"Жүректегі жазулар" оқырманға жол тартты
Өлеңмен жер қойнына кірер денең, – дейді хәкім Абай. Иә, атқандай-ақ, адамның тумысынан өмірі өлеңмен өріледі, о дүниелік болғанда да артынан өлең сарнайды. Бұл парасат өлшемі биік өнердің адам өмірінде ерекше орын алатынын білдірсе керек. Зады, ақындық жаратылыс тым бөлек құбылыс секілді. Өйткені, мұндай табиғат тарту еткен талант иелері ерекше жаратылған десек артық болмас. Олардың ой өрісі, парасат пайымы, түйсіну сезімі тым бөлек. «Поэзия» атты әлемде жүріп олар әр ізгі жанның көкірегінде жарық сәуле ізін қалдырады. Сонысымен де қоғамда ақын – айрықша құрметке ие.
«Поэзия – адамның санасынан да биік тұрған құдірет» – дейді француз жазушысы Мишель де Монтень. Шын мәнінде, құдіретті лириканың жұмбақ сырын сөзбен түсіндіріп беру әсте мүмкін емес. Ал ақын адамның ішкі жан дүниесіндегіні шумаққа сыйдырып, жан сырын өлеңмен жеткізеді. Сондықтан да мұны құдыретке балаймыз. Мінеки, сондай құдыретті өнерді өміріне серік етіп жүрген жас ақын, әріптес Ақтөре Ибрагимұлының поэзиясы да жүрекке жақын, көңілге медеу сыйлайды.
Ақтөремен таныстығымыз «Тіршілік тынысы» газетімен тығыз байланысты. Екеуміздің де осы басылымға келуіміз қатар десем болады. Ол бұған дейін Шымкент қаласында баспасөзде жұмыс жасап келді. Тез тіл табыстық. Өзі ақын қауымының мінезі ерекше болатыны белгілі. Алғаш көргенде Ақтөренің бойынан оны бірден байқадым. Тік мінез, бірден бетке айтатын турашыл. Бірақ соған қарамастан ақын жүрегі нәзік. Оны өзі оқып берген өлеңдерінен ұқтым. Сол шақта оның «Жүректен жүрекке» атты жыр жинағы жарық көрген екен. Ондағы өлеңдер көңілге қонымды, ұйқасы келісті, адам жанын тебірентеді.
Бірге жұмыс жасап жүргенде әріптес ақын көп өлең шығарды. Әрине, шабытпен шыққан өлеңдер. Әдемілікті, әділдікті, туралықты өлең арқауы етті. Әсіресе, махаббат лирикасы хақындағы өлеңдер бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатты. Міне, сол топталған өлеңдер келесі бір өлеңдер жинағына сұранып тұрды. Сол арада Ақтөре қызмет ауыстырып аудан әкімінің баспасөз қызметіне ауысып кетті. Бірақ, «… – Ақынмын! – деп қаршадайдан қасқайған» жан өлеңнен еш бас тартқан емес. Жауапты қызметте жүрсе де өмірін өлеңмен әрлеп, поэзия шыңына шығуға талпынып келеді. Сәті түскенде сол сұранып тұрған жинақты жарыққа шығарды.
«Жүректен жүрекке» өлеңдер жинағының жалғасы болған «Жүректегі жазулар» жақында оқырманға жол тартты. “Жастар жылы” аясында мемлекеттің қолдауымен жарық көрген жинаққа Ақтөре Ибрагимұлының патриоттық, лирикалық, арнау өлеңдері енген. Бұл кітапқа жас ақынның ұстазы М.Сақтапов, ақылшы аға-апасы Б.Есназар мен Ғ.Әбілда пікір білдіріпті. Ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтапов «Есімі елге белгілі ақындар Сейфолла Оспанов, Иранбек Оразбаев, Қайырбек Асанов, Асқар Кіребаев, Жадыра Дәрібаевалар Сырдария ауданынан қанаттанды. Олардың бүгінгі ізбасарлары да осал емес. Сырдариялық жас ақындардың қатарында әдебиет әлемінде жақсы қырынан танылып келе жатқан Ақтөре Ибрагимұлының есімін ерекше атауға болады. Ол мектеп қабырғасынан бастап әдебиетке, өлеңге құштар болды» десе, Бағдат Есназар «...мен үшін ақындық – азаматтықпен пара-пар ұғым. Қым-қуыт тіршіліктің тасасында қалмай, қоғамда болып жатқан әрбір құбылысқа өзіндік үн қату, үн қатқанда да өлең тілімен сөз кестелеу қайдан оңай болсын… Осы тұрғыда, Ақтөренің бәсі жоғары деп еркін айта аламын» дейді. Ал ақын Ғазиза Әбілда «… жүрегінде жалын, жанарында от бар жастардың бірі – әріптес ініміз Ақтөре Ибрагимұлы. Әлі мір баспалдағының алғашқы сатыларында жүрсе де оның талабы нық, талғамы биік екені байқалады. Айталық, қазақ әдебиетінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан Сыр саңлақтары Мұхтар Сақтапов, Асқар Кіребаев ағаларының ақ батасын алған Ақтөре бүгінде шығармашылық әлеміне ат басын бұрып, өмірлік бағытын айқындады. Оның шынайы сезімге тұнған шымыр шумақтарынан көңілдің кіршіксіз кейпін танып, өрге құлаш сермеген өткір мінезіне тәнті боласыз» деп лайықты баға берген.
Жалпы, «Ақынның бар болмысы – өлеңінде» деп жатамыз. Яки, әр ақын өз өмірін өлеңмен өрнектейді. Сол айтқандай, өлеңдер жинағының алғашқы «Көңіл көкжиегі» мен екінші «Сезім дәптері» бөлімі жас ақынның бар болмысын ашып береді. Мұнда Отан, туған жер лирикасы, одан бөлек махаббат лирикасы көп. Сезімге толы жыр шумақтарын осы жинақтан табасыз. Ал үшінші бөлімде арнау өлеңдер берілген. Осы елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ел ағалары, ел аналарына деген жүрекжарды туындысы жарияланған. Жалпы, жинаққа сырдариялық жас ақынның 90-ға жуық өлеңі енген.
…Мен өлең оқығанда,
Жанарлардан ып-ыстық жас тамады,
Сылқымдардың бұзылып қас қабағы.
Сыңарсыз жан жанына жылу тауып,
Орындалар ақ арман асқаралы.
Мен өлең оқығанда,
Қалам алып қолына сұрапылдар,
Тыңдайды өлең мәнін ұғатындар.
Дейді бәрі мойындап Әз өнерді:
Сөзі мір, өлеңі дүр бір ақын бар!
Қалғанын сыршыл жас ақынның өлеңдер жинағынан оқыңыздар…
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ