Қазақстандағы барлық рейстік автобустар тексерілетін болды
Қазақстан аумағындағы барлық жолаушылар және жүк тасымалдайтын рейстік автобустар тексеріледі. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл істі ҚР ИДМ Көлік комитетінің инспекция қызметкерлері мен ҚР ІІМ қызметкерлері бірлесе атқарады.“22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында өтетін жедел-профилактикалық шара аясында ауданаралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық қатынаста жолаушыларды және багажды тасымалдайтын көліктер мен жүргізушілер тексерілетін болады”, — делінген хабарламада.
Жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың және жеңіл көліктердің техникалық ақауы болса және қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда шаралар қолданылады.
Сонымен қатар, жасырын маршруттарды анықтау үшін көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері мен қоғам өкілдерінен тұратын мобильдік топтар құру туралы шешім қабылданды.
Рейс алдында автомобильдің міндетті техникалық және жүргізушінің медициналық байқаудан өтуіне, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауларына баса назар аударылады.
Республикамыздың автомобиль жолдарындағы жолаушылар мен багаж тасымалдау мәселелері бойынша «Рубеж» қарау-бақылау бекеттерінде бақылауды күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылданады.
Еске сала кетейік, 18 қаңтарда Ақтөбе облысында өртенген жолаушылар авобусы жүргізушісінің жолаушы тасымалдауына лицензиясы жоқ және автобустың міндетті техникалық байқау мерзімі өтіп кеткен еді.