Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

№ 28 газет

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ҚАНИПАНЫҢ АЖАЛЫ

ҚАНИПАНЫҢ АЖАЛЫ

Қанипа жолда келе жатып, ұзақ ойға шомды. Әпкесінің айтқаны ойына түссе, жанын қоярға жер таппайды. Осы жағдайға қалай жеткеніне түсінбей әлек.
...Санжардың барында көршісі Николайды анау-мынауға қолғабыс жасауға жиі шақыратын. Жалақы алған сайын оған ақша беретін. Сосын ба, әлде өзі ақкөңілділігінен бе, әйтеуір Санжар шақырса жетіп келетін. Сылтау айтуды білмейтін. Бірде, сыралатып отырып, күйеуі жаңадан үй көтерсем деген ойын да ақтарып салды.
– Өте дұрыс, Сәке! Өзің білдей бір мекеменің бастығысың. Үй салу деген не?!
Ол екі алақанын ысқылап,– Егер үй көтерсең өзім басында боламын, – деп Санжарға дем беріп қойды.
Шынында да оның қолынан көп нәрсе келеді. Істеген жұмысы тап-тұйнақтай. Ауыл-аймақта Николайдың ісмерлігіне тәнті болмаған жан жоқ. Ол бәлсінуді білмейді. Жаздай кім үй салса, пеш бұзса, монша соқса да, мал қора соқса да Николайдың қатысуынсыз өтпейді. Ұялғандары қолына ақша ұстатады, ұялмағандары бір шөлмек арақ беріп жібере салады. Ондайда үндемей, қолына түскенді алып жүре береді.
Арада бір-екі күн өткенде Санжар екеуі ауылдағы жерді өлшеп, болашақ үйдің іргетасын қалауға жоспар жасады.
– Сәке, мен сізге айтайын, үйді өте үлкен етіп салудың қажеті жоқ. Қазақтар жиырмада жиырма етіп үй салады да, соның бір бөлмесінде ғана тұрады. Одан да мансардный үй салыңыз. Төбеде 2-3 жатын бөлме болса, астында асхана, санузел сосын қонақ келсе отыратын үлкен бөлме болса болды емес пе?
– Ой, Николай сенің басың бас екен. Санжар оның арқасынан қақты
– Тура менің бауырым сияқтысың, тек орыс болғаның болмаса?!
Ол рахаттана күліп алды. Николай да мәз. Бір кезде басын көтеріп, Санжарға қарап:
– Мені орыс деп кім айтты. Мен арғынмын. Кейде жағдайға қарай қожа да боламын.
Екеуі тағы күлді. Бір кезде Қанипа екеуін асқа шақырды.
– Сәке, тамақ дайын. Дастарханға келіңіздер.
Екеуі қол жуып, үйге кірді.
– Санжар, сенің мына үйің де жаман емес. Шамалы жөндеп, обойды өзгертсең жап-жақсы ақша болады. Сол ақшаға зәңкитіп үй салуға болады, – деді. – Ешкімнен қарыз алмайсың, кредиттің де керегі жоқ.
– Иә, оны ойланып көрейін. Жә, Жарайды, Коля. Бәрі ретімен бола жатар. Тамақ алайық.
– Коля, осы Санжардың үй салғанынан саған не пайда?! Осылай бойдақ болып жүре бересің бе?! Одан да үйленіп алсаңшы?, – деді Қанипа ойына келгенді айта салатын әдетімен.
Санжар да, Николай да аңтарылып қарап қалыпты. Көршісі қозғалақтап, орнынан тұрмақ еді, Санжар иығынан басып, орындыққа қайта отырғызды.
– Жеңеше, менің тамақ ішкенімді қызғандың ба? Мен жәй, Сәкеңе көмектеспекке келгенмін.
Қанипа да ыңғайсызданып қалды.
– Жооқ, о не дегенің! Сен Сәкеңе серік боласың, сонда маған кім көмектеседі, – деп жуып-шайған болды.
Сөйтіп, сол жылы Николай жаздай қалада жүріп ақша тапты. Күзге қарай қасына қас пен көзі қиылған әдемі келіншекті ерте келді. Келісімен Санжардікіне келіп, сәлемдесті. Қасындағысын таныстырды. Ол келіншек те адам жатырқамайтын болып шықты. Николай осы үйге келсе, ол да ере келеді. Сол жылы Фарида бақшадағы бар байлықты банкіге жапқан Қанипаның нағыз көмекшісі болды. Оның соңы жууға ұласты. Қанипа алғашында кішкентайын сылтауратып, олармен бірге көп отырмауға тырысатын. Кейіннен аздап стакан соғыстырып қана отыратын болды. Бірде Санжар Қанипаға дубленка әкеліп берді. Алдағы туған күніне. Оны жуды. Сол кезде Фариданың түрі құбылып, қызғанышын аздап білдіріп те қойды. Бірақ оған мән берген ешкім жоқ.
Бір күні күйеуі Қанипаға телефон соғып, ертең ертемен жол жүретінін, іс сапар екі аптаға созылатынын айтты. Жұмыстан ертерек шығып, киімдерін дайындауды өтінді.
Сол жолы Санжар үш аптада үйге әрең жетті. Жолсоқты болған соң тамаққа да зауқы болмады. Басы жастыққа тиісімен қор ете қалды. Анасы екі баланың дыбысын шығармай, басқа бөлмеде отырды.
Қанипа келемін дегенше ет қайнатып қойған. Әбден пісіп тұр екен. Ол келе еттің қамырын бастырып, енелі-келінді шәй ішіп алды.
Ет пісіп, дастарханға келгенде Санжар да ұйқыдан оянды.
Арада зуылдап екі жыл да өте шықты. Осы екі жылда Николай мен Фарида Санжар мен Қанипаның нағыз туысына айналды. Асхана тірлігі Фаридасыз бітпейтін болды.
Бір күні енесі оңашаны пайдаланып Қанипаға:
– Осы Фарида дегенің маған ұнамай-ақ қойды. Көрген сайын ішінде бір қулығы бар адам секілді көрінеді де тұрады, – деді.
– Туу, апатай – ай! Оған басыңызды қатырып қайтесіз. Ол өте жақсы адам. Көп қиындық көріп өскен ғой. Балалар үйінде тәрбиеленген. Қолынан келмейтіні жоқ. Өзі сондай аңқылдаған ақкөңіл адам. Енді аздап тырысып қалатын мінезі бар, – деді Қанипа да оны қызғыштай қорғап.
– Өздерің біліңдер, шырағым. Бірақ, айтқаным айтқан, осы адамыңның түбінде бір шикілік бар. Қалай болғанда да абай бол! Мен енді елге қайтайын.
Сол күні Қанипаның есінен енесі айтқан сөздер біразға дейін кетпей қойды. Онысын Санжарға айтып еді, «қайдам» дегендей сыңай білдірді. Сөзге аса мән бере қойған жоқ. Көп ұзамай жол апатынан күйеуі қайтыс болғанда да осы Фарида Қанипаның күндіз-түні қасынан шықпады. Неге екені белгісіз Санжардың туыс­тары жиналатын болса анау-мынау сылтау айтып, көп жолай қоймайды. Жылдық асын бергенде де Фарида төбе көрсетпеді. Осыған таңырқап жүргенде енесі:
– Көршің көрінбейді ғой. Әншейінде осы үйден шықпайтын еді, – деп қалды.
– Білмеймін, шаруаларымен жүрген шығар, – деп қоя салды Қанипа да мән бермегенсіп. Бірақ іштей «неге?» деген сұрақ мазалады. Кісі аяғы басылып, өздері оңаша қалғанда «Ой, бауырымдап» біреу келді. Санжардың әскерде бірге болған досы екен. Оның толық аты-жөнін ешкім білмейді. Бірақ, Николай «Сәке» дейді. Сол Сәкең Қанипаның туған күнінде тағы пайда болды.
Қанипа сол оқиға ойына түскенде ұяттан өлердей болды. Бірақ, болар іс болды. Енді ондай адамдарды жанына жолатпауға өзіне-өзі серт берді.
Оймен арпалысып келе жатқанда ауылға жақындағанын білмей қалды. Ол мойнына сырғып түскен орамалын жөндеп, орнынан тұрды.
...Ала-жаздай ата-әжесінің қасында болған балаларын әбден сағынып қалған екен. Ақар-шақар болды да қалды. Балалары да бір түрлі есейіп қалғандай көрінді. Шәй үстінде атасы сөз бастады.
– Қарағым, айналайын, адамнан да, Құдайдан да Санжарымның өлімін тілемеп едім. Тағдыр солай болды. Бізге де, саған да оңай емес. Көзінің тірісінде балам «қаладан үлкен жай салмақшымын» деуші еді. Отырған үйлерің де жаман емес. Дегенмен, айтайын дегенім, мына екі баланы осында қалдыр. Бұлар бізге, біз бұларға бауыр басып қалдық. Мына кемпір сабағына қарайды, мезгілімен тамағын беріп, қадағалайды, – деп бір қойды да, келініне барлай қарады. Қанипада үн жоқ, төмен қараған күйі жер шұқып отыр.
– Мен сені балаңнан айырайын деп отырғаным жоқ. Осы бұзықтар есейгенше көмектессек дейміз. Қаланың жайы белгілі ғой. Ерте кетіп, кеш келесің... Енең барғысы келеді. Мына жақта қанша шаруа бар. Оны да қимайды. Құдайға шүкір, қолдағы бар аз ғана мал әжетке жарап тұр. Ішіп-жеп, тамақ бәрі өзімізден. Бұған қалай қарайсың?!
Қанипа аз-кем үнсіздіктен соң әңгіме бастады.
– Папа, айтып отырғаныңыздың бәрі дұрыс қой. Бірақ, мен жалғыз қалай тұрамын. Жұмыс істеп, мына балаларды аяққа тұрғызуым керек қой, – деді кемсеңдеп. – Сіздердің арқаларыңызда ештеңеден тарлық көрмедік. Санжар «түбі әке-шешемді қолыма аламын» дейтін. Егер қаласаңыздар бірге тұрайық.
Үй ішін тыныштық жайлады. Бір кезде сөзге енесі араласты.
– Қанипажан, «ал бүгін кеттік» дегенге желпілдеп кете беретін жас бала емеспіз. Оның үстіне қанша тірлік бар. Ағайын-туыстың бәрі осында. Егер қаласаң, өзің осында кел. Жұмыс табылар. «Жоқ болмайды жұмыс істеймін десең демалысыңда келіп тұрарсың. Ойлан», – деді.
Осы кезде төргі бөлмеден екі баласы шыға келді. Су жаңа костюм-шалбар, сумка, аяқ киімі де жаңа, жалтырап тұр.
– Мама, мама, қараңызшы. Атам мен әжем әперді.
– Ботақандарым сол. Киіміңді енді әперем деп отырсам, әжең бәрін тақтап қойыпты ғой. Ол іркіліп келіп қалған көз жасын көрсеткісі келмей сыртқа шықты. Аулада тұрып, ата-енесінің айтқанын ой елегінен өткізді. Шынында да азанда кетіп, кеш келеді. Ал, балаларының жайы қалай болмақ?! Ересек болса сөз басқа. Олардың сабағы, тамағы... Санжар болса бір сәрі, қазір оларды сабаққа апарып, әкелудің өзі бір жұмыс. Ол бір шешімге келгендей болды. Дастархан басында отырған ата-енесіне:
– Папа, мама, сіздердікі жөн шығар. Биылша сіздермен бірге бола берсін. Демалыс сайын келіп тұрамын, – деді.
Ата-енесі бұл шешімге шын қуанды.
– Айналайын, келінжан, өркенің өссін! Есті баласың ғой. Үлкендердің тілін алсаң жаман болмайсың. Сосын жайдары дауыспен
– Әй, кемпір, – деді қуанышын жасыра алмай. – Балалар дастарханға келсін. Бата берейін, – деді.
Сол күні балаларымен бірге болып, Санжардың бейітіне соққан Қанипа ертесіне жолға шықты. Иығынан ауыр бір жүк түскендей болды.
Осылайша, күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Бір күні қалалық маршрутпен келе жатып, бір аялдамада таныс бейне жылт ете қалды. Терезенің әйнегін қолымен сипалап, әлгі бейнеге мұқият қарап еді, ол да мұны таныды ма, автобус күткендердің арасына жасырынды. Содан көпке дейін әлгі бейне көз алдынан да, есінен де кетпеді. Сол күні әпкесінікіне қонды.
Әпкесіне көргенін айтып еді, ол да секем алып, – Ол сұрқия қатын келген екен ғой, жоқ болып кетіп еді, – деп қалды.
–Тәте, оның жоқ болып кеткенін қайдан білесің?! Ол қайда кетіп еді, – деген Қанипаға, өзінің бір кезде органда істегенін пайдаланып, Фариданың кім екенін сұрастырғанын айтты. Білуінше, ол адамдарды алдап, арбаумен айналысқан. Сол үшін істі де болған көрінеді. Бірақ, айғақ жетіспегендіктен іс тоқтатылған. Ол көбіне жалғызбасты, ешкімі жоқ кісілерді төңіректеп жүретін көрінеді. Бірнеше күн Қанипаның туған күнін тойлап, үйін тонаған да осылар екен. Бірақ, содан кейін Николай да іс-түссіз жоғалып кеткен. Ал ойда-жоқта пайда болған Николайдың танысы Сәкең, Фариданың сыбайласы болып шықты. Қазір екеуі де іздеуде. Осы әңгімеден кейін Қанипадан маза қашты. Ол көбіне әпкесінікіне қонып жүрді. Демалыс болса ауылға кетіп қалады. Сөйтіп жүргенде көктем болды. Бір күні әпкесі:
– Қанипа, үйіңді сатып, сол қаражатқа қаланың ортасынан 3-4 бөлмелі пәтер алсаңшы, – деді. Қанипа ойланып қалды.
– Дағарадай бір үйде бір өзің. Мен кейде қорқамын. Әпкесінің дауысы дірілдеп, сіңілісін бауырына басты.
– Көп емеспіз ғой. Әулеттен қалған екеуміз. Тіпті үйіңді сат та екі балаңның атынан депозит ашып, салып қой. Өзің осы үйде тұра бер. Бұған қалай қарайсың?
Қанипа ойланып қалды. Сосын келіскен сыңай танытты.
– Тәте, – деді бір кезде. – Шынымды айтсам, сол үйге баруға қорқамын. Неше түрлі ой келеді. Әлгі Фарида мен сыбайласы сол үйде мені күтіп отырғандай болып көрінеді, – деді.
– Ал, сен көп ойланба. Күні ертең барып, киімдеріңді әкелейік. Сосын үйдің сатылатыны жайлы хабарландыру ілейік.
Ертеңіне апалы-сіңілілі үйдің сыртына сату туралы хабарландыру ілді. Хабарласу үшін телефон нөмірін қалдырды. Ата-енесіне хабарласып, үйді сатуға қойғанын айтты. Олар да келісті. Хабарландыру бергеннен кейін арада жиырма күндей болғанда бір кісі үйді саудалай бастады. Түс ауа олар келіп, үйді көрді. Бақшасына қызыққаны сонша, бағасын да көп саудаламады. Қанипаның айтқан бағасына алатын болды.
Ертеңіне қалған заттарын жинастырып, әлдене ойына түсіп, гараждың есігін ашқанда, Қанипа жылап жіберді. Санжардың жинаған құрал-сайманынан дым қалмаған, сыпырып кетіпті. Қай кезде, кім алғанын ажырата алмады. Дереу гараждың есігін жауып жатып, топсаның шегесі жұлынып, орнына қайта салынғанын аңғарды.
Ол үйге кірді. Сыртынан біреу қарап тұрғандай болды. Артына қарап еді, ешкімді байқамады. Ол үйден шыққанша асықты. Сыртқы есікті жауып жатқанда қалта телефоны безектеп қоя берді. Әпкесі екен.
– Тәте, гараждағы затты сыпырып кетіпті. Қазір үйге барған соң сөйлесеміз. Ол телефонды қоя салып, әлдене есіне түсті ме, есікті қайта ашты. Сол кезде желкесінен бір нәрсе сарт ете қалды. Қанипа етпетінен түсті. Сәлден кейін есін жинаса дәл алдында еңгезердей таныс бейне тұр. Ар жағында әйел дауыс:
– Есін жиды ма, – деді. Ол бетін тұмшалап алыпты.
– А, сайқал таныдың ба мені? Қанипа, шынында да жазбай таныды. «Мынау сол ғой» деді іштей.
– Иә, – деді желкесінен тиген соққыны ауырсынып. – Саған не керек өзі. Керегіңді алып болған жоқсың ба?!
– Үйдің ақшасы қайда?! Ол жуан қолымен Қанипаны қылғындыра бас­тады. – Ақша қайда деймін саған? Мына сөмкеде не бар? Ол Қанипаның жанында жатқан сөмкені теуіп жіберді. Терезе жақтауына сүйеніп тұрған екіншісі сөмкені ақтарып, ішіндегі заттарын жерге тастай бастады.
– Үйдің ақшасын не істедің деймін саған, сайқал? – Ол Қанипаның бетінен салып-салып жіберді.
Беті қан жоса болған Қанипа:
– Менде ақша жоқ. Үйді саттым, бірақ қолма-қол ақша алған жоқпын. Ақша счетта, – деді.
– Қандай залым едің? – Ол ашудан қалшылдап, қалтасынан әлдене іздеп жатқанда Қанипа жан екпінмен қос аяқтап кеудеден теуіп кеп жібергенде еңгезердей жігіт шалқалай құлады. Ол есікке жете бергенде жүрек тұсынан бір нәрсе қадалды. Ол есін жиып үлгергенше екінші пышақ бүйректен ұрды.
Қанипа соңғы рет «Санжар» деп бүктетілген күйі құлап түсті.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
30 тамыз 2019 ж. 365 0