БАҚ ЖӘНЕ ЦИФРЛАНДЫРУ
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай 25-26 қазан күндері облыс әкімінің қолдауымен «Сыр Медиа» ЖШС-не қарасты аудандық газет журналистері Мәскеу қаласында өткен Х-шы халықаралық ғылыми оқуларына қатысып қайтқан болатын.
Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайынан Мәскеуге бағыт алған әуе кемесі журналистерді үш сағаттың ішінде Мәскеуге жеткізді. Табанымыз Шереметьево халықаралық әуежайына тиісімен аспаннан сіркіреген жаңбыр да кедергі болмай, алдын ала жоспарлағандай Мәскеудегі Ә.Молдағұлова атындағы №402 гимназияға бағыт алдық. Бізді Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың атын еншілеген гимназияның басшылығы мен бір топ ұстаздар қарсы алды. Іргетасы 1971 жылы қаланған мектепке Әлия есімі 1972 жылы берілген.
Мектепке бұл атауды беру Батыр қыздың майдандас құрбыларының Ресей Үкіметіне жазған өтініш-хаттың арқасында алынған атау екен. Гимназия тарихы туралы айтқан директор Юлия Литвинова білім мекемесі орналасқан көше де батыр қыздың есімімен аталатынын жеткізді. Кеудемізді қуаныш сезімі кернеп, мектептегі мұражаймен танысуға асықтық. Мұнда бізді мұражай жұмысына жауапты бастауыш сынып мұғалімі Наталья Степанова мен 1 «Г» сынып бүлдіршіндері күтіп тұр екен. Ізгілікпен қазақ тілінде сәлемдескен бүлдіршіндер мұражайға қойылған әрбір экспонатпен кезек-кезек таныстырды. Әлия Молдағұловаға арналған музей төрінде Қазақ елінің Туы мен Елтаңбасы, Елбасы Н.Назарбаевтың Ресей Президенті В.Путинмен түскен суреттері тұр. Сондай-ақ ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын киімдер, бас киімдер мен қазақ тіліндегі кітаптар да көрме көркін аша түскендей. Сұрапыл соғыс кезінде жауынгерлердің тұтынған заттары да көне қалпында сақталып, естеліктерге айналған. Музей жұмысын тамашалаған соң қазақтың мерген қызы Әлияның есімі жаңғыра түссін деген тілекпен қорға ұлттық нақыштағы сый-кәделер табысталды.
Журналистер гимназия алаңында орналасқан Ә.Молдағұлова ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Ескерткіш тарихы туралы мұражай жұмысын үйлестірушісі Наталья Степанова былай деді: «2005 жылы ескерткіш мектебімізге әкелінді. Оның ашылу салтанатына сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Қырымбек Көшербаев қатысты. Айта кету керек, ескерткіштің бізде орнатылуына өлшеусіз еңбек еткен Қырымбек Елеуұлының есімі бізге өте қымбат. Әлі есімде салтанатта сөз алған ол кісі бұл ескерткіш Жеңістің 60-жылдығы және Ә.Молдағұлованың 80-жылдығы құрметіне қойылғанын айтты». Қызылордалық журналистер осы білім ошағында жұмыс істейтін «Алия» телестудиясы мен «Вестник гимназии» газетінің жетекшісі Е.Палицкая мен белсенді жастармен кездесті. Газет пен студия жұмысына қатысатын болашақ журналистер өздерінің сауалдарын Сыр елінің тілшілеріне жолдап, ашық жарқын пікір алмасты. Оларға журналистиканың қыр-сыры мен келешегі туралы әңгімелер айтылып, бағыт-бағдар берілді. Көкірегімізді мақтаныш сезімі билеп, жерлесіміздің рухы қанаттандырғандай болды бізді. Мектеп ұжымымен қоштасып, еңселі ескерткішке қайта-қайта мойын бұрып, Әлия Молдағұлова көшесімен жүріп, қимастықпен алыстай бердік.
Ғани Мұратбаев рухына тағзым
Түс ауа қызылордалық делегация ерсілі-қарсылы минөт сайын зырғыған метроға отырдық. «1905 жылғы» деп аталатын аялдамадан түсіп, Мәскеудегі ең көлемі үлкен, көне Ваганьково қорымына бағыт алдық. Әрқайсымыздың қолымызда шоқ-шоқ алқызыл раушан гүлдер. Қорымға кіре берісте интернет желісінен белгілі болған 19-шы бөлікке жылжыдық. Көлемі атшаптырым аумақта жерленгендер саны өте көп болғандықтан, қайраткер тұлғаның жатқан жерін жабыла іздеп жатқанда Алланың құдіретімен жауған жаңбыр шелектеп құйды. Еңселі ескерткіштегі шығыс жұлдызының тасқа қашалған бейнесін көргенімізде жүрегіміз елжіреп кетті. Небәрі 23 жасында бақилық болған тарихи тұлғаға бір жапырақ жердің осыдан бұйырғаны қайраткердің маңдайына о бастан жазылған болар.
Ғани Мұратбаев Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушысы және көшбасшысы, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін, Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушылар курсын, тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істейді. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облысы және Ташкент, Самарқан, Верный қалалары комсомол ұйымдарының негізін қалауға атсалысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналасуға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды.
1920 жылы Түркістан комсомолының 3-съезінде ОК мүшелігіне сайланып, қазақ-қырғыз жастары бюросын басқарды. 1921 жылы алдымен Самарқан өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол осы уақытта Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болды. Қазақстан комсомолының құрылуын жариялаған 1 – өлкелік съезді өткізуге тікелей басшылық жасады. 1922-1924 жылдары РКЖО-ның 5-сьезінде Ресей Коммунистік Жастар одағы ОК-нің мүшесі, Коммунистік Жастар одағының ОК Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1924-25 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы Ок-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3-4 конгресінің делегаты болып сайланды.
Міне, әрбір қазақстандық білуі тиіс мәлімет жалынды жастың аз ғана ғұмырындағы орасан зор қызметін көрсетеді. Оның қайраткерлік тұлғасы, патриоттық қасиеті қазақ жастарына, жүрегі елім деп соғатын азаматтарға үлгі болуы тиіс. Осындай естеліктермен журналистер марқұмның қорымда жатқан жерін күзгі жапырақтан тазалап, рухына құран бағыштады.
Әлемдік ақпаратқа жол
Биыл 10-шы рет өтіп жатқан конференция «БАҚ-тың сандық түрленуі: аймақтық, ұлттық және жаһандық аспектілері» тақырыбымен Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде екі күн бойы өтті. Италияның Перуджи, Финляндияның Хельсинки, Ұлыбританияның Нортумбрий, Германияның Берлин, Ресейдің М.Ломоносов т.б көптеген университет ғалымдарының басын қосқан жиынның ашылу салтанатында журналистика факультетінің деканы Елена Вартанова құттықтау сөз алып, шет елден келген қонақтармен таныстырды. Дәстүрлі ғылыми оқудың мақсаты туралы тоқталды. – Бүгінгідей жаһандану дәуірі бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа мүмкіндіктер берді. Ақпарат берудің жеделдігі цифрландыруға әкелді. Екі күнге жалғасатын конференцияда тың идеялар айтылып, толғандыратын мәселелердің шешімін табу жолдары ашылмақшы. Жалпы бәріміздің басымызды біріктіретін мәселеге ортақ жауап табу міндеті қойылды. Ендігі кезек оның шешімінде, – деді профессор Елена Вартанова. Мұнан соң қадірменді қонақ, Италиялық ғалым Паоло Манчиниге университеттің Құрметті атағын тапсырды. Өз кезегінде П.Манчини мұндай құрметке ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде БАҚ-тың бүгінін, қоғамдық коммуникациядағы ақпарат құралдарының рөлі туралы пікірін білдірді. Медианың атқаратын қызметіне шолу жасап, оның тиімділігін арттыра түсетін элементтерге тоқталды.
Финляндияның Хельсинки университетінен келген профессор Ханну Ниеминин: – Бүгінде БАҚ-тың міндеті артқан. Оған бәріміздің көзіміз жетті. Ал оның жұмысын одан сайын ілгерілету бүгінгі медианың міндеті. Бізге қайткен күнде жедел ақпарат берудің жолы жетіспейді. Әрине, блогердің іс-қимылы өте белсенді. Дегенмен олардан кеткен кемшіліктер бақылаудың болмағандығынан деп түсінеміз, – деді.
Осындай ойды жалғаған Англиядағы Нортумбия университеінің профессоры Массимо Рагнед: – Медиадағы кездесетін мәселелер олардың шешу жолдары да оңай еместігін меңзейді. Әлемді жаулаған әлеуметтік желілер объективтіліктің жолын кеседі. Алқалы жиынға арнайы келген 150-ден астам делегат өз тұжырымдамаларын ортаға салады деген сенімдемін, – деді.
Секциялық жұмысқа жалғасқан конфенренция қатысушылары журналистика саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар мен белсенді студенттердің жобаларымен танысты. Қазақстандық журналистердің басын қосқан «ТМД журналистік білім беру мәселелері» атты дөңгелек үстелде саланың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, бірнеше елдердің тәжірибелері таныстырылды. Беларусь мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің деканы Ольга Самусевич өз еліндегі журналистік білім берудегі кейбір мәселелердің басын ашты. Өзбекстанның ашылғанына бірнеше жыл болған Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры Шерзод Кудратходжаев университет алдындағы міндеттерге, оқыту процесіне кеңінен тоқталып, әріптестерін тәжірибе алмасуға шақырды. Мұнан басқа Қырғыз-Ресей университетінің профессоры Алексей Куликовский, Финляндияның Тампере университетінің профессоры Каарле Норденстринг, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің деканы Е.Вартанова, Санкт-Петербург университетінің профессоры Анатолий Пую қатысты. Дөңгелек үстел барысында облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина БАҚ-тың құндылықтары мен медианың жұмысы, жас мамандарды даярлаудағы өз тәжірибесінде кездескен проблемалары туралы өз ойымен бөлісті. «Сыр Медиа» ЖШС-і бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов әріптестеріне ақпарат құралдарын толғандыратын мәселелердің бірі газеттердің болашағы мен сайт жұмысы туралы сауалын жолдап, пікір алмасуға шақырды. Журналистика мамандығының майталмандарының пікірінше газеттің өмірі аға ұрпақ тұрғанша қажеттілігін жоймайтынын, ал, былайынша газет келешекте цифрлық деңгейге жетіп, артық шығындардың жойылуына әкеледі. Яғни баспахана қажеттілігі, қағаз, бояу, техникалық құрылғы бұл жерде артық шығын болып есептеледі. Бұл әрине, келешектің еншісінде. Әзірге, газет-журналдардың өз оқырмандары бар.
Жоғары деңгейде өткен конференция оның әрбір қатысушысына тың идеялар беріп, ақпарат таратудың бүгінгі формасы мүлдем жаңа сипат алғандығына көзімізді жеткізді. Жалпы қазіргі қоғамға жаңа заманға сай медиа қажет, яғни дәстүрлі басылымның бәсекеге қабілетті болуы өміршеңдігін көрсететіні ақиқат.
Журналистерді дайындауда озық үлгісімен дараланған М.Ломоносов атындағы журналистика факультеті шын мәнінде ең тәжірибелі де үлгілі мүмкіндіктерімен ерекшеленген. Болашақ журналистер факультеттің мультимедиялық орталығында ақпарат таратудың озық түрлерін үйреніп, өз қабілеттерін дамытуда.
Мәскеуге сапар барысында Сыр елінің журналистері Ресейдегі жоғарғы оқу орнында оқып жатқан бір топ студенттермен кездесті. Кездесу кезінде студент жастар өз ойларын ортаға салып, Сыр өңірінің қазіргі даму үдерісін тілге тиек етті. Сондай-ақ, осындай мүмкіндікті берген аймақ басшысына ризашылықтарын білдірді.
Бибісара ЖАНӘЛІ,
Қызылорда – Мәскеу – Қызылорда