Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҒДЫРДАНА КӨНГЕН ТАСТАНДЫ

ТАҒДЫРДАНА КӨНГЕН ТАСТАНДЫ

Колледжде бақылаушы боп істейтін Мигуев кешкі серуеннен қайтып келе жатып телеграф бағанасының қасына таяу келіп кідірді де терең демалды. Осыдан бір жеті бұрын да дәл осы жерге келіп аялдаған болатын. Қайдан екені белгісіз, үй күтуші Агния қуып жетіп дүрсе қоя берді:
– Тұра тұр сен, бәлем! Мен саған бейкүнә қызды бұзғанды көрсетем! Анау шақалақты да әкеп тастаймын, сотқа да барам, қатыныңа да айтам...
Ол содан кейін оның атына банкке бес мың сом ақша салуын талап етті. Мигуев осы жайтты есіне түсірді де, тағы күрсінді. Сосын осы бір сәттік әлсіздігіне өкінгендей өзін кінәлаған бір сезім бойын билеп кетті.
Өз дачасына жеткесін кішкене демалмақшы боп кіреберістегі тепкішекке отырған еді. Сағат тура түнгі он болатын, бұлттардың арасынан ай сығалап қояды. Дачаның маңында да, көшеде де тым-тырыс: дачадағылар әлдеқашан ұйықтап қалған, ал жастар осы жердегі шағын тоғайда қыдырып жүрді. Сол отырған күйінде темекі шекпек болып жан қалтасын қараған еді, шынтағы бірдеңеге тигендей болды. Оң қолының шынтағының астынан көрінген нәрсеге көзі түсіп кеткен кезде жылан көргендей түсі бұзылып кетті.
Дәл есіктің алдындағы тепкішекте ораулы бір түйіншек жатты. Бұл оралған нәрсе ұзынша келген, қолымен сипап байқап көріп еді, одеялаға оралған сияқты. Орамның бір шеті сәл ашық болатын, қолын салып көрген кезде қолы жылу мен дымқылды қатар сезді. Мына сұмдықтан ол орнынан ұшып түрегелді, дәп бір қашып кеткісі келген қылмыскер секілді жан-жағына алақтап қарады.
– Ақыры әкеп тастап кеткен екен ғой! – деді тістеніп. Қолдарының жұдырығы түйіліп кетті. Міне, енді... ол мынау жатыр тастанды! Құдайым-ау!
Қорқыныштан, ашудан, ұяттан әбден қысылған ол қозғалмастан мелшиіп тұрып қалды... Не істеу керек? Әйелі біліп қойса не болмақ? Бірге істейтін қызметтестер не айтпақ? Мұның мәртебелі бастығы мырс етіп күлетін шығар, сосын мұның ішін түрткілеп тұрып айтатын шығар: «Құттықтаймын... Хе-хе-хе! Сақалыңа ақ кіріп, ішіңе сайтан кірген екен ғой... Жүргіш біреу болдың ғой, Семен Эфас­тович!» Мұның бұл құпиясын осы жердегі дачаның тұрғындары түгел еститін болды, әйелі де үйге кіргізбейтін шығар. Бұл тастанды туралы барлық газеттер жазатын болады, сөйтіп, бұның бұл масқара оқиғасы бүкіл Ресейге жайылады...
Дачаның орта тұсындағы терезе ашық еді, ол жерден Мигуевтің әйелі Анна Филипповнаның үстелге кешкі тамақ дайындап жатқаны; дарбазаның ар жағынан аула сыпырушы Ермолайдың балалайкасын дыңғырлатып жатқаны естіліп тұр... Егер шақалақ оянып кетіп, шыр ете қалса, онда бәрінің көкке ұшқаны. Мигуевтің бойын аптыққан асығыс сезім билеп кетті.
– Жылдам, жылдам... – деп күбірлейді. – Осы қазір ешкім көрмей тұрғанда біреудің есігінің алдына апарып тастаймын...
Мигуев ораманы бір қолымен іліп алды да күдікті болып көрінбес үшін біркелкі адыммен аяңдап жүріп кетті...
«Қандай жиіркенішті жағдай болды десеңші! – деп ойлады ол сабырлы болуға тырысып. Колледж асессоры тастандыны көтеріп көшемен жүріп келеді! (Асессор – колледжде орташа дәрежедегі қызметкер, бұдан былай асессор деп ала береміз). О, Құдайым, егер біреу көріп қалып, не болғанын біліп қойса, онда менің құрығаным... Тоқта, міне, мына жерге қояйын... Жоқ, болмайды екен, терезе ашық тұр, біреу көріп қойып жүрер. Енді қай жерге?»
Онда анау көпес Мелкиннің дачасына апарып қойып кетейін... Көпестер деген – бай, әрі көңілшек халық: тіпті рахмет айтып, асырап та алар.
Енді Мигуев шақалақты тек осы Мелкинға апарып тастамақ болды. Бірақ көпестің дачасы едәуір қашық, өзенге таяу еді.
«Тек орауынан шығып кетпей, болмаса, бақырып жүрмесе болар еді, – деп ойлап келеді асессор.
– Солайы солай-ау! Қолтығында тірі жан, портфель сияқты құшақтап келе жатырмын. Жаны бар, сезімі бар, барлық тірі жан сияқты бұл да тірі жан. ... Егер Мелкин мұны бала қылып алатын болса, кім біледі, болашақ... болашақ қолбасшы, профессор немесе жазушы болып шығар... Бәрі мүмкін ғой! Қазір ғой мен мұны әлдебір түйіншек секілді қолтығыма қыстырып келе жатырмын. Ал енді бір отыз-қырық жылдан кейін мұның алдында сымдай тартылып тұрмасымызға кім кепіл?!»
Жөке гүлінің көлеңкесі түсіп тұрған, ұзын-сонар қоршауы бар тар көшеге түскен кезде Мигуев өзін қатігез қылмыскер секілді сезінді.
«Негізі, бұл өзі иттік емес пе өзі?! – деп ойлады. – Иттіктің нағыз өзі, басқа ештеңе емес... Не үшін бұл шақалақты бір жерден бір жерге сүйреп жүрмін? Осы жарық дүниеге келгеніне бұл бала кінәлі ме? Бұның не жазығы бар еді? Оңбағанбыз ғой... Шанаға мінеміз, оны сүйрейтін де осы жазған балақандар... Осының бәріне көзді ашыңқырап қарау керек шығар! Мені де сайтан азғырған шығар, ал шақалақты алда қандай өмір күтіп тұр... Мелкиндерге апарып тастармын, ал олар балалар үйіне өткізіп жібереді. Ол жерде бәрі бөтен, темірдей тәртіп... Не мейірім, не еркіндік жоқ... Сосын ертең бір етікші боп шықса... Одан кейін бейпіл ауыз, маскүнем боп шығады, бәлкім аштан да өлер... Етікші, ал ол болса, асессордың баласы... Мына менің бір тамшы қаным...»
Мигуев өсіп тұрған жөке гүлдерінің көлеңкесінен ай сәулесі түсіп тұрған жолға шықты да шақалақтың орауын ашып қарады.
– Ұйықтап жатыр, – деді ол. – Қарай гөр, жаман неменің мұрны дөңес боп шығыпты, мына менің мұрным сияқты. Әкесінің қарап тұрғанын сезбестен ұйықтап жатыр, тіпті... Қайтеміз енді... Кешір, бауырым... Маңдайыңа жазылғаны осы шығар...
Колледж асессорының көзі жыпылықтап кетті, бетінің үстінен бірдеңе жыбырлап, жылжып бара жатқандай көрінді. Ол шақалақты қайтадан дұрыстап орады да қолтығына қыстырып әрі қарай жүріп кетті. Жол бойы Мелкиннің дачасына жеткенше миын сан мыңдаған сұрақтар жаулап алды, ал көкірегін аяныш сезімі тырнаумен болды.
«Егер мен ұяты бар, адал адам болсам, бәріне қолды бір-ақ сілтеп, осы баламен Анна Филипповнаға барған болар едім, сөйтіп оған: «Кешір! Кінәлімін! Не қылсаң, оны қыл, бірақ балаға қиянат қылмайық. Ақыры бізде бала жоқ, одан да оны өзімізге қалдырып, тәрбиелейік!» Оның түсінігі бар, бәлкім келісер ме еді... Ақыры бұл – менің балам, сөйтіп өзімізде қалар еді...Әй!»
Міне, Мелкиннің дачасына да келіп жетті. Сосын не істерін білмей кідірді. Оның көз алдына өзінің залда газет оқып отырғаны, ал қасында халатының етегіне оратылып жүрген мұрны дөңес бала келді... Одан басқа бір-біріне көздерін қысып қойып, мұның ішінен түртіп қоятын күлімсіреген қызметтестері елестеді. Бойын ұяттан басқа, жылылық, мейірім секілді сезім биледі.
Коллеж асессоры шақалақты терассаның тепкішегіне абайлап қойды да қолын сілтеді. Бетінің үстімен тағы да бірдеңе жыбырлап, домалап бара жатты.
– Мына мені, оңбағанды кешір! – деді ол күбірлеп. – Сөге көрме, кешір!
Ол артына қарай бір қадам шегінді. Сосын жөткірінді де:
– Әй, тәуекел! Бәріне түкірдім! Жұрт не десе, о десін, аламын мен бұл баланы!
Мигуев баланы алды да артқа қарай жүріп кетті.
«Жұрт не айтса, соны айтсын, – деп ойлады. Қазір барамын да әйелімнің алдында тіземді бүгіп тұрып айтамын: «Анна Филипповна!» Ол түсінеді... Сосын бірге тәрбиелейміз... Егер ұл болса – Владимир, қыз болса Анна деп атаймыз. Ең болмаса, қартайған кезімізде алданыш болады».
Ақыры ойындағысын қылды. Ұяттан да, қорқыныштан да әбден қысылған ол көзі жасқа толып дачаға кірді. Әйеліне қарай бұрылып, тізерледі:
– Анна Филипповна! – деді ол баланы жерге қойып жатып. – Сабыр сақтап, сөзімді аяғына дейін тыңда... Мені Құдай атты! Бұл – менің балам... Анюшка есіңде ме, сонымен... Мені сайтан азғырды...
Сөйтті де, жауап күтпестен далаға атып шықты. Тұла бойы қорқыныштан да, ұяттан да өртеніп барады.
«Өзі шақырғанша аулада жүре тұрайын, –деп ойлады ол. Ашуы басылып өзіне келсін.»
Аула сыпырушы Ермолай мойнына асып алған балалайкасымен мұның қасынан өткен болатын. Бұған қарады да иығын қиқаң еткізді... Бірер минуттан соң қайтадан бұрылды, тағы да иығын қушитты.
– Мұндай да болады екен-ау, айтшы Құдай үшін! – деді күлімсірей міңгірлеп. – Семен Эфастыч, жаңа ғана осы жерге кір жуушы Аксинья қатын келген болатын. Алжыған неме, баласын осы есіктің тепкішегінің үстіне қойыпты. Сөйтіп, біздің үйде ананы айтып, мынаны айтып, отырғанда баланы біреу алып кетіпті... Бұған не дерсің?!
– Немене?! Не дейсің? – Мигуев бар даусымен айғайлады.
Ермолай Мигуевтің көңіл-күйін өзінше түсінді, желкесін қасып, терең күрсінді.
– Сіз кешіріңіз, Семен Эфастыч, – деді ол. – Қазір дачаның мезгілі ғой. Әйелдерде де болады... Оларсыз тағы...
Сосын таңғалғаннан көзі бақырайып кеткен Мигуевке қарады да әрі қарай жалғастырды:
– Әрине, бұл бір рабайсыз іс болды. Өзіңіз бөтен адамды кіргізбе, – деп айтқан жоқсыз. . Ал Анюшқа болса өзіміздің... Содан кейін...
– Кет, жоғал, айуан! – деді Мигуев жекіріп, сосын бұрылды да үйге кіріп кетті.
Бұл кіргенде ашуға булыққан Анна Филипповна жылай-жылай көзі ісіп кеткен шақалақтан көз алмай, сол бұрынғы орнында әлі отыр еді...
– Жарайды, жарайды енді, - деп міңгірледі құп-қу болған Мигуев езу тартып. – Мен қалжыңдадым...
Бұл менің емес, әлгі кір жуушы Аксиньянікі. Мен ойнап айтып едім... Оны аула сыпырушыға апарып бер.

Орысшадан аударған
Бақтияр МЫРЗАШ,
С.Сейфуллин ауылы
27 тамыз 2019 ж. 634 0