ПАТРОНАТ ТӘРБИЕШІНІҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ
Елбасы жастармен кездесуінде қоғамның өзекті мәселесін қозғады. Ол жетімдер үйі туралы болатын. Ата-бабамызда қарттар үйі мен тастанды бала ұғымы болмаған. Қазір заман мүлдем өзгерді. Әрбір қалада аты суық естілетін үйдің бір емес бірнешеуін кездестіресіз. Мұндайда еріксіз адамзат баласы тас бауыр болып кеткен бе деген ой келеді. Сондай-ақ ұрпақтың саналы болуына осындайда күмәнмен қарайсыз.
«Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін», «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген астарлы сөз түкке тұрғысыз болғаны ма деп қабырғаң қайысады. Қайбір жылдары елімізде шарананы жолға лақтырып тастаған оқиға да болды. Бұндай жағдай кейін де қайталанып, оған үйреншікті нәрсе деп қарайтындай болдық. Әрине, өкінішті. Қыздарымыздың беті ашылмай, қанасынан шыққан шақалағын керексіз дүние секілді қоқыс жәшігіне, әжетханаға лақтырып тастай салатын күйге жеткеніміз ұлтымызға сын. Күллі қазақ жұртына «мұнан былай жетімдер үйі болмасын, қарттар үйі жабылсын» деген ұран тастасақ қайырымдылық үшін сауапты іске жұмылар едік. Дегенмен, бүгінгі күні бұл мәселенің мәнісін бір-ақ күнде шешу мүмкін емес. Мемлекеттің заңдылығына сәйкес сәбилер үйінен бала асырап алу немесе патронаттық тәрбиеге алуды оңтайландыру қажет. Алдыңғысы сот шешімі арқылы іске асса, екіншісі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шарт бойынша отбасы тәрбиесіне беру. Құжаттарды рәсімдеп, жүзеге асыратын жауапты мекеме – білім беру бөліміндегі қорғаншылық және қамқоршылық кеңесі.
Қазіргі уақытта туған ата-анасының аялы алақанын сездіріп, балаға деген махаббатының орнын толтырып отырған ауданда үш бірдей патронат тәрбиеші бар. Оның екеуі ауылдық округте болса, біреуі кент орталығында тұрады. Олардың тәрбиесіндегі 3 бала тұл жетім екенін қолымыздағы мәліметтен білдік. Тағдыр тәлкегіне бұғанасы қатаймай-ақ кезіккен балғындар бүгінде толыққанды отбасында тәрбиеленіп, үлкендердің жақындығын, мейірімін сезініп келетіні қуантады. Олардың келешегіне алаңдаған екінші аналары балаларды әлпештеп, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай бағып-қағуда. Сондай мейірімді жандардың бірімен кездесіп, әңгімелескенімізде, кішкентай қызға анасының орнын ауыстырған егде жастағы әйел. Ол өзі көп балалы бола тұра, туғаны емес, туысқаны емес, мезгілінен бұрын ажал құшқан көрші келіншектің балаларын бауырына салған. Ол аналық махаббатын сыйлап, өз балаларынан кем көрмей өсіріп келеді.
– Мен кішкентайымның көзінен мұң көрмей, тек қуанышты көрсем деймін. Ештеңеден тарықпай оқуын оқып, білім алса, кейін өз отбасының болғанын көзім көрсе, арманымның орындалғаны. Өзгенің баласы деген ұғымды ұмытқанымыз қашан. «Анашым» деп құшағыңа келіп кіріп кеткенде, жүрегім елжірейді, анасына деген сағынышын баса алғаныма шүкіршілік етемін, – дейді көп балалы ана.
Күндіз-түні дамыл таппай жұмыс істеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы ана немере сүйіп отыр. Оның күлімдеген жүзінен шынайылылық пен мейірімді шуақ төгілгендей.
Патронат тәрбиешілерге мемлекет тарапынан үйіп-төгіп қаржы берілмесе де, қиындық, жетіспеушілік атаулыны ауыздарына алмайды да. Дегенмен, балалардың жазғы тынығуына, мектепте ыстық тамақпен қамтылуына, киім-кешек пен оқу-құралдарына тегін қол жеткізуге мүмкіндік қарастырылған. Балалардың келешегі үшін тұрғын үй кезегі де бар. Сондай-ақ патронат отбасыларын жауапты мекеме мамандары бақылап отырады.
Иә, жоғарыда айтылғандай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы балалар үйі емес, отбасы тәрбиелесе, ұлтымыздың ұлылығын көрсетеміз. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» ата-баба ұлағаты ұрпақтан-ұрпаққа қалған үлгі-өнеге. Өзге елдің емес, өз ұлтыңның ұрпағын жалғастырып, ошағын өшірмей, жетімді жеткізу адамшылыққа жатады. Қаракөз ұл-қыздың қанатын қатайтып, сауап үшін қадам жасау кісіліктің белгісі. Нағыз бейнеңізді көргіңіз келсе, өзіңізді бір сәтке патронат тәрбиешінің орнына қойып, үлгі алсаңыз, сол игі.
Б.ЖАНӘЛІ