Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғын үйді өрттен сақтайық!

Тұрғын үйді өрттен сақтайық!

Жеке тұрғын үйлерде өртті болдырмау мақ­­сатында өрт қауіпсіздігін сақтау, өрттің тілсіз жау екендігі жөнінде аз айтылып жүр­ген жоқ. Сонда да өңірде өрт оқиғалары жеке тұрғын үйлерде көп орын алып отыр. Кейбір адамдар «Күн салқын уақыттарда өрт болмайды» деп ойлауы мүмкін. Десе де олар қателеседі.

Қыс мезгілінде жеке тұрғын үйлерде ережеге сай салынбаған жылу пештерінің ақаулығынан өрт оқиғалары кездесіп жатады. Қыс­қа әзірліктің бірі – жылыту құралдарын мұқият дайындау.

Дұрыс күтім жасалмаған, сондай-ақ дұрыс соғылмаған жылу пештері талай азаматтарды сан соқтырып жатыр. Негізінен, ереже бойынша пештің түтін жолдары 3 айда бір рет ыстан тазартылып оты­ру қажет.

Пештің түтін жолдары үйдің негізгі құрылысынан дербес орналастырылады. Үйдің қабырғасы және жабуы қималарындағы жанбалы құрылыс материалдарымен түтін жолы аралығында бос аралық (противопожарная разделка) кесекпен қаланған көлемі 38 сантиметр, отқа қарсы төзімділік құраммен өңделген қорғағыш пайдаланғанда 25 сантиметрге дейін бос аралық қалдырылуы тиіс. Мұндай бос аралық көлемі балабақша, аурухана, мектептерде, асханаларда көлемі 51 сантиметр болуы шарт. Жылу пешінің алдындағы еденге көлемі 50Х70 сантиметр қаңылтыр қағылады.

Жылу пешін еденнің бетіне орнатуға болмайды. Уақытша қолдан жасалған темір пештерін орнатқан жағдайда, темір пештерінің аяқтарының биіктігі 0,2 метрден кем болмауы тиіс, еденнің бетіне бір қатар кесек өріліп, батпақпен сыланып, темір пеш орнатылады.

Ағаш конструкцияларынан және ағаш жиһаздардан 1 метр қашықтықта, беті сыланған қабырғалардан 0,7 метр қашықтықта орнатылуы тиіс. Негізінен, пешті арнайы мамандығы бар кісілерге соқтырған жөн.

Қыстың күні боранда пештің тартпай қалуы немесе саңы­лауларынан от қашуы салдарынан оны қайта соғып, әбігерге түспес үшін осы күннен, яғни жылы кезде дұрыстап, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай етіп соғып алу қажет. Пеш дұрыс жанбаған немесе жан-жағынан жалын шашқан жағдайда тездетіп арнайы маманға көрсетіп алған дұрыс. Аяқ астынан шыққан өрт зардабы, орны толмас өкінішке душар етеді. Бұл апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі сақтық шараларын жасауы керек.

Ескертпе: Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі қыз­меткерлерінің жұмыс барысында әлдебір келеңсіз жағдайларды байқасаңыз, 21-4-94 нөмірлі сенім телефонына хабарласыңыз.

Сырдария ауданының
төтенше жағдайлар бөлімі
06 қыркүйек 2022 ж. 272 0