Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлболды ишан

Құлболды ишан


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында суықта пана, ыстықта сая болған, халықтың сауатын ашуға еңбек етіп, есімдері ел есінде қалған біртуар перзенттерді жас ұрпақ білуі тиістігін атап өтті. Ұлт Көшбасшысы биылғы жаңа Жолдауда да рухани жаңғыру өзегі жастардың тарихты, мәдениетті білуімен байланысты екеніне тоқталды. Әрине, кешегі тарих – бүгінгі өмір бастауы. Сол себепті де кешегінің данышпаны, білімдары бүгінгінің және келешек ұрпақтың үлгі тұтар тұлғасы. Оларды түгендеп отыру арқылы біз рухани қазынамызды толықтырып оты­рамыз. Сондықтан осы рухани жаңғыру аясында біз аудан көлеміндегі халық үшін аянбай еңбек етіп, елдің елеулісі болған тұлғаларды көпке үлгі етудеміз. Бүгінгі нөмірде дарындылардың мекені болған Қоғалыкөлден шыққан Құлболды ишан жайлы айтпақпыз.
Құлболды ишан – Қажы Мәді (Диуана) қожаның үлкен ұлы Қожжанның төртінші ұрпағы. Ол 1775-1880 жылдар шамасында өмір сүрген. Жас кезінде Ысмайыл Әздүр молдадан арабша оқып үйренеді. Бұһарадағы, Самархандтағы діни оқулар «Мир Араб», «Көкілташ» медреселерін бітіріп, Сыр бойындағы Айтқожа, Марал ишандармен бірге Ауғанстандағы ислам шейхынан дәріс алады.
Медреседе білім алып жүргенде-ақ ұстаздары оның білімпаздығына тәнті болып,  ерекше дарын­дылығын білген. Оған сенім де артқан.
Медресе оқып жүрген кезінде оған дәріс беруші ұстазы үлкен сенім көрсетіп, өзі жоқта орнына қойып кетеді. Ол кезде Құлболдының оқығанына бір-ақ жыл болған. Бірақ ынталылығының, зе­ректігінің арқасында өз қатарлары арасында озық болған. 
Ұстаздың өзі жоқта Құлболдыны қойып кет­кеніне бұрыннан оқып жүргендер іштей реніш білдіріп жүреді. Бұны сезген ұстаз бір күні барлық шәкірттер сыртта жүргенде, Құран кітапты таза матаға орап, босағаның бір бұрышына кө­рінбейтіндей етіп тығады. Уақыты болғанда шәкірттер медресеге бәрі апыр-топыр кірген. Тек қана Құлболды босағаны аттамай, кідіріп қалады. 
– Ау, неғып тұрсың, ішке кірмедің бе? – дегенге Құлболды:
– Тақсыр, босағада бір қасиетті зат бар, аттай алмай тұрмын, – дейді. Ұстаз шәкірттерінің көзінше босағада тығулы тұрған Құранды алып көрсетіп, Құлболдының алғырлығын, қасиеттілігін, неге өзінің орнына қалдырып жүргендігін дәлелдейді. 
Құлболды ишан «Мир Араб» медресесін бі­тір­геннен кейін қазіргі Сырдария ауданының тө­ңірегінде өмір сүріп, исламды уағыздаған, ем­шілікпен айналысқан. Ол өте мейірбанды, ғұлама жан болған. Ишанның алдына барып бала сұрағандар балалы болып, дертке шалдыққандар құлан таза жазылған. Құлболдының құдыретіне Ташкенттің бегі де тәнті болған деседі. Оның қуаңшылық жылдары түрлі дұға оқу арқылы бұлт шақырып, жауын жауғызғаны туралы аңыз-әңгіме бар.
Бір жылы жауын-шашын аз болып, жайлаудағы құдықтар құрғап, шөп қурай бастайды. Ауыл ақсақалдары не істерін білмей, дағдарып қалады. Ақыры, жиналып, ақылдасу үшін Құлболды ишанға барған. 
– Тақсыр, ел әбден титықтады. Қуаңшылықтан жер табаны тартылып барады. Мал-жанның берекесі кетті, бұған не амал бар, қандай ақыл бересіз, – дейді көпшілік. 
– Уа, ағайын, бәрі де Құдайдың ісімен болатын нәрсе. Сонда да қол қусырып отырғанымыз жарамас, ауылды жинап, құрбандық шалып, тасаттық берудің қамын жасаңыздар. Мен Расул Алла медет берсе, жаңбыр жаудыр деп тілейін, – дейді. 
– Тақсыр, айтқаныңызды орындауға бек әзір­­­міз, - дейді жұртшылық. Құлболды ишан жас жігіттерге үй-үйден арқан жинатады. Оны бір-бірімен ұштастыра жалғатады. Төбенің басына оңаша үй тіктіріп, үйді айналдыра арқан тастатып, өзі үй ортасына отырып, бетін құбылаға қарай беріп, қирағаттап дұға оқуға кіріседі. Ишанның қоңыр дауыспен мақамды оқыған дұғасын еліте тыңдап тұрған ауылдастары бір жағынан «не керемет болар екен» деген әуестікпен төбе басында тігілген үйден көз айырмайды. Бір үйде тасаттық беріліп жатады. Ишан дұғаны үзбейді. Арада бие сауымдай уақыт өткенде Құдайдың құдіретімен үйді айнала шұбатылып жатқан арқанға жан біткендей, қозғала бастайды. Мұны көргендер «бісмілләларын» айтып, жағаларын ұстайды. Арқан ирелеңдеген алып аждаһадай бірте-бірте басын көтеріп, бойын тіктей, көкке қарай өрлейді. Өрлей-өрлей барып, зеңгір көкке біржолата сіңіп кетеді. Ишанның бұл кереметін көрген көпшілік аң-таң болып тұрғанда, шайдай ашық аспанды ақ шудалы бұлт тұмшалай бастайды. Бұлт қоюланып, ауырлай түседі. Құрғақшылықтан кезенесі кеуіп жатқан дала телегей-теңіз судың астында қалады. Осылайша, Құлболды ишан елді қуаңшылықтан құтқарып қалған.
Жанына, дертіне медет іздегендер де, басқа да Ақмешіт маңындағы халықтардың көпшілігі қайыр садақасын дін қайраткеріне әкеліп беретін болған. Соның есебінен ол балаларды сауаттандыру үшін, халықтың намаз оқуы үшін үлкен мешіт салдырған. Сондай-ақ, мейманхана, асхана да болған. 
«Құлболды» мешітіне имам, әрі ұстаз болып Мырзақожа палуанның баласы Әбдіхан сопы халыққа қызмет жасаған. Көп адамдар осы кісіден дәріс алып шыққан. Телікөлдің найманы Ораза ишан осы Құлболды бабамызға қызмет етіп, оқып, ислам дінін жетік меңгеріпті. Дін ғұламасының берген шатыр хатының көшірмесі осы уақытқа дейін сақтаулы. 
Ел арасында ишанның Тұрсынбай датқаны тұтқыннан босатып алғаны жайлы да аңыз-әңгіме тарап кеткен.
Қоқан хандығының билігі жүріп тұрған шақта ханға халықтан түсім аз түсе бастаған. Содан хан Тұрсынбай датқаны жұмсайды. Датқа көп әскермен Құлболды ишан ауылының жанына келіп, ертеңіне шаппақшы болып, қонып жатады. Түнімен Тұрсынбай датқа да, оның сарбаздары да ұйқы көрмей, шыбын-шіркей, шаяндардың шағуынан әбігерге түсіреді. Өмірі мұндай жағдайды кездестірмеген датқа райынан қайтып, сый-сияпатын алып, аз нөкерімен ишанға сәлем бере келеді. Ол мұнда келгендегі ойын айтып, кешірім сұрап, Құлболдымен ақыреттік дос болыпты. Осыдан соң Тұрсынбай датқа мен Қоқан ханының арасы дұрыс болмай, ақыры хан датқаны зынданға салып, тұтқындайды. Сонда Тұрсынбай датқа «Мені бір құтқарса, Құлболды ишан ғана құтқарады» деп астыртын хабар жібереді. Хабар тиісімен Құлболды ишан ханның алдына келеді. Ғұлама келгенде хан орнынан атып тұрып, қол беріп амандасады. Жанына отырғызып, ишанның өтінішіне «Құп, тақсыр, өтінішіңіз орындалады» деп бәйек болады. Хан тұтқындағы Тұрсынбай датқаны босатып, кешірім сұрап, айыппұл төлейді. Үлкен құрметпен, арнайы пәуескемен шығарып салған. Ешкімге иілмей жүрген ханның бұл күйіне таң қалған бас уәзірі: 
– Уа, бегім қазақтың бір қара шалының алдына соншама кішірейгеніңіздің себебі неде?» – дейді. Өз-өзіне келе алмаған бек:
– Ой, сен не білесің, бір Тұрсынбай емес, ол сұрағанда Ташкентті халқымен беріп, сені құрбандыққа шалып, қалған уәзірлерімді құл­дыққа берер едім. Ол есіктен кіріп келгенде екі иығындағы екі айдаһардан жаным табанымның ұшына шықты, не істеп қойғанымды өзім білмедім, – депті.
Негізі, дін жолын ұстаған әулие кісілер өз­дерінің өмірден өтер сәтін сезетіні жайлы көптеген аңыз-әңгімелер қалған. Мұны Құлболды ишан да сезіп-білген. Ол өмірден өтерінің алдында «Мен о дүниелік болып бара жатырмын. Мен өлген соң Арқадан Оспан есімді руы Қыпшақ кісіні әкеледі. Соны менің жаныма жерлеңдер», – дейді. Айтқанындай, Құлболды ишан өмірден өтіп, жерленген күннің ертеңіне аталған кісіні Арқадан алып келеді. Былғарыдан тігілген кебінге салынған мүрде бұзылмаған қалпы Құлболды ишанның қасына жерленеді. Кейіннен Тұрсынбай датқа басына күмбез тұрғызған. Қазір сол күмбездің ішінде екі сағана бар. Бірі Құлболды ишандікі, екіншісі Оспан сағанасы. Ол кісінің де тегін адам еместігі анық. Оң жақ ішкі босағада ең кіші немересі Әбу Мақсұм, сыртқы есік алдында Абзал Мақсұм жатыр. Батыс жақ төрт құлақтың ішінде Тоғжан анамыздан бастап балалары, немерелері жерленген. 
2002 жылы Құлболды ишан кесенесі қайтадан жаңғыртылып салынды. Дін қайраткері «Құдай бір, пайғамбар хақ, Құран шын» деп өткен кісі. Ол дүние-мүлік жинамаған, оны керек те етпеген. Елдің бірлігі, адамзаттың татулығын ойлап, діннің құдыреттілігін түсіндіріп өткен.
Ғұламаның Әубәкір, Омар, Пазыл атты ұл­дарынан тараған ұрпақтары Астана, Алматы, Тараз, Шымкент облыстарында, дені Қызылорда облысында тұрақтаған. Бір немересі Құламқадір ишан әрі болыс, әрі ишан болған. Бұл кісі туралы Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың шығармаларында біраз айтылады. Екінші не­мересі Әбдіхалық Меккеге үш рет барған. Үшін­ші барғанында Меккедегі «Мухаммедия» медресесінде шежіре жаздырып алған. Ол 1903 жылы әкелінген. Осы шежіре бойынша Құлболды ишан Әзірет Әлінің 43 ұрпағы – Әзіретәлінің үшінші баласы Мұхаммед Әнапиядан тарайды. Мұны кезінде Халифа Алтай оқып «Шырақтарым өте қадірлі зат екен, дұрыс сақтаңыздар» деген. Кейіннен Түркиядан ғалымдар келгенде И.Адырбеков сол кісілерге көрсеткен. Мұның құнды дүние екенін біліп, «облыс тарихына керек» деп Қызылордадағы орталық мұрағатқа қойдырыпты. Қазір ұрпақтарында көшірмесі бар. 
Құлболды ишанның елге, халыққа жасаған еңбектері ұшан-теңіз. Біз жеткізген аңыз-әңгімелер соның бір парасы ғана. Дін қайраткерінің өзге де қасиеттері туралы тарихи деректерге сүйеніп, түрлі құжаттар арқылы халыққа жеткізу –  келешектің ісі.

Ердос БЕРКІНБАЕВ

30 қаңтар 2018 ж. 8 485 961

canadian pharmacy от 28 шілде 2020 03:52

pharmacy canada от 28 шілде 2020 04:32

online pharmacy reviews от 28 шілде 2020 05:03

canadian pharmacies от 28 шілде 2020 05:04

canada pharmacy online от 28 шілде 2020 08:50

online pharmacy canada от 29 шілде 2020 08:23

online pharmacy reviews от 30 шілде 2020 15:38

canadian online pharmacy от 30 шілде 2020 16:45

online pharmacy от 30 шілде 2020 17:07

canadian pharmacies mail order от 30 шілде 2020 23:45

online pharmacies legitimate от 31 шілде 2020 01:06

canadian pharmacies от 31 шілде 2020 03:56

northwestpharmacy от 2 тамыз 2020 19:33