ТӘУБЕ
Қыс мезгілі ызғарын көрсетіп тұр. Күн суықта ауылдың шетінен аудан орталығына қарай көлік шықты. Жапон көлігінде ерлі-зайыпты Ерболат пен Майра және жасқа толған ұлы бар. Аудан орталығында өз кәсіптері бар бұлар ауылдағы ауқатты отбасылардың бірі. 15 шақырымдық жолмен күнделікті аудан орталығына қатынап, жұмыстарына барып-келіп жүр. Ерболат тез ашуланшақ. Өзгенің пікіріне құлақ аспай, тек өзінікін ғана дұрыс деп санайды.
– Бүгін бізге облыстан тексеріс келеді.
– Өткен айда келген бе?
– Жоқ. Бұлар басқасы. Тауар сапасын тексереді-ау деймін?!
– Қорқатын дәнеңе жоқ. Бәкеңе бір «звонок». Бәрін шешеміз. Тіпті, Бәкеңді мазаламай, өзім-ақ шешермін, – деді де Ерболат жылдамдықты асыра бастады.
Аязды күні ауыл орталығынан өтіп бара жатқан көлікті бала көтерген Әділет пен Инабат тоқтатуға ишарат білдірді. Ызғарлы таңда баласының тоңа бастағанын көрген ата-ана автокөліктің аялдауына жанталасыпақ бақты. Алайда, жүйткіп келе жатқан көлік сол жылдамдықпен бұлардың қасынан өтіп кетті.
– Осылар-ақ күнде қол бұлғайды да тұрады, жолдың ортасына дейін шығып.
– Енді қайтсін, біз секілді жұмыстарына барады да...
– Жұмыстарына барса, менің жолыма бөгет болмасын. Көліктің астына түсеме, ей!
– Баласы ұлымызбен жасты. Мынадай аязда бүлдіршінге обал-ақ!
– Обал болса, қол бұлғағанша көлік сатып алмайды ма? Әркімге телміріп... Аядай ғана ауылдың шыға берісінде бұл көлікке тоқтамайтынын білсе де Айғаным әжей де қолын созды. Қолында дорбасы бар. Күнделікті 7-8 кола сүтті аудан орталығына апарып, сатып, қант-шайын айырады.
– Мына кісі де қызық. Таң атпай күн суықта қайда барады? Жылы жерде жатпайды ма екен?!
– Бұл кісіні орталықтағы базар жанында сүт сатып тұрғанын көргенмін. Мына жаста қиын ғой. Бір күн болсын жолай алып кетсеңші!
– Тыныш отыршы! Көліктің ішін ластайды. Жүрсем сол әркімге тоқтап, бәрін тасып, содан соң тазартып...
Келер күні де көпшілік аялдама санайтын орында Әділет пен Инабаттың тұрғанына біршама уақыт болды. Әділет қолындағы бала тоңбасын деген ниетпен ықтап, құшағына тыға береді. Баланың да мазасы қашқан. Құдай қосқан жары көліктің жолын тосып, мойын созумен әлек. Бір мезетте жаттанды көліктің төбесі көрінді.
– Тым құрыса, бүгін тоқтап, ала кетеді ме екен?
– Ай, қайдам... Бетіңе бажырайып қарап, өтеді де кетеді. Осыған қол көтеріп әуре болмайықшы.
– Мүмкін, адамгершілігі оянып, тоқтап қалар. Бір күн жұмысқа ерте барайын. Әйтпесе, қар түскелі кешігіп жүрмін. Бас дәрігер де қайта-қайта сұқтана қарап жүр.
– Сәл шыдайық, бәйбіше! Алла қаласа, деніміз сау болса біз де бір темірді тізгіндерміз.
Айтқанша болмады, әлгі көлік бұлардың жанынан зырғып өте шықты. Әдеттегідей, екеуі көзбен шығарып салды.
Анадайдан көлік келе жатқанын көрген Айғаным әжей де жолға қарай асыға жүгірді. «Өтіп кететін болдыау» деген үреймен қолын алыстан сермеп келеді. Ентелеп келе жатқан анасындай жанды Ерболат елемегендей болып, жол жиегіне жақындағанда жылдамдықты асырып, мазақ қылғандай құйындатты да кетті. Жақын келе сол баяғы көлік екенін көрген байғұс ана «Садаға кеткір-ай, бір рет болса да ала кетсең қайтеді. Ақыңды жемеймін ғой» деп қалды ентіккен күйі.
Осылай күйбің тірлікті күйттеген жандардың өмірі зырғи берді. «Бар» болған соң Ерболат та қанағат қылуды ұмытты. Бәріне биіктен қарайтын болған. Алайда, бір жағдай мұны тәубесіне түсірді.
Бұл күнгі таң Әділет пен Инабат үшін қарбаласпен басталды. Түнімен қызуы көтерілген баласының таң ата жөтелі үдей түскен. Әкесі қанша көтеріп, өбектесе де бүлдіршіннің жылауы тоқтар емес.
– Суыққа шығарып, салқын тиігізіп алдық-ау деймін. Қызуы жоғары болып тұр. Дәрі берсем де басылар емес, – дейді әкесі.
– Иә, қанша қалың киіндірсек те суық өтіп кеткен ғой. Тезірек ем-домын жасайық.
Шырылдап жатқан баланың маңдайын қайтақайта ұстап, қызуы жоғары екенін білген мейірбике анасы бар білгенін жасап-ақ жатыр. Бірақ бозарған баланың жылағаны әке мен ананың жанына батып барады. Жылай-жылай әлсіреген баланы көрген қос жанашыр тезірек аудандағы ауруханаға баруға келісті. Өздері көлікпен жетпесе, жедел-жәрдем жылдам келе қоймайды. Күндегідей жолға шығып, біраз уақыт жоғалтатынын білген Әділет ауыл ішінен көлік табуға қамданды. Сөйтті де, жақын тұратын ағайынының ескі жигулиін сұрап алды. Тез қимылдап бауыр еті баласының жылағанынан жанталасып, асығып-ақ жүр. Ескі көлікке әйелі мен баласын мінгізіп, сүрлеулі жолмен аудан орталығына қарай бет алды.
Ауылдан шыға бергенде дорбалы Айғаным әжей тұр. Баласының ауырып, асығып келе жатқанына қарамастан Әділет үлкен кісіні жолай мінгізіп алды.
– Амансыңдар ма, шырақтарым?
– Есен-саумыз, апа. Өзіңіз қалайсыз?
– Шүкір, жүрміз әупірімдеп. Көлік алғанбысың?
– Жоғ-а-а. Ағамның көлігі. Бүгін балам ауырып, аудандық ауруханаға бара жатырмыз. Суық тигізіп алдық. Түнімен ауырып шықты, қызуы жоғары. Дәрігерге көрсетпесек болмас.
– Әрине, тезірек қамданып, алдын алмаса ауру деген жаман ғой. Емдету керек.
Осылай жағдай сұрасып келе жатқанда аудан орталығы мен ауылдың орта тұсында Ерболаттың көлігі жол жиегінде тұр. Қасында көлік иесі қол сермейді. Жылдам келе жатқан Әділет көлік жанына келіп тоқтады. Жанталасқан Ерболат жүгіріп келіп, Әділетті көрді де сасқалақтап:
– Бауырым, көлігім бұзылып еді. Әйелім мен балам..., – дей бергенде Әділет:
– Жылдам мініңдер, асығып барамыз, – деді. Ерболат жүгірген күйі көліктегі тоңған әйелбаласымен асығыс келіп, көлікке мінді. Алдыңғы орындыққа отырып, көлік жүргізушісіне, артқы орындықта отырған Айғаным әжейге қарады да үнсіз, басын төмен бұқты. Соны аңғарған әжей де:
– Көлігің бұзылып қалған ба?
– Ия. Мына жерге келді де сөніп қалды.
– Бағана кетіп едіңдер, содан бері тұрсыңдар ма? – Мм...
Ерболат күнде тоқтамай, өтіп кетіп жүрген ауылдастарының алдында қызарып, тек жолға қараумен отырды. Көлікпен шіреніп өтетін мақтанқұмар бұл сәтте не айтып, не қойғанын білмей, баланың ауырғанына себепкердей, ұялғаннан көліктен түскенше «ләм-мим» деп тіл қатпады. Тек ішінен «Күнде бұлардың жанынан өтіп кетемін. Ал бұл баласы ауырса да жолшыбай мінгізіп алды. Әй, қу басым-ай, дүние деп жүріп, адамгершіліктен ада болыппын ғой» дегенді қайталаумен болды.
Менмендікке бой беріп, адамгершілікті ұмыт қылған жанды Әділет жақсылық жасау арқылы тәубесіне келтірді. Жамандықтың бетін жақсылықпен қайтарды. Осы жәйден соң ауқатты жігіт күнделікті ауылдастарына, жолда кездескен жолаушыларға тоқтап, діттеген жерге жеткізіп, ізгі іс жасауды әдетке айналдырды.
Зырлайды көлік, зулайды өмір,
Сартылдап өтер минуттар.
Қол бұлғап тұрып, түспесін көңіл,
Болмасын ешкім кіріптар.
Жол бойы ұзақ, көлік күтетін халық көп,
Қатал қыс түйген қабағын.
Бос орын болса, қалдырмай жолда алып кет,
Тондыра көрме, жанарын!!!
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ