Жігер
2015 жылы аудан орталығында қайғылы оқиға орын алды. Түн уағында бір көлік үйге кіріп кетіп, оның арты үлкен өкінішке ұласты. Мұны ешкім ұмыта қойған жоқ. Міне, сол көліктің ішінде Бағдәулет Әбілдаұлы да болды. Ол кезде Бағдәулет мектепте 9 сыныпта оқитын. Ағасы Батырхан отау тігіп, сол қуанышты тойда ән салып шыққан беті. Өзі ән айтқанды бала кезінен жақсы көреді. Болашағын да осы өнермен байланыстыруды мұрат етіп қойған. алайда, Оқыстан болған апаттан ауыр халге душар болып, мойын омыртқа, ми жарақатын алды. Үлкен арман жетегінде жүрген жас жігіт аяқасты арбаға таңылды.
Сол оқиғадан соң Бағдәулеттің әр күні ем алумен келеді. Әуелгіде бас қаладағы жеке клиникаларға барып ем-дом шарасы жасалды. Негізі, оған күрделі ота жасау шет мемлекеттерде іске асырылады. Алайда, қаржының тапшылығы сол мезетте жас жігітті медицинасы дамыған мемлекеттерге алып кетуге кедергі болды. Десе де, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларына барып, аяқ-қолын икемге келтіру шаралары әлі жалғасуда.
Тағдырдың сынағына кез келген адам төтеп бере алатын болса, Бағдәулет те жазмыштан озмыш жоқ екенін біледі. Содан бергі төрт жыл уақытта әрбір күні ем шарасымен өтіп жатқанымен ол өз арманына деген ұмтылысын ұмытқан емес. Ол жігерлі. Арбаға таңылса да өзінің қайсарлығымен, талпынысымен әншілік өнерді тоқтатқан жоқ. Араға екі жыл салып, мектеп бітіру кешінде қайтадан ән шырқады.
Мен Бағдәулетті тойда көрдім. Қасында көмекші ағасы оны ортаға әкелді. Аяқ-қолы қозғалмаса да жан-жағын бағдарлап, көзімен бір шолып шықты. Содан кейін әннің әуені қосылып, табиғи дауыспен орындап шықты. Көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жұртшылық жас жігіттің жігеріне тәнті болды.
Қазір Бағдәулеттің танымалдығы артып келеді. Ол өткен жылдан бастап қайырымдылық концерттерін өткізіп жүр. Ең алдымен, аудан орталығында концерт өткізді. Одан кейін Тасбөгеттегі мәдениет үйінде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы қайырымдылық шараларда ән салып, ерекше құрметке бөленгені бар. Жігерлі жанның шығармашылығына көптеген жандар көмек көрсетуде десек, оның ішінде ауданға белгілі әнші Дастан Палмақовты ерекше айту керек. Жас әнші талантты жанның ән шырқауына ықпал етіп келеді.
Әншілікке өзінің талпынысы күшті. Ол ән салып, «Инстаграм» желісіне жүктейді. Ондағы белгілі адамдардың әлеуметтік желіде ұйымдастырған шарасына да қатысып отырады. Бірде елге белгілі ақын Саят Әбеновтың «Өлшеулі өмір» әнін орындайды. Оны көрген автордың өзі әлеуметтік желіде бөлісіп, жарыс ұйымдастырады. Сол шарада Бағдәулет жоғары баға алып, жеңімпаз атанған. Оның жүлдесі ретінде Саят Әбенов әнге лайықтап өлең шығарып берген. Енді сол өлеңге ән шығару керек екен. Оны Бағдәулет алдағы уақытта жүзеге асырмақшы.
Мұнан соң сырдариялық жас әншінің өмірінде елеулі оқиға орын алды. Ол Қазақстанның эстрада жұлдызы Ернар Айдармен бірге ән шырқап, көңілі бір серпіліп қалды. Бұл да әлеуметтік желі арқылы жүзеге асқан. Белгілі әнші Алматыдағы Республика сарайында өтетін ән кешінде өзімен бірге дуэт орындау үшін байқау ұйымдастырған. Соған қатысуға ниет білдірген сырдариялық Е.Айдардың бір әнін шырқап, желіге жүктейді. Оған дейін Бағдәулет әншіні Қызылордада көрген. Оның ән кешіне барып, алдыңғы қатарда барлық әнін қоса шырқап отырғанда Ернар Айдар жігерлі жанға өзінің пиджагын сыйға тартыпты. Ал байқауға қатысуға ниетін білгенде бірден хабарласқан. Сөйтіп, 9 наурызда үлкен сахнада Ернар Айдар мен Бағдәулет Әбілдаұлы «Тым болмаса» әнін жанды дауыста бірге шырқады. Сый-құрметке бөленіп, сол кештен ерекше әсермен оралды.
Жігері жасымаған жанның жанында қолдаушылары көп. Әркез қасында жүретін анасы Ұлғаным Сүгірбаева, ағасы Жанболат Исмайлов, апасы Жазира Исмайлова демеу білдіріп, оның аяқтан тұруына барын салып жүр. Соларға арқа сүйетін Бағдәулет алдағы уақытта өз мұратына жету жолында аянбайтынын айтады.
– Биылғы «Жастар жылына» орай ауданда жеке шығармашылық концерт өткізгім келеді. Ол үшін алдымен шығармашылықты дамытып алу қажет. Авторлық әндер жаздыру керек. Қазір Шымкент қаласына барып емделіп жүрмін. Содан кейін осы мақсатқа жетуге талпынамын, – дейді кейіпкеріміз. Біз оның арман-мұратына жетуге тілекші болдық және тиісті сала өкілдері қолдау білдіреді деген сенім білдірдік. Бағдәулеттің жігеріне тәнтіміз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ