Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДОС ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

ДОС ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыт неткен жүйрік. 27 тамызда досымыз, кластасымыз Әбдиев Ғалымбектің туған күні. Арамызда жүрсе 56-ға толар еді.
Мектеп қабырғасында бәріміз арманшыл, білімпаз болдық. Алайда, Ғалымбектің орны ортамызда ерекше еді.
Мектеп кезінде. Тереңөзектегі №36 мектептің 9-10 «В» класында (1978-1980 жылдар) бәріміз үздік оқыдық десем, артық айтқандық емес. Өйткені, 8 жылдық №210 мектепті жақсы бітіргендерден құралдық. Озаттар – Оспанова Марина (Алматыда), Сүндетбаева Шолпан (Байқоңырда), Кырлыч Наташа (Калининградта), Быстряков Витя (Тереңөзекте), Қалмақова Ғалия (Тереңөзекте), Хегай Валя (Москвада). Барлығымызды тізіп айта беруге болады.
Бірақ, математика, химия, геометрия, сызу, сурет салудан Ғалым ешкімді алдына түсірмейтін. Талай рет мен үшін қиын сызу мен суреттерді уақыт жоқ демей, ерінбей, жалықпай, салып беріп жүрді. Әлі есімде, химиядан есеп шығару екеуміз үшін керемет хобби болатын, тіпті каникул кезінде де. Ал, олар мектеп оқушыларына емес, университет студенттеріне арналған есептер.
Студенттік шақ. Алматы архитектура-құрылыс институтында оқығанда талай куә болдым – жатақханадағы біраз студенттің қиын үй тапсырмаларын Ғалым жасап отыратын. Оны курстас жігіттері «профессор» деп атайтын. Өте сыйлы болатын.
Жеке қасиеттері. Қолы алтын. Істеген ісі тындырымды, тыңғылықты. Ол жүрген жер оазис болып кететін.
Аэропорттың маңында дача салып, соны гүлдендіріп, өнімін алып жүрді. Қолы босай қалса, сол жаққа асығатын. Оны одан сайын керемет қылып, Гүлнар жұбайы жалғастырып келеді.
Ал, Мұратбаев көшесіндегі Әбдиевтер тұрған үйдің ауласы ше? Арықтары түп-түзу. Қиылыс жерлері құламасын деп, бетон құйып қойған. Мал қорасын көрсең, бұл үйде немістер тұра ма деп қаласың. Соның көбісін Ғалымның өзі жасаған.
Менің анам: «Ғалымбекке қарашы, киімі де тап-таза, ісі де тиянақты» деп талай үлгі қылып айтатын.
Мінезі қандай ашық болса, қолы да сондай ашық. Балалық шақтағы бір оқиғаны айтайын.
Ол уақытта молшылық заман емес. Көп нәрсе жетіспейтін, дефицит. Дәл есімде жоқ, алтыншы немесе жетінші класта оқып жүргенде, Ғалымның қолына 6 сом ақша түсті. Сол кезде масқара көп ақша. Ғалымның ақкөңілділігі сондай, бізге сол ақшаны көрсетіп, «бұған не аламыз?» деді. Әрине, бала кезде түрлі тәттіні жегің келеді. Біраз вариант айтылды. Содан біреуіміз «колбаса алайық» деп қалдық. Ол заманда шұжық қымбат. Анда-санда жейсің, онда да 2-3 тілімге қанағат қыласың.
Колбаса алуға бірауыздан келістік. Алты сомды түгел соған жұмсадық. Тіпті, нанға да бір тиын қимадық. Біраз түсті. Мектепте еңбек сабағы өтетін ескі ғимарат бар еді. Соның артына барып, оншақты бала жеп алдық. Сонда бір тойғанымыз осы күнге дейін есімнен кетпейді. Дәмі әлі аузымда. Ғалым бізге айтпай-ақ, сол ақшаны өз қалауынша жұмсаса да, кім біліп жатыр.
Ерекше бір қасиеті – батырлығы. Несін жасырамыз, бізге СПТУ-дың жігіттері күш көрсетіп, қысым жасайтын. Кейде мектепке келіп, кейбірімізді сабап та жүрді. Ешқайсысымыз бата алмадық. Бір күні Ғалым бүкіл топқа бір өзі қарсы шығып, беттерін қайтарып тастады. Содан кейін олар да жолаған емес.
Достар арасында. Ғалымбек қай кезде де жақсылықтың ұйытқысы болып жүретін. Бәріміздің басымызды қосып, жоқтан бар жасап, ылғи шағын отырыстың соңын мерекеге айналдырып жіберетін. Кімнің жақсылығы, кімнің қиыншылығы болсын, дер кезінде біліп, бәрімізді ұйымдастыратын. Дос­тар арасындағы алтын көпір еді.
Отбасында. Гүлнарды қатты сүйетін де, сыйлайтын да. «Гүлнарым сонау Москвада институтты бітірген» – деп мақтаныш ететін. Қызмет бабымен жиі іссапарда жүрді. Бірақ, келген сайын балаларын ойыншықтармен көміп, олардан уақытын аямайтын.
Қолынан ылғи Гүлнарға – гүл, балаларына – сыйлықты көресің.
«Сен неге Ғалымдай болып, гүл сыйламайсың маған» – деп менің жұбайымның ренжігені бар. Содан кейін мен де түзеліп, Зухраға гүлді жиірек беретін болдым.
Сөз түйіні. Бір сөзбен, Ғалекең –адамгершілігі жоғары, білімі терең, беделді,қадірлі досымыз еді. Ешкімнің көңілін қалдырған емес. Кластас десе, дос десе, ішкен асын жерге қоятын.
Бір минут та бос уақыты жоқ. Ылғи бірнәрсемен айналысып, бір жаққа асығып жүретін. Өмір сүруге сондай құштар болды. Алла аз уақыт бергенін сезді ме екен?!
Ғалым өмірден озғаннан кейін бар ауыртпалық Гүлнардың мойнына түсті. Бірақ, ол мойыған жоқ. Тағдырдың соққысына қарсы тұрып, бар білімін, күш-жігерін балаларының тәрбиесіне жұмсады. Қызмет жасап, үлкен компанияда абыройлы еңбек етіп келеді. Соның арқасында балаларын жеткізді.
Ғалымның артында қалған екі қызы, бір ұлы бар.
Айман мен Айжан Алматыда жоғары оқу орындарын бітіріп, қызмет жасап жүр. Екеуі де екі әулетке келін болып түсіп, ана бақытын көріп жатыр. Ғалымның күйеу балалары – Бағдат пен Қасымхан да абыройлы қызметтерде.
Асылдың тұяғы Ғалымбекұлы Асқар – Ұлттық зерттеу технология университетінің (МИСиС) 5-ші курс студенті. Форбстың биылғы рейтингісі бойынша бұл Ресейдің ең мықты техникалық оқу орны. «Ұлым келешекте Москвада оқыса екен» – деген Ғалымның арманы осымен орындалды.
Ғалекеңнің өмірден озғанына биыл 18 жыл. Қанша жыл өтсе де ол бізбен бірге, жарқын бейнесі жадымызда. Оны ешуақытта ұмытпаймыз.
Ғалымның артында өшпес ізі, жақсы істері қалды. Тәрбиелі балалары, ошағының отын сөндірмей отырған Гүлнардай сүйген жары бар. «Орнында бар оңалар» деген осы.
Досымыз Ғалымның жатқан жері жайлы болсын.
Бәрімізге амандық пен саулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін.
***
P.S. Мұның барлығын неге жазып отырмын?
Ғалымның қандай керемет азамат, адал дос болғанын балалары білсін, аталарының бар жақсы қасиетін немерелері бойларына сіңірсін, ал құдалары мақтаныш етіп жүрсін деген ізгі оймен кластасы, досы, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы».

Жақып Асанов,
Нұр-Сұлтан қаласы
30 тамыз 2019 ж. 682 0