Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ІЗДЕУШІҢ БАР, АТА

ІЗДЕУШІҢ БАР, АТА


Бүгін – Жеңіс күні! Жер жарықтық жасарып, күн көйлегін киіп, жайнап, жадырап тұрғандай. Облыс орталығындағы «Тағзым» алаңы ерекше салтанатқа ие. Мәңгілік алауға гүл қойған қала жұрты Ұлы Жеңістің қадірін ұрпақ санасына қалдырмақ ниетте. Жеңістің жады жырларын оқыған ақындар, рух ұлықтаған ұландар, жеңіс солдаттарына құрмет көрсетіп, тебіреніс тілектерін жаудырып жатты.
Менің жанымда тұрған Тынысбек ақсақал:
– Қаншама қайғы, қаншама қан төгілді. Біздің әулеттен Ахметов Жалғасбай деген ағамыз елге оралмады, - деп ауыр күрсініп, көзәйнегін сүрте бастады.
– Қазір іздесе тауып жатыр, қайда жерленгенін білуге болады, - дедім ескерткіш тақтадағы жазуға үңіле түсіп.
– Ол жағын білеміз. Бірақ дәйек аздау. Батыр бабамыз 1914 жылы туылған. Осы Сырдария ауданында Киров ауылдық кеңесіне қарайтын Жасқайрат колхозында дүниеге келген екен. Сырдария аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылы 24 жасында қан майданға аттаныпты. Соғыстың алғашқы жылдары үшбу хат келген деп ел айтады. Бірақ сақталмаған. Ленинград облысы Залучский районы, Великого селосы аймағында соғысқа түскен. Соғыстан оралмағандар тізімінде осылай көрсетілген. Кіші лейтенант әскери шенінде майдан даласында 1942 жылы наурыз айының 12-сі күні ерлік жасап, Отан үшін өмірін беріпті. Иманы жолдасы болсын, топырағы торқа болғай дейміз де. Топырақ демекші Жалғасбай атамыздың жерлеген жерін білсек, топырағын алып келіп бауырларының қасына қойсақ деген ойымыз бар. Кім біледі? Ол күн де алыс емес шығар. Найман руынан тараған Ахметов Жалғасбай атамыздың артында немере, туыс іздері жетерлік. Тек бір өкініштісі, өз кіндігінен ұрпақ қалмады. Атамыздың аты өшпесін деп Жалғасбай атындағы ағайындар арасында қор аштық. Жұмысы жаман емес. Біздің мақсатымыз рухты ұмытпау, ұлықтау ғой. Мына Жеңіс күні еске түсіп жатқаны. Уақытыңды алсам айып етпе қарағым, - деп алыстан көрінген жалғыз бейнеге көзін тігіп тұрып қалды.
– «Іздеушің бар ма?» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Түйсігіне тұмарлап жүргенін қарашы.
– Жақсы кездестік балам. Мешітке кіріп Жалғасбай атамызға арнайы құран бағыштайық, - деді ол. Мен бұл ұсыныстан бас тарта алмадым.
Мешіт іші әдеттегіден адамға толы екен. Рухқа бас иіп, иман тазалап жүргендер.
«Мешітке келсем бір жеңілдеп қаламын» деді ағай, төбемізден ұшып бара жатқан құстарға қарап.
«Құстар келіп жатыр» - деді де түйіліп, әлдебір сөзді тіл ұшына тіреп қалды.
Соғыс келіп
Айналдырды тоз-тозға,
«Жасқайрат» дейтін
Біздің колхозда
Бүгін бәрі,
Ертегідей
Сенгісіз.
Жауып еді,
Жерді сыз.
Жыл құстары
Қайтып жатты қиқулап,
Орала ма,
Оралмай ма, белгісіз.
– «Жоқ, оралады. Ерлік өлмейді! Ерлік рухы ұрпақтар санасынан өшпек емес. Ендеше Жалғасбай атамыздың рухы Жеңіс күнінің күмбез көгіне шығып, айшық болып арайланып тұрғандай.
Ағамызбен қоштасып кете бардық. «Біз Сізді ұмытпаймыз, Жалғасбай ата» дегендей әлденеден рухтанып ағамыз алшаң басып, тағы бір іске асығып бара жатқандай көрінді.


Оңталап НҰРМАХАНОВ,
Мәдениет қайраткері
09 мамыр 2018 ж. 1 017 0