Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасқырды жалаң қолмен алған Аязби

Қасқырды жалаң қолмен алған Аязби

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылының тұрғыны Аязби Фазылов жалаң қолмен қасқыр алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елді мекен Жаңақорған ауданының тау беткейінде орналасқан. Жергілікті тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі - мал шаруашылығы.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындары биыл тау жақта малды қасқыр тартып кетіп жатыр дегенді жиі еститін болды. Сондай хабарды естіген Аязби де мотоциклімен таудағы жылқылардың жай-күйін білу білмек мақсатта жолға шыққан. Қасында Жұмағали есімді танысы бар.

«Қара жолмен келе жатқанда жыңғылдың түбінен қасқырдың қаша жөнелгенін көзіміз шалды. Артынан дереу қуалай жөнелдік. Он шақырымдай өткеннен кейін оның артына өзім түстім. Бір мезетте қасқырдың маған айбат шегіп тұрғанын байқадым. Арпалыс басталды. Оның да берісер түрі жоқ. Жарты сағаттай уақыт өткенде ол маған қарай атылды. Жан-дәрменмен қолыма тас алып оны басынан ұрып үлгерді. Қатты соққыдан есінен танып қалды. Тұмсығынан байлап тастадым. Мотоциклдің артына өңгеріп алдым. Жолай ол есін жиды. Алайда бұрынғыдай қауқар көрсетуге шамасы келген жоқ», - деді Аязби Фазылов ҚазАқпарат тілшісіне.

Айтуынша, ұстағаны қасқырдың қаншығы екен.

«Қолыма мылтық алып шыққан кезімде алдымнан қасқыр кездескен емес. Жолай қойшылардың үйіне соқтым. Бір қызығы, иттердің байлауда жатқан түз тағысына беттеп келе алмады. Елдің аузында айтылатын «Иттің сырттаны ғана қасқырды алады» деген сөздің растығына тағы бір мәрте көзін жеткіздім», - деді ол.
19 қазан 2020 ж. 550 0