Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕЙІРІМДІ МЕЙІРБИКЕ

МЕЙІРІМДІ МЕЙІРБИКЕ

Ауданға еңбегі сіңген белгілі азамат марқұм Жомарт Ақпанбетов бір күні ауруханадан емделіп шығып келе жатып: «Әй, осы біз бар ризашылығымызды дәрігерге білдіреміз. Дұрыс қой, дәрігер ауруымызды анықтап, ем-шара тағайындайды. Ал сол жұмыстың бәрін мейірбике атқарады. Инесін (укол) салады, жаныңда жүріп ем-дом жасайды. Олар да ерекше алғысқа лайық жандар ғой» деген екен.
Айтса айтқандай-ақ науқастардың емделуіне бар мейірін салатын мейірбике жұмысы айрықша құрметке лайық. Өйткені, қаншама науқастың емін жасап, әрқайсысының жағдайына қарау кез келгеннің қолынан келетін іс емес. Оның үстіне, емделушілердің уақытылы ем қабылдауын, үнемі бақылауда болуын қадағалау ақ халатты абзал жандардың басты міндеті. Осы міндетін бүгінде абыроймен атқарып жүрген мейірбикелердің бірі – Айгүл Әлиханқызы Егізбай.
Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкері отыз жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Өзі жұқпалы аурулар бөлімшесіне көптеген науқастар түседі. Әсіресе, қазіргідей күн жылығанда жұқпалы аурулардың дендеп кететіні бар. Міне, осындай шақта науқастардың емшарасын жасауда тәжірибелі мейірбике бар күш-жігерін салуда.
– Басты байлық – денсаулық. Денің сау болса, жаның да сау. Ал кейде адамдар айналадағы қоршаған ортаның салдарынан, иммунитеттің әлсіздігінен инфекциялық ауруларға тап болып жатады. Сондай кезде аса сақтық қажет. Біздің міндетіміз де сол – ем алушылардың аурудан айығып, үнемі сақ болып жүруін қадағалау, – дейді Айгүл Әлиханқызы.
Жақында ғаламтордан бір дәрігердің кішкентей баланы ойнатып отырып, жылатпай вакцина салғанын көргендер бар шығар. Айгүл Әлиханқызы да сондай қолы жеңіл, дәрі еккенін білдірмейтін, жүрегі мейірімге толы жан. Осындай еңбегімен отыз жылдан бері тәжірибелі мейірбике ықыласқа бөленіп келеді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
08 наурыз 2019 ж. 1 282 0