Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КҮНДЕР

БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КҮНДЕР


Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры – дегендей, баланы жас шыбық сияқты қалай исең солай өседі. Қисайып бара жатқан шыбықты қайта түзете отырып, кескін-келбеті келіскен, білімді де, өнерлі ұрпақты тәрбиелеу міндет. Ұлттық болмыс пен халық құндылықтарын шәкірт бойына дарытуда отбасы мен ұстаздың тәлім-тәрбиелік шараларына қойылар талап жоғары болады. Мектеп – білім берумен қатар, тағылымды тәлім-тәрбие түрлерін ұйымдастыратын өнеге ордасы. Тәрбие мазмұны ұйымдастырушының шеберлігімен ұштасқанда кез-келген шара шәкірттің ішкі жан-дүниесін жаңартып, рухани азық болып, жарқын болашақ кепілі саналады.
«Бала тәлімі – құрсақтан» деген халық даналығына сүйенген әрбір ата-ана тәлімі мол өнегелі істерді отбасында ұғындыру үшін педагогтармен бірлесіп жұмыс жасайды. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда педагогикалық талапты ескерген абзал.
Негізінен жаз айлары мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт екені мәлім. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана -сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Бастауыш сыныптарының балалары үшін бұл уақыт шуақты табиғатпен ерекше үндестік тауып, өмірге деген көзқарасы қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі болып саналады. Осы мезгілдегі бос уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан ұстаздарға оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттау негізін үйретудің мәні зор. Демалыс уақыты дене және ақыл-ой қызметін тынықтыратын, қарым-қуатты жетілдіретін маңызды дүниелерге жұмсалуы жөн. Әйтсе де тыныға жүріп, қызықты ойындар мен мерекелік шаралар барысында балаларды сергіту арқылы белсенді ұрпақ өсіруге мүдделіміз.
Осы орайда №137 орта мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерінде Ғалия Исмагұлованың басшылығымен лагерь қызметкерлері бірлесе І, ІІ, ІІІ ауысымда жұмыс жасады. І, ІІ-ші ауысымдарда 88 бала, ІІІ-ші ауысымда 40 бала тынықты. Осы ретте «Жалын» тобының тәрбиешісі Гүлсім Жоламанова, Марта Елеукеева, «Балдәурен» тобының тәрбиешілері Ләззат Рахметова, Айгерім Ысқақова, «Қыран» тобының тәрбиешілері Қалдыгүл Бодыбаева мен Марина Прмахановалар лагерь жұмысына белсене араласса, күн сайын медбике Құралай Аюпова балалар денсаулығын қадағалайды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Есекеев балаларға таңғы жаттығу жұмысын жасатады. Бұл ретте аспазшы Ұлжан апай балаларға дәмді тағам ұсынды. Күнделікті шараға мектеп директоры Бағдат Есназар қатысып, жоғары бағасын берді. Әр шараның өтуіне музыка жетекшісі Абзал Бектібаев белсене атсалысты. Сондай-ақ, лагерь базасында түрлі тақырыпта мерекелік шаралар өткізіліп, тынығушылар көңілінен шықты.

Гүлсім Жоламанова,
№137 орта мектептің мұғалімі
10 шілде 2018 ж. 2 719 0