Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос қуаныш иелері немесе 8 наурызда туған жандар

Қос қуаныш иелері немесе 8 наурызда туған жандар

Көктем келсе, табиғат түлеп, Жер-Ананың тоң кеудесі жібиді. Тиісінше, шуақты мезгілде адамдар да жадырап, мерекелі көңіл-күйде болады. Оған себеп те бар. Өйткені, көктемнің алғашқы күнінде бір-біріне алғысын жеткізетін халық мерекелердің ішіндегі аяу­лы аналардың, құрметті қыз-келіншектердің мейрамын ерекше атап өтеді. Ал біз айтқалы отырған кейіпкерлеріміз бұл күнді өзгелерден де айрықша асыға күтеді. Себебі, олар халықаралық мереке күні іңгә­лап, дүниежарыққа келген жандар.



Шұғылалы көктемнің мерейлі мере­кесінде өмір есігін ашқан Құрманкүл Шаңбайқызы бүгінде ұл-қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Құрманкүл десе көбісі біле бермейтін шығар, ал Құрмаш әжені көпшілік таниды. Құрметті жан Қырғызстанның Джалал-Абад жерінде 8 наурызда дүниеге келіп, жас кезінде осы өңірге келген.
– Мен Құрбан айт кезінде өмірге келгенмін. Соған байланысты есімімді Құрманкүл қойған. Жас кезімде әкем өмірден өтіп, нағашы әкем Асан осы жердегі Майлықұм колхозына әкелді. 1940 жылы Майлықұмдағы «Қызылту» мектебінің алғаш табалдырығын аттадым, – деп өмір белестерін айта бастаған аяулы әже жас кезі сұм соғыспен тұспа-тұс келгендігін жеткізді. Төрт жылдық мектепке барғаннан кейін бір жылдан соң қанды қырғын басталған. Сол кезеңдерде жас қыз колхоз жұмысына араласып, егін еккен. Өгізбен жүріп жер жыртып, егінді қолмен орып, жинаған. – Күн ыстықта бидай дәндері шашылып қалатын болған соң, таңғы шықта егін жинау жұмысы қызу жүретін еді, – дейді жастайынан бейнет көрген ардақты жан. Колхозда жүріп 1950 жылдың 20 қарашасында Қанибекке тұрмысқа шығып, ХХІ партсъездге келін болып түседі. Мұнда да колхоз жұмысына араласып, бақшалық дақылдарды еккен. Қара жұмыс жасап жүріп қара шаңырақтың берекесін келтірген. Колхоздан кейін кәсіптік-техникалық училищеде, одан кейін 1977-1983 жылдары мектепте жұмыс жасайды. Сол жерден құрметті зейнет демалысына шыққан. Бір шаңырақтың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүріп, Құрмаш әже 5 ұл, 2 қызды өмірге әкелген. Отағасымен бірге тағлымды тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Бүгінде олардан 26 немере, 29 шөбере сүйіп отыр.
– Шуақты мерекеде туған ерекше қуаныш қой. Балаларым жыл сайын құрмет көрсетіп, сыйлық жасап жатады. Маған олардың аман болып, немере-шөберелерімнің ортасында отырғаным зор қуаныш. Сол да жеткілікті. Осы күнімізге шүкір деймін. Барша әйел қауымын мерекемен құттықтаймын, – дейді бүгінде 86-ға келген құрметті Құрмаш әже.


Бақыткүл Смайлова да қос қуанышты қатар атап өтеді. Ол медицина саласының қызметкері. Бұл саланың майталманы болғанына биыл 37 жыл.
Медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан А.Тоқмағанбетов ауылында халықаралық мереке күні өмірге келген. Жас кезінде ата-анасы аудан орталығына көшіп келіп, осында білім алған. Ал 1979 жылы Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түсіп, екі жылдан кейін «Мейірбике ісі» мамандығын игеріп шығады. Жас маман еңбек жолын 1981 жылы аудандық аурухананың хирургия бөлімінде бастайды. Осында тәжірибе жинай жүріп, 8 жылдан соң хирургия бөлімінің оташы бөлімшесінің мейірбикесі жұмысына ауысқан. Содан бері аталған қызметте жалықпай, еңбексүйгіштігімен көзге түсуде. Жоғары санатты мейірбике ұзақ жыл бойына жемісті еңбек етіп, медициналық шараларды жетік меңгерген. Оташы бөлімшесінде жүрген ол адам жанының арашасы болып, көптеген оталарға қатысқан. Жылына мұнда 250-дей ота өтсе, 29 жыл ішінде қанша отаға қатысқанын есептей беріңіз. Осы күнде ақ халатты абзал жан аудандағы біраз баланың кіндік шешесі атанған. Өз ісіне адал Б.Смайлова ем алушылардың алғысына бөленіп, елеулі еңбегі үшін аудан әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудандық аурухананың «Алғыс хаттарымен» марапатталған.
– 8 наурыз аналардың, қыз-келіншектердің мерекесі екені өз алдына, менің дүниеге келген күнім. Бұл күні ағайын-туыс, құрбы-достарым, ұжымым жиналып, қос мерекемен құттықтайды. Осындай ерекше күні туылғаныма мен өзімді ең бақытты адаммын деп санаймын. 8 наурызда бәрі де маған ерекше сыйлық жасайды, – дейді Бақыткүл Балтабайқызы.



Оқу озаты Орынай да осы күні туған. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде 6-сыныпта оқитын жас өрен өнерімен көпшілікті тәнті етуде. Ол «Балауса» халықтық би ансамблінің бишісі. Республикалық, облыстық байқауларға қатысып, биік белестерден көрініп келеді. Атап айтар болсақ, Алматыда, Қызылордада өткен «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық өнер жарысына, Байқоңыр қаласында өткен байқауларға қатысып, жүлдегер атанды.
Он екіге толған Орынай – Нұрлан Ізтаев пен Гүлназ Таңсықбаеваның тұңғышы. Өзінен кейін сіңлісі бар. Талантты қыз мек­тепішілік, аудандық пән олимпиадаларына қатысып та өз білімділігін дәлелдеп жүр.
– Жыл сайын туған күнімді асыға күтемін. Әсіресе, ата-анам бұл күні ерекше дайындалады. Әкем үйде анамды және бізді мерекемен құттықтап, тілегін айтады. Ал мен өз өнерімді көрсетіп, қызықты өткіземіз. Негізі, менің арманым – журналист болу. Ол үшін жан-жақты білім алуға талпынып жүрмін, - дейді арманын жеткізген туған күн иесі.
Бір әулеттің берекесі, жанұяның мере­кесі болып отырған ардақты аналар мен аяулы қыз-келіншектер көктем мерекесінде құлпырып, күн шуағын шашқандай нұрлана түседі. Оның үстіне қос мереке қатар келгенде жадырап, жайнап сала береді. Өйткені, әсемдік пен әдемілік осындай қуаныштарда орын алып, асыл жандар көктеммен бірге гүлдей құлпырады. Осынау айрықша мерекеде барша аяулы жандарды мерекемен құттықтаймыз.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 наурыз 2018 ж. 1 465 2

Гость JeaOrer от 28 ақпан 2019 17:28
Typical Adult Prescription For Amoxicillin Alli Shopping Comprar Cialis 10 Mg levitra peligroso Lasix Drug Test Cialis Konstanztherapie Find Clobetasol 30g

Гость JeaOrer от 16 наурыз 2019 18:11
Supremesuppliers Zithromax Z Pak Dosing generic cialis overnight delivery Amitiptyline Without Prescription In Uk Best Deal On Silagra Ed Drugs Online