КИІМСІЗ ҚАЛҒАН ЖОҚПЫЗ БА?
Қазақ «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» дейді. Осындайда әр қазақтың көркіне көрік қосқан ұлттық киімі есіңе оралады. Себебі, әлемдік аренада қазақтың жарасымды шапаны мен тымағы, бүрмелі көйлегі мен бөрігі бәсекеге қай қырынан алып қараса да төтеп бере алады. Дегенмен күнделікті өмірде Фариза апамыз: «Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды ана» деп жырлағандай, «ақжемденіп жыртылғалы тұрған» шалбарларға, құрақ-құрақ көйлектілерге көзің үйренгелі қашан.
Иә, «іштен шыққан шұбар жыланын» тоғыз ай толғанып, он ай көтерген анамыз кешіреді-ау, ал ұлт деген ұлы анамыздың алдында не деп ақталамыз? Осындайда бір оқиға есіме орала береді. Бүгінде айырылмастай дос болған джинсыларға кеңес кезінде колхоз бастығы, есепшісі секілді мықтылардың балаларының ғана қолдары жеткен екен. Сондай «бақыттыны» көріп, бір апамыз: «Осының әкесінің байлығын не қылайын, баласы өмірі алқам-салқам болып, киімге жарымай жүреді», – депті. Шіркін, аңғал да көреген қарттар-ай.
Тәуелсіздігімізді алып, көзімізді ашып, жан-жағымызға қарасақ, шетел жұмысшысына арналған киімінің өзін әлем мойындайтын сәнге айналдырыпты. Басқалар қарап қалсын ба? Аспан асты елі жібек көйлегін заманға сай икемдеп шығарып жатыр. Жапондар киманосын келістіріп жүр. Шотландықтар да қалар емес. Әлемдік жұлдыз ер-азаматтарының өзі шотландық юбканы арланбай киіп, керісінше сол арқылы сәнқой екендерін тағы бір дәлелдегендей басылым беттерінен түсер емес. Мұндай бәсекелестікте қазақ жігіттері де өз орнын алған? Олар бірден құлақтарына сырға салдырып, керемет заманауи күй кешуде. Осындайда қазақтың киімге қатысты ырым-тыйымдарының тәрбиелік мәнін ескере бермейміз. «Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды» дейді ата-бабамыз. Дегенмен, украиндық Верка Сердючкаға тосырқай қарап жүргенде бізде де «жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шықты». Әзілді алға тартып, орамал таққан Берікті «Екі жұлдыздан» көрген сайын әупірімдеп жүріп өз арнасына әзер қайтыпты-ау деген ойға келесің. Сондықтан, бірді-екілі қыз болып киініп, әзілдеу бір басқа, ал сахнада тек әйел образымен көріну ұрпаққа үлгі болар қарекет емес. Әйтпесе, көршілеріміздегідей кішкентай «Верка Сердючкалардың» қаптап кетпесіне кім кепіл? Күлдірем деп жүріп бүлдірерміз сосын.
Бүгінде әйтеуір бәрінің орны ауысып кеткен. Сондықтан болар ұлы қайсы, қызы қайсы ажырату қиын. Орыстар жолы болғыш жанды жейдемен туылған деуші еді. Біздің қаракөз қыздар құдды шалбармен туылғандай. Ал сондайда көбіміз модельердің «құрбанына» айналып жүргенімізді сезіне бермейміз. Сенбесеңіз, бұған тарихтың өзі дәлел. Әрі бәрін бастаған тағы сол құрама ұлттардың қосындысы болған Америка халқы. 19-ғасырдың ІІ жартысы мен 20-ғасырдың басында Францияның әлсіреуін пайдаланған пысықайлар киім фабрикасын өз қолдарына алып, ұзын юбканы қақ ортасынан екіге бөлу жұмысын дереу бастап кетеді. Огайалық Амелия Блюмер 1840 жылы көйлектің етегін тізеге дейін қысқарту арқылы қыз баланың іштік киімдерінің қатарына жататын шалбардың «бағын ашады». Ал бүгінде біз оны бабамыздан қалғандай бәлсінеміз. Байқасақ, үстіміздегінің бәрі мұхиттың арғы жағындағы сол құрама халықтың «ұлттық киімі». Иә, олар бізді ғана емес, күллі әлемді жаулап алған. Дегенмен, «көппен көрген ұлы той» деп қашанғы жүреміз? «Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?» демеуші ме еді Абай. Бізге Орта Азияда тең келер мемлекет жоқ деп масаттанамыз келіп. Тіпті оларға көз жүгіртпейміз де. Әйтпесе, ұяттан қызарар едік. Мәселенки, биыл Түркіменстан Ғылым академиясы ғалым-әйелдерді жұмысқа ұлттық үлгідегі көйлек киіп, бастарына жұқа жібек орамал салып келуді міндеттеді. Ендеше, түркімен қызы өзінің ұлттық киімінің жанды жарнамасына айналды. Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтсақ, «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр, анау ойда қазақ тұр, қастарында азап тұр, ұйқысы көп, ояуы аз, бұл не деген ғажап-дүр».
1926 жылы қазақта наурызды ресми тойлауға тыйым салғанын білеміз. Бірақ дәл осы жылы қазақты қазақтың киімінен айырғаны жайында неге екені белгісіз, жұмған аузымызды ашпаймыз. Сол шешімнің кесірінен, анасынан ерте айрылған жетімектей күй кешіп жүрміз. «Түркіменстанда қабылданған шешімге жергілікті қыз-келіншектер қарсы» деп дабыра көтеріп жатыр батыс. Қандай мүдде көздеп отырғандығы да түсінікті. Алда-жалда айымыз оңынан туып, осындай ұсыныс бізде талқыланатын болса, қазақстандық бикештер де ат тонын ала қашары даусыз. «Бұл біздің бостандығымызды шектеу, құқығымызға қол сұғу. Барып тұрған әділетсіздік!» деп шырылдары анық. Бірақ 1926 жылы ұлттық киім кию құқығынын айырып, әділетсіздікке ұшыраған қазақты баба мұрасымен заңдық талаппен қайта қауыштыру керісінше әділеттілікті орнатар еді-ау.
Иә, бажайлап қарасақ тәніміз де, жанымыз да ұлттық рухтан айрылған жалаңаш күйдеміз. Ганс Христиан Андерсеннің «Жалаңаш патша» ертегісіндегі жағымпаз тігіншінің «бар» деп өткізген «жоғын» киген билеушідей көшеге шығып алып, әй бір масаттанамыз. Мүмкін, топтың арасынан бір сәбидің шықылықтап күлгенін күтіп жүрген шығармыз. Сондықтан, үстіңізге тағы бір жақсылап қараңызшы!
Майя ҚОЖАБАЙ