ТУҒАН ЖЕРДІ ҚАСТЕРЛЕУ БОРЫШ
Аптаның басында аудандық орталықтандырылған кітапханада Семей полигонының ардагерлері Шырынхан Садықов, Сейітқали Жақсылықов, Галаддин Жұбанов, Зарлық Қожағұловпен кездесу кеші өткізілді. Шарада жан түршіктірер оқиғаның куәгерлері жастарға атом бомбасының зардабы, көзбен көрген қорқынышты түс секілді болған үлкен радиациялық жойқын сәуленің әсері жайында әңгімелеп берді. Жиынға белсене араласқан жас буындар атом бомбасы жайында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сондай - ақ, шарада жер ананы сомдаған әртіс, оның зары мен мұңын керемет бейнелеп берді. Туған жерге қатысты түрлі өлеңдер оқылды. Ардагер аталар жастарға отансүйгіштік пен өз топырағыңды қадірлеу керек екендігін түсіндіре отырып, болашақта еліміз бен туған жерімізді қастерлеу борыш екенін еске салды.
Туған жердің әр тасы мен топырағы сонау ата-бабадан келе жатқан үлкен аманат. Ал аманатқа қиянат еткенді Алла да кешірмейді. Сол үшін де елдің игілігі үшін, жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен батыр бабаларымыздың жасаған еңбегін еш етпей, туған өлкемізді көзіміздің қарашығындай сақтасақ екен...
Ұлбосын КЕНІШБЕК