Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қонақ келе жатыр...

Қонақ келе жатыр...

Арақ тойдың сәні ме?
Күн сенбі болатын. «Пәленшеевтің баласы келін әкеледі» деген хабар тарасымен ауылдың үлкен-кішісі, тайлы-тұяғы қалмай ауа райының бұзылғанына қарамастан той болатын үйге ағылды. Той өткен соң ауыл арасын пішу-пішу әңгіме шарлап та үлгерді. «Тойға емес құдайыға барғандай болдық. Не дастарханы дұрыс емес, не арағы жоқ. Өткендегі пәленшенің баласының тойы бұдан он есе артық. Ол белгілі әншілерді шақырып, арақты суша шашып, дүркіретті деген сөз сумаңдап, желдей есті. Әрине, тойды әркім шамасының келгенінше өткізеді. Той өткеннен соң өсек тарату кісілікке жата ма? Ал бұрынғы өткен бабаларымыз арақ орынына қымыз ішіп, ұлттық аспабымыз домбырамен-ақ тойды қыздырмайтын ба еді? Сонда қазіргі кездегі тойларды сәнді де мәнді, қызықты етіп өткізетін арақ қана болғаны ма? Жақында аудандық газет бетінен «Той бизнесі: бәсеке мен ысырап» атты мақаланы оқып, риза болдым. Шынында да қазіргі той тек біреу үшін жасалатындай. Анадан қалмасам, мынадан кем болмасам деген кембағал түсінікке құрылғандай. Сондықтан мақала авторы бүгінгідей заманда ысырапшылық пен бәсекенің адамдарға тигізер залалы аз емес екенін айтыпты. Өте дұрыс. Әркім көрпеге қарай көсіліп, шама-шарқы жеткенше қонақ шақырса құба-құп.

Нұржанат, кент тұрғыны

Бәсекеге айналмаса...

Қарап отырсаң, бақталастық деген не болса содан шыға береді екен. Бұрындары дүние-мүлік, алтын бұйымдары, киім-кешекке бәсекелестік туралы еститінбіз. Ал, қазіргі тілмен айтсақ жергілікті жердегі өздерін осы жердің «қаймақтары» санайтындар қонақ күтуді өз іштерінде бәсекеге айналдырған іспетті. Оны үнемі араласып-құраласып жүргендіктен көріп жүрміз. Ал, барынша тыраштанып, түрлі шетелдік тамақ, арақ-шарапқа шамадан тыс мөлтектетіп қойған «ауыр» дастарханнан гөрі шағын да қызықты тойлардан ерекше ләззат аласың, тыныстайсың. Сондықтан ағайынға қонақ шақыруды, той жасауды бәсекеге айналдырмайық дегім келеді.
Гүлжан

Редакцияға келіп түскен Нұржанат пен Гүлжанның хаты қонақ шақыру, қонаққа бару, қонақ күту төңірегінде көңіл түкпірінде жүрген ойларымызды қағаз бетіне түсіруге түрткі болды.
Халқымыздың ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан жақсы салттарының бірі - қонақжайлық қой. Ата-бабаларымыз келген қонақтың қай-қайсысын да үй иесі әл-ауқатына, шама-шарқына қарай қарсы алатын. Ең дәмді ас қазанға салынып, не арнап мал сойылған. Ең жоқ дегенде кез-келген үй иесі бір асым етін қонаққа деп сақтап отырған. Демек, қонақ күту ізеттілікті, ілтипатты білдіретін қастерлі сезім ретінде санамызда мықтап орын тепкен. Мәселен, өзі анық танымаса да, бұрыннан таныс-біліс болмаса да ауылға келген әнші-күйшілерді, өнерпаз қауымды ел қонағы деп қадір тұтып, оларды әркім де қонақ етіп, ән-күй тыңдап, бүкіл ауыл жиналып, көңіл көтеру, пікір алысу, не ойын-сауық, айтыс кештеріне айналдырып, отырған. Сөйтіп, үлкендер «жағы бір жасап қалдық-ау» деп ерекше ықыласпен, жақсы демалғандарын білдіріп отырған.
Қонақ күту қарым-қатынастың бір құралы, адаммен араласудың жолы. Адамдармен араласып-құраласу, әңгіме-дүкен құру, пікірлесу, жақсы сөз естіп, ұлағатты ой түйіндеу көңіл көкжиегін кеңейтеді. Ортадан, қоғамнан тыс, дос-жолдассыз адам дәрменсіз. Адамдар араласу арқылы бірін-бірі рухани байытпаса, көңіл көтеріп, іштей түлемесе, өспесе жалғыздықпен ешнәрсеге қолы жетпеген болар еді.
Қадір тұтатын адамдарды үйге шақырып, сый-құрмет көрсету, ниет білдіру, туысқандар жиналғанда бала тәрбиесі, жастар жөнінде пікірлесу, қонақтармен бас қосып, қоғамдық мәні бар, салауатты мәселелерді әңгімелеу, пікір алысу, «уақыт жоқ, қол тимейді» деп күнделікті тіршілік ырқымен жүріп, көптен қол үзіп кеткен адамдарыңмен кездесіп, бос уақытыңды бірге өткізудің өзі төбеңді көкке жеткізеді емес пе?! Мұндай отырыстарды дәрігерлердің тілімен айтсақ, адамның жүйке жүйесін босататын жаттығуға теңеуге де болады. Осының бәрі адамда жағымды бір эмоция тудырады, өнеге алуға, өзіңді көпшілік ортаға тарта білуге үйретеді.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақсат бәрі - тұл,
Доссыз ауыз тұшымас, - деп данышпан Абай айтпақшы, қалтқысыз достардың бас қосуы, шынайы көңілден шымырлай шыққан мөлдір сезімнен туса, ақ-жарқын пейіл, келісті әзіл-қалжың, сыңғырлаған күлкіде үйлесім болса, қандай ғанибет...
Қазір тойды әркім шамасының жеткенінше жасайды. Көңіл көтеріп, жақсы демалатын орындардан басқа 8-9 сағат отырып, өсек тыңдап, арақ ішіп қылжақтаған жігіт ағаларын көріп, шаршап қайтатынымыз да жасырын емес. Ондай отырыс тойларда берекесіздік орын алады. Кейбіреулердің денсаулығына қарамай, «алыңыз, ішіңіз» деп қолқалау –денсаулыққа қиянат жасау деп есептейміз.
Әрине қонаққа баруды, қонақ шақыруды жоққа шығарудан аулақпыз. Айтпағымыз, қонақ шақыру, күту-шын сыйлау, ниет көрсету бағытында туындаса отырыстың мәні де, нәрі де сол ғой. Дегенмен, қонақта отырғанда қалай болса солай сөйлеу, мәні жоқ бос сөздерге үйірсек болу, біреуді көре көзге ғайбаттау немесе көре алмау, арзан мадақтау, таяз күлкі, қызыл кеңірдек болып таласу, ешкімге сөз бермей бөсу - бәрі жиылып келіп мәдениеттілік ауылын алыстата түседі. Соңғы кезде ұлттық салт-дәстүрдің жанданғаны соншалық түрлі «ырым-жырым» түрлері де көбейіп кетті. Ал жоқ-жұқа кісілер көбіне намысшыл келеді. Сол «пәленшенің тойынан кем болмасын» деп-ақ қарызға батып, той жасап берешек үстіне берешек жамап, соңы дау-дамайға ұласып жатады. Тағы бір айтатын нәрсе, бақай есеп, қулықпен қонақ шақыру, жағымпаздық ниетпен тәуелді адамын шақыру, бір пайда түседі-ау дегендерді шақыру, бір шаруасын жөнге келтіріп алуға қол ұшын берер адамды, өзінде барды көрсетіп бедел жинау мақсатымен қонақ шақыру дегендердің бәрі – айналып келіп, шын ықыласты білдірмей, қайта арзан бедел жинауға келіп саяды.
«Бастығына болмаса керек бір адамына жағыну, жағымпаздану көбіне-көп ерлердің әрекеттерінен көбірек байқалады» деп жазады бір ағылшын журналисі. Сондықтан ондай әрекеттерге тыйым салу - әйелдің міндеті. Мұндай о­тырыстарда шынайы көңілмен ашық-жарқын әңгімелесу, шер тарқату, қарапайым да еркін отырыс бола қоймасы және анық. Әлбетте, бұл отырыстарда бірін-бірі сынау басымырақ байқалады да әркім белгілі этикеттен озбай сыпайы көрінуге, болмаса бір «қылығым оғаш емес пе» деп қысылып қымтырылып отырары анық. Сондықтан, ағайын, тойларды, отырыстарды, ас-құдайыларды бәсекеге айналдырмайық. Бұл түптеп келгенде тереңірек мәселе, ұлттық намысқа, парасат іздеген адамның өрелілігіне сын. Қонақжайлық қазақ ұлтының ерекшелігі. Бірақ сол қасиетіміз әлгіндей дарақылыққа ұласса абыройсыздық. Тым асып та кетпей, тым түсіп те кетпей сыйластық дәстүрін сыпайылық нормасына сәйкестендіру біле-білгенге тәрбиенің бір түрі.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
30 шілде 2019 ж. 798 0