«АЙГӨЛЕКТЕГІ» КӨҢІЛДІ ЖАЗ
Жазғы уақытта балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру үшін сала мамандары көптеген шаралар өткізіліп жатыр. Аудан балалары республикалық, облыстық, аудан жазғы тынығу лагерлерімен қатар мектеп жанынан ашылған күндізгі тынығу лагерьлерінде демалады. Кеше аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында орналасқан. «Айгөлек» күндізгі тынығу лагерінің ашылу салтанаты өткізілді.
Лагерьде демалушы балғындар төрт топқа бөлінген. Арнайы топ басшылары мен аға тәлімгер лагерь басшысына мәлімдеме жасады. Бұдан кейін лагерь тынығушыларының қатысуымен «Жас дәуірдің балғындарымыз» тақырыбында тынығушылардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Шараны мектеп-лицей директоры Б.Сағындық, мектеп-лицей директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары М.Әкімжанова ашып, лагерь жұмысына сәттілік тіледі. Концертте «Гүлдер», «Дружба», «Алые паруса», «Болашақ» топтарының тынығушылары ән шырқап, би биледі. Өз кезегінде лагерь басшысы Г.Байдушева сөз сөйлеп, үш ауысым бойынша жұмыс жасайтын лагерь қызметіне тоқталды.
Негізінен «Айгөлек» күндізгі-тынығу лагері 1-27 маусым аралығында үш ауысым бойынша жұмыс жасайды. Мұнда 345 бала, оның ішінде 115 мемлекеттік көмек бойынша, қалған 240 бала ақылы түрде демалады. Әр ауысымда білім күні, өнер күні, спорт күні, саяхат күндері қамтылып, тынығушылар аудандағы «Еңбек даңқы» музейіне, облыстық мұражайларға саяхат жасайды. Лагерь базасында жас мамандар жұмыс жасап, күн сайын балаларды түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатыстырып, қабілетін шыңдайды. Лагерь санитарлық талаптарға сай ойын бөлмесі, асхана, жатын бөлмеден тұрады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ