РАХМЕТ САҒАН, КҮНДЕЛІГІМ!
КІШКЕНТАЙЫНАН СҮЙКІМДІ ЖҮЗІМЕН ЖҰРТТЫ БАУРАП АЛАТЫН КЕЛБЕТТІҢ ШЕШЕСІ ОСЫДАН 15 ЖЫЛ БҰРЫН ТАСТАП КЕТКЕН. БАЛАЛАР ҮЙІНЕ 2 ЖАСЫНДА КЕЛГЕН БҮЛДІРШІН ҚЫЗДЫҢ КӨРМЕГЕН ҚОРЛЫҒЫ ЖОҚ. АШТЫҚТЫҢ ДӘМІН ТАТҚАН ҚЫЗ ӨЗІ ҚАТАРЛАС ҚЫЗДАРДАН ТАЯҚ ЖЕСЕ ДЕ ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫ КЕМІГЕН ЕМЕС. ҚАЙТА БАРҒАН САЙЫН ҚАТУЛАНЫП, «ҚАЙТСЕМ ДЕ МАҚСАТЫМА ЖЕТЕМІН» ДЕГЕН АТ ОНЫ БАРЫНША ЖІГЕРЛЕНДІРЕ ТҮСЕТІН.
Бір күні әдеттегідей қатарлас қыздардан таяқ жеп, кешкі асқа да тұрмастан көзі ілініп кеткен екен. Түс көріпті. Түсінде бір бейтаныс апай қолына қалам мен қағаз беріп жатып, «осыған өз ойыңды жаз, бойың жеңілдейді» дегендей ишара жасады. Артынша аппақ сақалды ата да жақын келіп, басынан сипағанда тұла бойында бір жылы сезім пайда болғандай болды. Ояна келсе түсі екен. Киіммен жатқан мұның үстіне біреу жылы көрпе жауып кетіпті. Айнала тым-тырыс. Бәрі тәтті ұйқы құшағында. Келбет қайта көзін жұмды. Жаңағы әдемі түсті қайта көргісі келді. Бірақ ұйқысы келер емес. Бұл орнынан тұрып, жәй басып, жазу үстелінен қағаз, қалам алды. Әйтсе де не жазарын білмей біраз отырды. Бір кезде нәзік саусақтарымен қағаз шетіне «Апа, апатай» деп жазып қойды. Бір кезде ойына өлең жолдары келе қалды.
Желді көрсем жасқанамын бұқпалап,
Жаны ашитын ешкімім де жоқ, бірақ.
Асқазанға ас түспеген күндер бар,
Жан-жағымнан суық желі соққылап. Иә, шынында ас ішпеген күндері, торыққан сәттері көз алдында. Оның жүрегі елжіреп кетті. Сөйтті де қағаз бен қаламын жастығының астына қойды. Көзін қайта жұмды. Бұл жалғанда сырын ақтаратын жан дос тапқанына қуанышты. Балалар үйінде қатар жүріп, сырласатын құрбысын осыдан екі жыл бұрын бір отбасы асырап алған. Содан кейін жападан жалғыз қалған Келбетті өзі қатарлы қыздар жақтырмайды. Дұрыс жолды көрсеткені үшін жазықты болған қыз шындығында әділетсіз, сұмпайы тәрбиеленушілерден еріксіз таяқ жейді. Бүйірінен сүйрей жөнелген олар Келбеттің қыз екеніне қарамайды. Қатыгездікпен өзгеден ала алмаған есесін бұдан алады. Момындығын пайдаланған әккі қыздар бұған жала жауып, суық күнде аштан қатырып, тамақсыз қалдырады. Арасында күйіп кеткенде осылардың қатарына қосылғысы келеді. Бірақ, дәті жібермейді. Сондықтан бар айтқандарына көндігіп, ауыртпалықты өзі көтереді.
келіп жетті. Мереке қарсаңында балалар үйінің тәрбиеленушілері отырыс жасамақ ниетте. Жігіттер жағы қолдан жасалған бұйымдардан қыздарға сыйлық ұсынып жатыр. Қыздар балаларға тағам әзірлейді. Қанша тәртібі нашар болғанымен шеттерінен барлығы өнерлі. Ән айтып, би билеген мезетте кәсіби маманша беріліп орындайды. Спорттық сайыста жеңімпаз атану үшін, бар күш-жігерлерін салады. Осындай кештің көркін қыздырған жастар сырттан жасырын әкелінген ішімдікті іше бастады. Үстел жиегінде көңілсіз отырған Келбеттің жанына масайрап қалған екі жігіт жайғасты. Әлсін-әлсін қолынан ұстап, биге шақырады. Зауқы соқпаған бойжеткен барынша қашқақтап, оларға жақындамауға тырысады. Жастар тарқаған мезетте Келбетке қарай әлгіндегі жігіттің біреуі тұра ұмтылды. Шыңғырған дауысты естігенмен кейбіреуі «өзіне сол керек» дегендей мән бермеуге тырысады. Осы сәтте шырылдаған дауысты естіп, қарауыл жетті ентігіп. Еліктің лағындай бүріскен қызды зорламақ болған жігітті желкеден алған қарауыл шал қолдарымен сыртқа қарай сүйреді. Әрине, ұруға болмайтынын ол да біледі. Бірақ, мынадай бассыздыққа кім шыдап тұра алады. «Сенің көзіңе көк шыбынды үймелетейін, кәззап! Көр де тұр, осыдан. Сені ме, сені. Қарай гөр, «шымшықтай қызды шырылдатып!» Әбден ашуға булыққан қарауыл оны көржер қоятын қоймаға қамады. Сыртынан құлып салды. Әбден қорқып қалған қызды өзінің аядай бөлмесіне әкеліп, өз төсегіне жатқызды.
– Қорықпа, балам, енді саған ешкім тиіспейді, – деп жұбатып қояды. – Кілең ардан безгендер. Құдайдың таңы атсын, көрейін бұларды. Шал осылай сөйлепсөйлеп ашуы басылған сәтте шай қойды. Үйден әкелген тәттілерімен қызға шай бермек еді. Қараса қыз теріс қараған күйі ұйықтап кетіпті. Келесі күні абыройына нұқсан түсе жаздаған бейкүнә қызды, қарауыл өз үйіне алып кеткен болатын. Дәл осы сәттен бастап жетімдер үйінен босаған қыздың келесі өмірі 5 баласымен тұратын Өмірбек қарияның үйінде жалғасын тапты.
Әлгіндегі оқиғадан кейін Келбет біраз уақытқа өз-өзіне келе алмады. Қасіретке толы өміріне налыған қызға демеу болған қарауылдың отбасы көп ұзамай бойжеткеннің екінші үйіне айналды. Қарияның екінші қызы Қарашашпен бірге орталықтағы дүкенге жұмысқа орналасқан Келбет үшін жаңа өмір парақтары өздігінен ашылды. Ара тұра баяғы ақ қағаз бен қаламды қолына алып, ойына келген жыр шумақтарын түртіп қояды.
– Қайран жұртым жетім дейтін біздерміз.
Тағдыр қатал мойымаймыз төзгенбіз.
Керек десең жалаң аяқ қар кешіп,
Ақ боранның ызғарын да көргенбіз. Арада біраз уақыт зырғып өткен. Бұрыннан тұрып жатқан адамша бауыр басқан қарияның шаңырағына Келбет әбден сіңіп кетті. Тауқыметке толы тағдырына өкпесін айтқан қыздың жанарында әлі де болса мұң жатыр. Көңілдегі кірбіңді сейілтудің амалы болашақтан зор үміт күту екені мәлім. Дүкен жұмысына әбден төселген Келбет тұтынушылармен тез тіл табысып, ашықтығымен көпшіліке сүйкімді бола түсті. Күнде дүкенді жауып, үйге қайтқан уақытта жол бойынан бір жігітті аңғаратын. Күн ұзаққа белі бүгілместен аула сыпыратын жігіттің еңбекқорлығы, қара жұмысқа ысылғандығы көрініп тұр. Әрнәрсені сылтауратып сағат сайын дүкенді айналшықтап, Келбетпен танысуға ұмтылған оның бойындағы салмақтылықты қыз да сезіп жүріпті. Көктем мерекесі қарсаңында қызбен танысуға бел буған жігіт бір шоқ гүлмен қызды тосып тұрды. Армандары бір арнаға тоғысқан жастар көп ұзамай сөз байласып, бас қосуға уағдаласқан еді.
Өмірбек ақсақалдан батасын алып, үйленуге қадам жасаған екі жастың бақытты шағы енді басталып, шағын мемлекеттің іргесін бірге қалауға серт етті.
Кешкілік отағасын күткен келіншік ескі досы, жан сырласы күнделігін қолына алып, “мен бақыттымын”деп үлкен әріптермен жазып қойды. Бала кезінен үшінші күнделікті тауысқан қыздың ғұмыры жаңа дәптер парақтарында жақсы жағынан өрнектелу үстінде.
– Менің балалар үйіндегі қатігез достарым, сендердің өмірлерің қай арнаға түсті екен. Өзіме тілеген жақсылықты сендерге де тілейтін боламын. Кезінде өздерің қысым көрсетпегендеріңде мен мұндай бақытқа қол жеткізбес едім. Анашым, жетімдер үйіне тастап кеткен кезде өзегіңізді өкініш өртеген жоқ па? Жетімдер үйінде жүргенімде, сағынған сәтімде:
– Ар санады мені ертіп жүргенге,
Қиынсынып ақ сүтіңді емгенге.
Сыздамады ана жүрек қалайша,
Шырылдатып жат қолына бергенде.
Жылай-жылай жас сарқылды жанардан,
Жәрдем сұрап жаратушы Алладан.
Жүргеніңде басқа әлемді қызықтап,
Қорлық көргем, мейірімсіз жандардан – деумен күнім өткен болатын. Енді мен бұл өлеңді оқымаймын. Өйткені, мен жалғыз емеспін. Жанымда тіреушім, қамқоршым бар. Осы ретте ауыр жүкті арқалаған маған сендерді жеңу үшін жан сырымның айғағы күнделегім көмектесті. Рахмет саған, күнделігім! – деп, келіншек ескі жазбасын сандық түбіне тастап жатып, өзінің бақытсыз күндерінің де бетін біржола жапқан болатын.
Балтабай ОРДАБЕКОВ