ауруға шалдығады. Негізінен, дертке иммунитеті әлсіз жас балалар мен қарт кісілердің шалдығу ықтималдығы жоғары.
Егер сізді екі апта бойы жөтел мазаласа, дене салмағыңыз күрт азайса, түнде тершеңдік байқалса, кеуде қуысыңызда ауырсыну белгісі пайда болса, міндетті түрде дәрігерге көрінуіңіз қажет. Уақыт оздырмай дәрігерге барсаңыз, ден­саулығыңызды сақтауға атсалысқаныңыз. Есіңізде болсын, туберкулездің емі бар және ол тегін жүргізіледі. Әрдайым деніңіздің сау болуы өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз.
– Емдеу мекемесімен туберкулез ауруын анықтау, ем тағайындау, манту сы­насының жүргізілуі мен орындалуына тоқ­талсаңыз?
– Жалпы емдеу мекемесі бойынша 257 адамнан диагностикалық микроскопиялық жұғынды тексеріліп, 8-нен оң нәтиже анықталды. Манту сынамасын қою 4181 балаға жоспарланса, 4145 бала манту сынамасымен қамтылды. Оның ішінде 703 балаға ДСТ (диаскентест) нәтижесі қойылып, ДСТ қорытындысына байланысты 8 балаға химиопрофилактикалық ем тағайындалды.
2021 жылы 1-сыныпқа баратын 762 бала жоспарланса, 745 бала манту сынамасымен қамтылды. Оның ішінде 491 бала теріс, 148 ба­ла күмәнді, 106 бала оң нәтиже берді. БЦЖ вакцинасына 497 бала жоспарланса, оның 491-і егіліп, жоспар 98,8 пайызға орындалды. Оң мәнді 106 балалардың ішінен 97 бала тексеруге іріктеліп, тексеріліп, 3 балаға химиопрофилактикалық ем тағайындалды.Бар­лығы 4181 балаға манту сынамасы жос­пар­ланса, 4145 қамтылып, 99,1 пайызға орындалды.
Аудандық перзентханада тірі туылған бала саны 397, оның ішінде БЦЖ вакцинасымен қамтылғаны 394, қамтылмағаны 3 меди­циналық шегініс негізінде. Флюорографиялық тексеруге тоқталсақ, 2021 жылы 19446 адам жоспарланса, оның 19366-ы, яғни 99,8 пайызы тексерумен қамтыл­ды.
– Туберкулез ауруы анықталғанда ма­ман­дардың іс-қимылы мен атқаратын жұмысын айтып өтсеңіз?
Туберкулез ауруы тіркелгенде мамандар ошақта санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу жүргізеді. Байланыста болған адамдардың ортасын және оның шекарасын айқындайды. Жұмысшылар мен жасөспірімдерден, мектеп оқушысынан, балабақшадан туберкулездің белсенді түрі анықталған жағдайда, байланыс­та болғандардың флюрографиялық зерт­теп-қарау және балалардың туберкулин сынамасы, рекомбинатты туберкулезді аллерген тест эпидкөрсетілім бойынша жүргізіледі. Тіркелген ошақ бойынша ірі қара малдары болса, аудандық ветеринария бөліміне қаулы жол­данады.
Жыл сайын аудан әкімінің өкімі шығарылып, ауданға қарасты мекеме басшылары келісім бойынша бекітіледі. Шешімін таппай тұрған мәселелер үйлестіру кеңесінде қаралып, оң шешімін табады. Аудан орталығында туберкулезге қарсы 40 орынға арналған балабақша бар. Қазіргі таңда балабақшада туберкулез науқастарымен қарым-қатынаста болған балалар тәрбиеленуде.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
26 наурыз 2022 ж. 563 0