Ұмыт болған бір шоқ гүл
Көктемнің әдемі, жадыраңқы бір күні еді. Азаңғы уақыт. Бірақ Мартиньяның жан-дүниесі жадыраңқы емес. Кеше ол үйлену тойында болған еді, үйге оралған ол әпкесінен көңіліндегі қаяуды жасыра алмады. Бұндай көңіл-күйдің себебі, тойға жиналғандардың шат-шадыман күйі, әсіресе үйленген екеудің бақытты жүздері еді.
Мартиньяның жасы... Иә, ол әлдеқашан дүниеге келген. Бұл дүниеге келіп жатқан кезде жанындағылар ең жақсы тілектерді айтып жатты. Әкесінің қуаныштан тіпті есі шығып кетті.
– Ол теңдессіз сұлу болады!
– Ол графиния болады!
– Ол болашақ королева!
Осындай сөздермен әке-шешесі де, оның достары да болжам жасап жатты. Міне, содан бері қырық үш, ал әпкесінің сөзіне сенсек қырық бес жыл өтті, ал Мартиньяның өзі қырық үш жыл деп есептейді. Біз де қырық үш деп қалдырайық. Егер де, оқырман сіздің жасыңыз жиырмада болса оған сіз мән бермейсіз, ал қырықта болсаңыз, оның үстіне Мартиньяның жағдайы сіздің басыңызда болса, онда... Бір-екі жасты сізде шегерер едіңіз. Егерде байқаусызда қателесіп жатсаңыз ештеңе емес. Қырық үш пе, қырық екі ме, айырмашылығы шамалы!
Әрине, оқырман ваннадан жуынып шыққан немесе өзінің бөлмесінде газеттерін қарап болған, күйеуін бері қарай келеді деп күтіп отырған болар. Жоқ, Мартиньяның күйеуі жоқ, тіпті ешқашан болғанда емес. Мартинья оң жақта отырып қалған кәрі қыз. Міне, үйленгендердің тойының ертеңіне, мынадай тамаша, ашық, жадыраған күнде көңілінің жабырқаңқы болғаны осы себептен еді. Жалғыз, үнемі жалғыз, өлгенінше жалғыз болатын түрі бар. Ал, өлім әзір келе қоятын түрі жоқ: Мартиньяның денсаулығы өте мықты, өзі қайратты. Әке-шешесі әлдеқашан бақилық болған, қартайыңқыраған әпкесі ғана бар. Бұның жалғыз болғанына кім кінәлі? Тағдыр ма, әлде өзі ме? Кейбір сәттерде Мартинья тағдырды кінәлайды, кейде өзін кінәлайды. Шындыққа көз жеткізу үшін Мартиньямен бірге үстелдің тартпасын ашып, ішіндегі қобдишасын алып, оның ішінен ескі үлгідегі кішкене сөмкесін алып ашайық. Бұл жерде бұған арналған ғашықтық хаттар бар. Кешегі той иелерінің бақытты сәттерінен әлі айыға қоймаған Мартинья, осы бүгін өткен өмірді қайтадан еске түсіргісі келді. Бір жағынан екі ұдай күйде болды.
– Не керегі бар? Қайта одан сайын берекең кетеді. Өткенді қозғап не керек?
Бірақ, бәрібір алғашқы сезім жеңді. Ол тартпаны ашты да, қобдишаны алып сөмкеден хатты алды. Бұл хаттарды ұстамағалы қашан!
Қатты толқып тұрып біреуін ашты.
«Бұл хат кімнен еді? – деп ойлады. – «Сенің Жукаң». Бұл қайсысы? А! Бұл Брито Бранданның баласы.
«Мен сені өмір бойы сүйіп өтем» – көп ұзамай басқа біреуге үйленіп кетті. Ал, мен ол үшін отқа түсуге даяр едім. Мен онымен Флуминенистегі клубта би кешінде танысқан болатынмын. Сұлу болатын! Сұңғақ, сымбатты, әдемі мұрты бар. Көздері ше! Содан кейін еш жерден ондай көз көргем жоқ. Сол жолғы кеште, ол тек менімен ғана билеп еді. Әке-шешеммен танысқанша, түні бойы терезенің түбінде арлы-берлі жүретін де қоятын. Әдепкіде тиіп-қашып соғып тұрды содан кейін соғуды жиілетті. Бұл қаншаға созылып еді? Есімде жоқ: жарты жылдай болса керек, әйтеуір сол шама. Содан кейін бір ауық тыншыды да, басқа біреуге үйленіп кетті.
Мартинья хатты аяғына дейін оқып шықты да, қасына қойды.
«Мен сені өмір бойы сүйіп өтем!»
-Қарай гөр! Жоқ, анау қыздың онымен бақытты болуы мүмкін емес! Бұндай еркектермен бірге тұру тозақтың өзі.
Міне, мынау басқа хат. Мұның аты Гонсалвесь болатын. Сан-Пауладан келген аққұба, сұлу жігіт. Оқуын бітіріп, қолына диплом тиген бұл жігіт, талай сұлулардың жүрегін жаралаған еді. Хат жазылған қағаз ескіріп, кірлеген. Бұны жазған адамның өзі де осындай шығар. Хаттар, тағы да хаттар. Мартинья оларды бірінің соңынан бірін оқып шықты. Не дегенмен бұлардың бәрінің де жазғандары жүрекке жылы тиетін.
«Бәрі де өтті»,-деп ойлады ол. Әнебір хаттың бір жері, мынау хаттың енді бір жерлері,-бәрі де бір кездегі ыстық минуттарды еске түсіреді...
«Мен таяғымды жоғалтқан сол жексенбі күнді әлі ұмытпаймын»-деп жазыпты біреуі. Қайдағы таяқ? Мартинья жексенбіні ұмыта алмай жүрген бұл жігітті көпке дейін есіне түсіре алмады, (ол кезде коммерцияны енді бастаған, ал қазір ірі жер иеленуші). Ақыры есіне түсірді: ол кешке үйіне қайтпақшы болған бірақ таяқ табыла қоймады, сөйтсе ол басқа бөлмеден табылды. Мартинья таяқты егесіне қайтарып беруге соңынан ере шыққан, олар осы жерде ұзақ сүйісті. Осылар есіне түскенде Мартиньяның денесін от шарпып өткендей болды. Бірақ өзін тез қолға алды. Өзін қолға алу үшін ол, жексенбі де, таяқ та, сүйіс те әлдеқашан болғанын есіне түсірді, оның үстіне ол жігіттің қазір ержеткен үш ұлы бар.
Мінекей, өткен өмір. Кенет Мартинья осы хаттардың әр қайсысына жауап жазғанын есіне түсірді, қайда сол хаттар?
Бәрі жоқ, жойылған. Олар некеге тұратын кезде бәрі жыртылған болатын немесе қоқысқа лақтырылған еді. Ол осы ауыр ойлардан құтылғысы келгендей басын шайқады. Бейшара, Мартинья!
Ол тіпті осы хаттардың өзін жыртып тастағысы келген, бірақ бұл өз өмірінің кей сәттерін жыртып тастағанмен бірдей еді. Сондықтан мұқият бүктеп қасына қойды. Сөмкеде басқа ештеңе жоқ па екен? Мартинья тағы бір қараған еді, кеуіп қалған бір шоқ гулден басқа ештеңе жоқ болып шықты.
– Бұл неғылған гүл?
Әбден оңып кеткен, әбден қураған бұл гүлге жиырма жылдай болған болу керек. Әбден қурағаны сонша, гүлінің қаушағы папиростың сарғайған қағазына ұқсап қалыпты, сондықтан оның қандай гүл екенін ажырату қиынға соқты. Бірақ Мартиньяға бұл гүлдің тарихы маңыздырақ еді. Кім бұны бұған сыйлаған?
Мүмкін сол көп корреспонденттердің біреуі шығар, бірақ солардың қайсысы, қашан, қайтіп? Гүлдің қурағаны соншалықты, тиіп кетсең үгітілгелі тұр. Бейшара, аты жоқ гүл!
– Шынымен де бұл неғылған гүл?- деді еріксіз Мартинья. Расында қырық бестегі адамның бұл гүлді кімнің сыйлағанын еске түсіру қиын еді. Мартинья гүлді әрі-бері қарап, көзін жұмып, барын еске түсіруге тырысты. Хатта бұл туралы бір ауыз сөз жоқ. Мартинья барынша абайлап гүлді сөмкеге салғаны сол еді, кенет денесі тоқ ұрғандай дір етті.
– Айтқандай, иә, сол... Әрине сол! Оның есіне алғашқы махаббат түсті. Бұл ол кезде он тоғызда, ал ол жиырма үште болатын. Ол бұның құрбысының немере ағасы еді. Жулиан бұған еш уақытта хат жазған емес. Мұнымен немере қарындасының үйінде танысқан ол, бұған көзсіз ғашық болды және мұны ешкімнен, тіпті Мартиньяның өзінен де жасырған емес. Кей кездерде Мартинья оған қадалып қарайтын, бірақ кет әрі емес екендігін білдіруге асықпайтын, бірақ Жулиан алған бетінен қайтпады, үмітін үзбеді. Ол бұл үшін өзін де, уақытын да аямады: соңынан да қалмады, ұйқыдан да айырылды. Оның әжептәуір жақсы қызметі бар еді, егер Мартинья болмаса жұмыс бабында өсетін де еді. Бар есіл-дерті Мартинья болды, ал Мартинья үшін бұл ешкім емес болатын. Тіпті бұл үшін, бұның бәрі уақыт өткізу үшін десе де болғандай еді.
... Бұл кездерде Мартинья жиырма екіге аяқ басты. Бірде Рио-де-Жанейрода кездесе бермейтін бір гүл туралы әңгіме шығып кетті. Ол Флуминенсте өтетін бір кешке бармақшы болған, осы гүлді көйлегіне тағып барғысы келген болатын. Біреу осы гүлдің өсетін усадьбасын білетінін айтып қалды. Енді Мартинья қайтсе де осы гүлді тапқысы келді, тіпті ұйықтаған кезде де түсінде бұл гүлдің көйлегінде тағулы тұратынын көріп жүрді.
« Егер бұл гүл табылмаса...» – Табылды, деп есептей беріңіз – дейтін Жулиан.
– Сіз рас айтасыз ба? – деп сұрады Мартинья.
– Сіз оның қайда екенін білесіз бе?
–Жоқ. Мен оны іздеп, тауып алам. Сізге ертеңгі күнге керек пе?
–Иә.
Жулиан ертеңіне жұмысқа барған жоқ. Таңертең ерте тұрды да, гүлді іздеуге кетті, ол тек гүлдің атын ғана білетін. Усадьбадан шығып усадьбаға барды, бір жерде қожайындары жоқ, енді бір жерде бұнымен сөйлескенде жоқ, енді бір жер ит қосып қуып жіберді. Бірақ, ессіз ғашық сорлы үмітін үзбеді...
Тек, кешкі сағат бестер шамасында әйтеуір тапты ау.
Ол, бұл қарияға он, жиырма, тіпті отыз мильрейс (ақша өлшемі) бермекші болған, бірақ бұл қайырымды кемпір бәрін айтқызбай-ақ түсінді де, тегін берді.
«Барып, қызыңа апарып бер, бақытты болыңдар!»
Жулиан гүлді әкелген кезде Мартинья айна алдында таранып жатыр еді. Ол Мартиньяның сұрақтарын жауапсыз қалдырды, тіпті өзінің басынынан кешкен бейнеттерін айтқан да жоқ. Дегенмен, ол да гүлдің қолға оп-оңай түспегенін сезген сияқты. Мартинья онымен билеуге уәде берді, сөйтіп қолын алды, сосын гүлді сақтап қалмақшы болды. Сөйтіп бұл гүл хаттардың арасында жата берді. Енді қайтадан ояна бастаған үміт, тағы да әлсірей бастады, бұл кезде Мартинья бір латифундист (жер шаруашылығы) жігітпен кездесіп жүрді. Қатты қапа болған Жулиан бір деревняға, одан тағы бір жерге кетіп тынды, одан кейінгісі Мартиньяға беймәлім.
– Мені шын жүрегімен сүйген тек сол болатын,-деп сыбырлады Мартинья, осы аты жоқ гүлге қарап отырып. Енді ол осы Жулианға күйеуге шығып, ана да болатынын, тіпті әже де болуы мүмкін болғанын ойлады. (Бірінші рет өз жасы туралы қысылмай ойланды). Бәріне кінәлі бір өзі ғана, мұны енді түсінді. Барлық хатты жағып жіберді де, тек гүлді қалдырды. Тіпті өле қалғандай болса, осы гүлді бейітіне қоюды әпкесіне ескертпекші болған еді, осы кезде есік ашылды да, қызметші әйелдің дауысы естілді:
– Апай, тамақ дайын болды!
***
Әдетте өмірде болған бір жайттарға немесе бір құбылысқа әркім өз түсінігінің төрінен қарайтыны белгілі. Бұл заңды да. Көзінің тірісінде Бразилия әдебиетінің классигі болып үлгерген Машадо де Ассиз болмысы қарама-қайшы, күрделі адам еді. Осы әңгімені жазар кезде нені ойлап, нені мақсат тұтты екен? Қалай болғанда да бірнәрсе анық: қай ұлттың өкілі болмасын, ол армандайды, ол өкінеді, ол бақытқа ұмтылады екен. Мәселенің қалғанын оқырманның еншісіне қалдырайық. Классик жазушының түпкі мақсаты да осы болуы әбден мүмкін.
Б.Мырзаш