Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАНИПАНЫҢ АЖАЛЫ

ҚАНИПАНЫҢ АЖАЛЫ

Қанипаның бүгін де көздері домбығып, кешегі ішкен арақтан басы ауырып, орнынан тұра алмай жатқанына бір сағаттай уақыт болды. Денесі дел-сал. Тұруға әл-дәрмені жетер емес. Су ішкісі келеді. Еріндері кезеріп, қолдары дірілдеп, айналасын қанша сипаласа да ешнәрсе қолына ілікпеді. Маңайы толы бос бөтелке. Үйде тірі жан көрінбеген соң, айқайлап еді, дыбысы шықпады. Өзі жатқан керуеттің жақтауынан ұстап, орнынан ақырын тұрып еді, басы айналып құлап түсті. Аяқтары серейіп өзінікі емес сияқты, денесі де ырқына көнер емес. Ол алақтап жан-жағына қарады. Үй іші бұлыңғыр тартып бара жатқандай. Ол ақырын есікке қарай жылжыды. Есік жақтауынан ұстап тұруға әрекет етіп еді, онысынан түк шықпады. Қанша жатқаны белгісіз. Көзі ілініп кетіпті. Бір кезде абыр-дабыр адамдардың аяқ дүрсілінен оянып кетті. Қараса көршісі Николай екен. Ар жағында біреу қараңдайды. Әйелдің даусы шықты. – Катюха, саған не болған? Басың ауырып тұр ма, қорықпа қазір жазамыз, – деген таныс дауысқа қараса Николай мен Фарида екен. Ол да көрші. Осыдан екі жыл бұрын пайда болды. Ол кезде Николай көрші жаз бойы қалада жұмыс істеп, күзде келгенде ере келген. Одан «мынауың кім? қайдан жүрген адам?» деп ешкім сұрамады. Сөйтіп адамдармен араласып, сіңісіп кетті. Бұрыннан танитындай, іші-бауырыңа кіріп тұратын, ашық-жарқын мінезімен елді өзіне үйіріп әкетеді. Қанипаға да солай. Тура туған бауырындай. Ішіп-жемі бір. Кеше осы жерде Қанипаның туған күнін тойлады. Дастархан тола, әсіресе арақ-шарап мол болғаны есінде. Қайта-қайта айтылған тілек, мақтау, мадақтау. Қанипа – Катя бейне құс болып ұшып жүргендей. Отырыс басталған сәтте бір жігіт пайда болды. Кім екенін білмейді. Әйтеуір көршісі Николайдың танысы. Бір жұмыстармен Николайды іздеп келген сыңайлы. Дастархан үстіндегі ашылмаған шараптарды көріп, көзі жайнап шыға келген жігітке Николай да құрақ ұшып, – Сәкесі, бізді мақтап жүреді екенсіз. Бүгін Катюханың туған күні. Бір тілек айтып жіберіңіз, – деді. Әлгі жігіттің күткені де осы ғой деймін, әлде Қанипаға солай көрінді ме, дереу келісе кетті. Өзі Қанипаның қасына жайғасып алды. – Аса Құрметті Катя, – деп бастады сөзін ол. – Мен Сізді бір көргеннен ұнаттым. Өмірімде талай қыздарды көріп жүрмін. Бірақ, солардың ішіндегі ең сұлуы, әдемісі, ажарлысы, Сіз... Қанипа ұялғаннан қысылып, төмен қарады. – Жоқ шын айтамын. Сіздің ұялғаныңыздың өзі әдемі екен. Мен осы тосты Сіз үшін, Сіздің әдемілігіңіз үшін көтеремін және бетіңізді сүюге рұқсат етіңіз, – деді. Ол Қанипаның рұқсатын күтпей алдымен бір бетінен, сосын екінші бетінен сүйді. Сөйтіп тост, жылы, әдемі, сөздер жалғаса берді. Қанипа масайып қалған. Оның үстіне өзін қолпаштап, айтылған сөздер көңіліне желік бітірді ме, ортаға шығып билей бастағанда, әлгі Сәкесі де қасына жетіп келіп, мұны құшақтап, аймалап, иіріп әкетті. Оған қарсылық көрсететіндей қауқары да қалмаған. Әйтеуір бір есін жинағанда ішкі бөлмеде жатыр екен. Қасында Сәкесі...
Сол отырыстан кейінгі Қанипаның түрі мынау ғой... ...Бір кезде еңгезердей біреу кіріп келе жатты. Кешегі шақырусыз келген қонақ екен. Бүгін тіптен еркін. Өзінің үйі секілді, келе билеп-төстеп барады. – Ал Катя, кәне тұр. Жуынып, шайынып, столға кел. Тамақтанып, бас жазып алайық. Сосын... ол екі алақанын ысқылап, стол үстіндегі шөлмекке қолын соза берді. Қанипа да манағыдай емес, есін жиғандай болды. Беті-қолын жуып, шашын жөндеді. Айнаға қарап тұрып, үйде бір өзгеріс болғанын байқады. Айнаға қарама-қарсы екі терезенің пердесі, төрде ілулі тұрған қымбат сағат орнында болмай шықты. Жан-жағына алақтап қарап еді, басқа заттар орнында тұрғандай көрінді. Ас үйде жүрген Фариданың қасына келді. Ол әлденелерді турап, тәрелкелерге салып жатыр екен. Өзі көңілді, ыңылдап, әндетіп жүр. Барынша жеңіл қозғалады. Мұның келгенін байқамағандай. – Фарида, – дегенде ғана қасында сос­тиып қарап тұрған бұған: – Ой, Катюха, тұрдың ба, тіптен дұрыс болды. Қазір тамақтанып, аздап бас жазып алайық. Сонан соң кешегі күнді еске алып: – Ой, Катя, сен білесің бе, кеше туған күнің керемет болды. Сәкең, саған ғашық болып қалған сияқты. Бүгін күні бойы сенің атыңды аузынан тастамады. Кеше саған сыйлық бере алмағынына өте қатты қысылды. Бүгін керемет сыйлық алып келіпті. Соны жуамыз. Фариданың аузы аузына жұқпай әңгімені айтып жатыр, айтып жатыр. – Фарида, тыңдашы мені. Қанипа столды қойып қалды. Бойындағы жайбарақаттық жоқ, ашу қысып тұр. – Мені тыңда, Фарида. Маған ешкім, ешқандай жігіт керек емес. Ана Сәкең деген кетсін. Оның дауысы жарықшақтанып шықты. Фарида да аңтарылып қалыпты. Келгелі екі жылдан бері көршісінің мұндай мінезін көрмепті. Аң-таң. – Катюха, саған не болды? Жарайды, керек болмаса қойсын. Саған ешкім жабысып қалмайды ғой. Просто, сен оған ұнап қалдың, оның үстіне кеше сен де кет әрі емес едің ғой. Фарида құрбысын құшақтап, бетінен сүйді. – Ақылдым сол, басың ауырып тұр ма, қазір жазамыз. Мен әдейі сұйық тамақ әзірлеп жатырмын. Бол, ашуыңды бас. Жинақтал. Столға отыр, – деп бұрыла беріп еді, Қанипа құрбысының қолынан ұстап, төргі бөлмеге алып келді. – Мына бөлменің пердесі қайда кеткен. Қабырғадағы сағат та жоқ. – Ой, Катя, кеше өзің емес пе, үйді ақтап, сырлап жөндейміз, – деген. Соған дайындық жасағаным ғой. Пердені алып қойдым. Сағат та ана бұрышта, қағазға ораулы тұр, деп – бұрышты нұсқады. Фарида көрсеткен бұрышқа қарап еді. Шынында да ораулы бір зат тұр екен. Қанипаның көңілі жайланып, дастарханға отырды.
Кешегі туған күн сөйтіп бүгін де жалғасты... Арада қанша күн өткені белгісіз. Туған күнді тойлаудың соңы жууға ұласты. Бейтаныс қонақ кеше Қанипаға сыйлық бере алмағанына өкінішін білдіріп, қалтасынан бір білезік алып шықты.
– Аса қадірменді Катя, бүгін мына сыйлығымды қабыл алыңыз, – деп алтын білезік ұсынды.
– Жоқ, керек емес. Мен танымайтын кісіден сыйлық алмаймын, – деп Қанипа да сазарып қалды.
Қонақ жігіт те ыңғайсызданды ма, сыйлығын қалтасына сала салды.
– Шынында да менікі ыңғайсыз болды-ау, кешеріңіздер, жолға шығатын уақыт болды. Кешеден бері жақсы отырдық. Айып етпеңдер, қыздар! Ол қоштасқан кейіп танытып, қолын көтерді. Сөйтті де «сыртқа шық» дегендей Николайға ымдады...
... Қанипа бұған дейін сүйіп қосылған жары Санжармен бақытты өмір кешіп келді. Осыдан бір жыл бұрын Санжар іссапардан қайтып келе жатып, көлік апатынан қайтыс болды. Әп-сәтте отбасылық бақыттың да, алдағы арман-мақсаттың да күлі көкке ұшты. Сыңарынан айырылған аққу сияқты есеңгіреген Қанипа өз-өзіне қол жұмсамақ еді. Санжарынан қалған қос тұяқ – екі ұлын ойлады. Ендігі мақсаты сол ұлдарын жеткізу. Бүйтіп сары уайымға салынып отыра берсе есінен адасатын болған соң ағайындары Санжардың қырық күндік асын берген соң «жұмысқа шық» деп кеңес берді. Енесі де есті адам, бұрын қызмет істеген, көзі ашық, оқып-тоқығаны мол кісі. – Қарағым, өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды. Оңай емес екенін білем. Бірақ, амалың бар ма?! Басқа салған соң көнесің. Есіңді жи, еңсеңді көтер, Құдайға шүкір, жұмысың бар, бәрін жиып қой да жұмысқа шық. Көңілің бөлінеді. Оның үстіне мына қос бірдей құлыншақтарыңның алдағы өмірін, соларды жеткізуді ойла, – деп дем беріп, қолтығынан демеген соң жұмысына шықты. Әріптестері де мұның отырып қалмай қызметіне кіріскеніне қуанған сыңай танытты. Әне-міне, дегенше Санжардың қаза болғанына да жыл толды. Жылдық асын беріп, ағайын-туыс тарай бастағанда сырттан біреу – ой, бауырымдап, – кіріп келді. Оны біреу жақтырды, біреу жақтырмады. Әсіресе, Санжардың анасы Сәнімкүл апа: – Мынау қайдан сап ете қалып еді, – деп бейтаныс мейманды көргеннен кірпідей жиырылды. Сұрастыра келе бұл Санжардың әскерде бірге болған досы екен. Өзі Алматы жақтың жігіті. Қанипа бұрын-соңды көрмепті. Және ол туралы күйеуі айтпаған. Ас ішіліп, құран бағыштап болған соң әлгі дос Санжардың анасына қарап: – Апа, Санжар менің досым еді. Дос болғанда мынауский дос болатын, – деп бас бармағын шошайтты. – Менің ішім күйіп барады. Одан қалай айырылып қалдыңдар? Ол әлі де өмір сүруі керек еді. Сондықтан мен бүгін досым үшін ішуім керек, айып етпеңіздер, – деп қалтасынан бір бөтелке алып шықты. Өзіне серік болатын кісі іздегендей жан-жағына қарап алды. Ол әп-сәтте бөтелкені жарыдан аударды. Өзімен өзі сөйлеп отырған оның бұл отырысынан секем алды ма, Қанипаның енесі шақырусыз қонақты алдап-сулап сыртқа шығарды. – Мұнан былай Санжар жоқ балам. Бұл үйге жолды ұмыт. Келгеніңе, көңіл білдіргеніңе рахмет, – деп түсін суытты. – Апа, айып етпе. Мен Санжарды жанымдай жақсы көретін едім. Қазасын естіген соң әдейі келдім... Ол ерні кемсеңдеп, қолын сілтеп бірнәрсені айтып, үйден алыстай берді.
Қанипа оның атын да сұрамапты. Сол бойы бұлыңғыр бір елес күйінде ұмыт болды. Туған күнді тойлағанда бір жерде көргендей болған. Енді есіне түсті. Мынау сол ғой... бұл мұнда қайдан жүр? Оны сан түрлі ой мазалады. Неше күнгі отырыстан үйі шашылған, арақтың иісі мүңкіп тұр. Сағат та жоқ орнында. Сол бойы тағылмады. Бөлменің әр жерін қараған болды. Ол есіне бірдеңе түсіп, дереу жатын бөлмедегі шкафтың есігін ашты. Туған күніне Санжар сыйлаған дубленкасы жоқ болып шықты. Норка шапкасы да жоқ. Оны орамалға түйіп қойған... Ол бір сұмдықтың болғанын сезді. – Енді қайттім. Апама не бетімді айтамын? Ол орнынан атып тұрды. Шкафтағы үстіне іліп алардың бәрін сыпырып кетіпті. – Масқара, – деді. Ол бетін басып. – Масқара. Маған не көрінді. Елде байы өлген мен ғана ма? Неге бұлай болды? Бұл күнге қалай жеттім? Ол өзін мазалаған сан түрлі сұраққа жауап таба алмады. Үйде екі баласының болмағынына қуанды. Мына түрін көрсе не болады. Жан дегенде жалғыз бауыры – әпкесі бар. Ол телефонын іздеді. Таба алмады. Оны да жымқырып кетіпті. Қанипа апыл-ғұпыл киінді де көшеге шығып, такси тоқтатты.
Бұл келгенде әпкесі киініп, кеткелі жатыр екен. Сіңілісінің өрт сөндіргендей түрін көріп, шошып кетті.
– Жаным-ау не болды? Ауырып қалған жоқсың ба? Ол Қанипаны құшақтап бауырына басты. Оның үстінен арақтың иісі мүңк ете қалды. Әпкесі оның бетіне тіке қарап: – Саған не болған, арақ ішкенсің бе? – деді.
– Тәте, кешірші, мені қара басты, – деп өксігін баса алмай, көзіне ерік берді. Күйеуі бүгін өлгендей, ішіндегі шерін тарқатты.
– Кәне, кәне, мына жерге отыр. Әпкесі бұйыра сөйледі. – Көз жасыңды тый. Не болды айт. Әпкесі қатуланып алған. Айтпасына қояр емес. Қанипа басынан кешкендерін айтып берді. Ақыр соңында дос дегендері өзін тонап кеткеніне дейін... – Балаларды апам әкеткен. Каникул басталғалы сонда.
– Мынауыңды менен басқа ешкім естімесін, – деді әпкесі ашуланып. Менің де байым өлді. Қазір он жыл болды, үш баланы жеткіздім. Құдайға шүкір, жағдайым жаман емес. Тағдырға налып, оның ырқына көнсең, тұңғиыққа батырады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Екі балаңды неге ойламайсың? Әпкесінің айтқаны етінен өтіп, сүйегіне жетті. – Егде жасқа келгенде баласынан айырылу енеңе оңай деймісің, әлде оның жаны қиналмайды деп ойлайсың ба? Әрине, Санжарды бәріміз де қимаймыз. Бірақ, тағдыр солай болса қайтпексің?! Әлі де кеш емес. Осы болғанды ешкім білмесін. Тіпті енеңе айтпа. Жұмысыңды істе. Жоғалғанды да іздеме. Олардың қандай адамдар екенін ит біліп пе? Өштесіп жүрер. Бар жамандық сонымен кетсін. Өз-өзіңе кел. Балаларыңды қолыңа ал. Солардың болашағын ойла. Әпкесі әлі сөйлеп отыр. Әншейінде көп сөзге жоқ еді. Сіңілісінің мына әрекетіне ашынғаны болар.
– Солай, Қанипажан! Мына шаш тегін ағармаған. Менің де өмірден көргенім, көңілге түйгенім бар. Жаным ашығасын айтып отырмын. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған. Тірі адам тіршілігін жасайды.
Қанипа сол күні үйіне біраз жеңілдеп оралды. Иығынан бір жүк түскендей. Үйге келе терезенің бәрін ашып тастап, бөлмелерді желдетіп алды. Гүлдерін суарды. Ауладағы гүлдері де біраздан бері қараусыз қалғандықтан арамшөп басып кетіпті. Ол әп-сәтте іске кірісіп кетті. Сабақ басталардан екі апта бұрын енесі хабарласты.
– Қанипажан, қалың қалай? Хабарласпай кеттің. Жұмыстамысың? Келіп, бір-екі күн балалардың жанында болып кетсейші. Атаң да сұрап жатыр.
– Жарайды, апа! Бүгін жолға шығамын. Мен де бәріңізді сағындым. Қанипа телефон тұтқасын қойып, дереу жолға жиналды...

Жалғасы бар
27 тамыз 2019 ж. 404 0