Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЖЕГІ ҚҰРТ

ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЖЕГІ ҚҰРТ


Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы 10 міндеттің тоғызыншысы сыбайластықпен күреске байланысты. Өз Жолдауында Елбасы жемқорлыққа қарсы тұру міндетін бекерден-бекер қозғап отырған жоқ. Өйткені, қоғам дерті болған сыбайлас жемқорлық мемлекеттің дамуына кері ықпалын тигізуде. Оның ішінде, лауазымды тұлғалар мен шенеуніктердің аталмыш қылмысқа баруы үдеп барады. Осы себепті де Ел Президенті бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретіндігін атап айтқан болатын.
Жолдауда айтылғандай, жемқорлыққа мүлдем төз­беушілік қағидатын таныту үшін елімізде көптеген жұ­мыстар атқарылуда. Мұндай жұмыстар аудан көлемінде де ұйымдастырылып, сыбайластыққа жол бермеудің шаралары жасалуда. Жақында Сырдария агротехникалық колледждің жатақханасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы М.Искаков студенттермен еркін форматта кездесу өткізіп, сыбайластыққа қарсы күрес бағытында әңгіме өрбітті. Кездесуге аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Әлшеров, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Тұрғанов қатысты.
«Сыбайлас» дегеннің мағынасын сұраудан бастаған департаменттің бас маманы Мұрат Искаков колледждің білім алушыларына жемқорлық жайлы егжей-тегжейлі түсіндірді. Мұның ең басты салдары әркімнің өз құқығын білмеуіне байланысты екенін айтты. Соның кесірінен қазіргі таңда көп адамдар өміріне кері әсерін тигізетін қоғам дертіне тап болып жатқандығын жеткізді. Ал өздерінің қабілетіне сеніп, барлығына білімнің арқасында жететіндер мұндай қылмысқа бармайтынын атап өтті. Сондықтан бас маман студенттерге қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, сапалы білім алғанда көздеген жетістікке жететіндіктерін атап айтты. Сонымен бірге, колледж қабырғасында жүргенде, келешекте жұмысқа орналасарда және жұмыс барысында сыбайластыққа жол бермеу керектігін ескертті. Оның салдары бүкіл өмірлеріне кері ықпалын тигізетіндігін түрлі мысалдармен түсіндіріп берді.
Кездесуде аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының міндетін ат­қарушы Д.Әлшеров те сөз сөйлеп, білім ізденушілерді қоғам дертімен бірге күрес жүргізуге шақырды. Кездесу барысында меймандар студенттермен еркін сұхбаттасып, сауалдарына жауап берді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
30 қаңтар 2018 ж. 1 703 0