Петербордың төріне Әлияның ескерткіші орнатылады

Қазақтың нағыз батыр қызы – Әлия Молдағұлова 1924 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында туған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысы, Новосокольники ауданы, Казачиха деревнясында қайтыс болды. Әлия 9 жасында анасынан айрылып, Алматыдағы ағасының қолында тұрады. 11 жасынан бастап сол кездегі Ленинград қаласы, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. №9 орта мектепте оқыды. Оқудағы озаттығы, үлгілі тәртібі үшін Қырымдағы Артек лагеріне барады. Соғыс басталғанда балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына көшіріліп, 7-інші сыныпты бітірген соң, Рыбинск авиациялық техникумына түседі. Көп ұзамай 1942 жылы майданға жіберіледі. Бір жылдан соң мергендер мектебін тәмамдап, №54 арнайы атқыштар бригадасы, 4-інші батальонының мергені (2-інші Балтық жағалауы майданы, 22-інші әскер) болады. Қаһарман қыз 1944 жылы Ленинград-Новгород операциясы кезінде жаудың 70-тен астам офицерлері мен солдаттарының көзін жойған. Сол жылы 14-інші қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапқан. Денесі Монакова ауылында жерленген. 1944 жылы Әлия Молдағұловаға Кеңес одағының батыры атағы берілді.
Әлияның ескерткіші Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Мәскеу, Новосокольники қалаларында бар.
www.qamshy.kz